Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
АСТАНА, 28 қаңтар-Sputnik. Петропавл тұрғыны алаяқтарға 15,5 млн теңге аударып жіберген.
58 жастағы ер адамға "энергетикалық компаниядан" қоңырау шалып, СМС-пен келген кодты жазып жіберуін сұраған.
Кейін "банк қызметкерлерінің" атынан оған онлайн-кредиттер рәсімделіп жатқаны туралы хабарлап, оны болдырмау үшін "айна" кредиттерін алып, ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуға көндірген.
"Кейінірек алаяқтар жәбірленушінің пәтері сатылымға шығарылғаны туралы мәлімдеген. Олар тұрғын үйді алып қалу үшін ер адамды бір бөлмелі пәтерін шұғыл сатып, түскен қаражатты сол шотқа аударуға көндірген", - дейді облыстық полиция департаменті.
Ақша ұрланған. Жалпы шығын 15 млн теңгеден асты. Полиция қылмысқа қатысы бар адамдарды, дропперларды анықтап жатыр.
Құқық қорғау органдары SMS-тен кодты айту туралы өтініштер, несиелерді рәсімдеу және ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару туралы талаптар - бұл алаяқтықтың белгісі екенін еске салады.