Петропавл тұрғынының коллекциясында үш мың қуыршақ сақталған

24.03.2026

Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

— Анна, қуыршақтарды жинауға әуесқойлық қалай басталды?

— Мен Ақмола облысы Савинка елді мекенінде дүниеге келгенмін. Қуыршақ жинауды кішкентайымнан бастадым. Мектепте оқып жүргенде 12 қуыршағым болатын. Барбидің жаңа шығып жатқан кезі. Менде үш Барби және бір Кен болды. 11 сыныпты бітіргеннен кейін 17 жасымда Петропавлға келдім. Сол кезде қуыршақтарымды ауылға қалдырып кеттім.

Петропавлда көркемөнер лицейін «Суретші» мамандығы бойынша бітіргенмін. Кейін «Дизайн-интерьер», «Көгалдандыру шебері» мамандықтарына оқыдым. Тұрмысқа шықтым, тұңғышым туғаннан кейін қуыршақтарымды ауылдан алып кетуге бардым. Бірақ Нина атты үлкен, 4 жасымда әжем сыйлаған Виолетта атты қуыршақтарым және Барбилер ғана қалған екен. Өйткені біз отбасында алты баламыз, мен екіншісімін, менен кейін төрт інім бар.

Фото: Анна Ляшенконың жеке мұрағатынан

Ал қуыршақтарды жинауға қызым туғаннан кейін ден қойдым. Ол ойыншықтармен ұқыпты ойнайтын. Сол себепті қуыршақтарды жиі сатып алатын болдым. Кейін туған күнге сыйлай бастады. Қызымның 12 жасында есептегенде коллекцияда 200 қуыршақ болды. Оның ішінде 15 шақтысы кеңестік ойыншықтар, қалғандары Барбилер мен жаңадан шыққан қуыршақтар еді.

Биыл бұл қуыршақтарды жинап жүргеніме 21 жыл толады. Қазір олардың саны шамамен 3 мыңға жеткен. Тек Барбидің ғана 800-ден астамы бар. Кеңестік қуыршақтардың саны 300-ден асады.

Фото: Анна Ляшенконың жеке мұрағатынан

Коллекцияңызда қандай қуыршақтар бар? Олар бір-бірінен немен ерекшеленеді?

— 1920-30 жылғы соғысқа дейінгі қуыршақтар да бар. Олар қазір қымбат тұрады, бір ерекшелігі — адам көздерінің протезі қойылған.

Қуыршақтар көлемі, түр-түсімен ғана емес, жасалу жолымен де ерекшеленеді. Коллекциямда қолдан жасалған қуыршақтар да бар. Арасындағы ең кішкентайы — полимер саздан жасалған қуыршақ. Сондай-ақ ең бірінші Барбидің алтыншы репликасы сақталған. Mattel шығарған брендтелген қуыршақ та, өте сапалы жасалғандары да, шетелдік қуыршақтар да бар.

Олар түрлі материалдан — фарфор, пластиктен, матадан, винилден, резеңкеден, тортулоннан, тығыздалған ағаш үгіндісінен жасалған.

— Жаңа қуыршақтарды қайдан аласыз? Егер құпия болмаса, осы хоббиіңізге қанша қаражат жұмсайсыз?

— Бұған дейін мен өзім жұмыс істейтін ботаникалық бақта Барби қуыршақтардың, ашық хаттардың, Аяз Ата ойыншықтарының көрмелерін ұйымдастырдым. Мұны көрген қала тұрғындары маған қуыршақтарын әкеліп тапсырды. Балалары өскеннен кейін туыстарым мен таныстарым да сыйлап жатады. Кей коллекционерлер құны 100-200 мың теңге тұратын Барбиді жинайды. Менің жинағымды қуыршақтарға арналған «паналау орны» деп айтуға болады. Өйткені мен кез-келген қуыршақты қабылдап, сынғанын жөндеп, желімдеп, қалпына келтіремін. Олардың әрқайсысының өз тарихы, оқиғасы бар, сондықтан далаға тастауға қимаймын.

Қуыршақтар қолыма әртүрлі күйде түседі. Кейбірін жөндеуге тура келді. Бір танысым басы жарылған фарфор қуыршақты әкелді, мен оны толық қалпына келтірдім. Бірақ, бетін боямай, желімделген күйі қалдырдым.

Фото: Анна Ляшенконың жеке мұрағатынан

Ал қымбат Реборн қуыршағын 4 жыл бұрын ерте көктемде қоқыс контейнері жанынан таптым. Пакетке салып, қалдырып кетіпті. Еш жері сынбаған, бөтелкесі, жөргегі, тіпті, сертификаты да бар, тек сөйлемейді. Қоқыс жанынан алуға ұялған жоқпын, керісінше, оны аман алып қалғаныма қуандым. Өте әдемі қуыршақ. Осындай қоқыстан құтқарылған қуыршақтар менде өте көп. Кейбірін үйге әкелгенде кір, қорқынышты болады. Ал жуғаннан кейін өзгеріп шыға келеді.

Кей адамдар «сен бұл қуыршақтардан қорықпайсың ба, мүмкін оған сиқыр жасап, лақтырып тастаған шығар, ал сен оны алдың» дейді. Жоқ, қорықпаймын. Менің жатын бөлмемде де, қызымның бөлмесінде де қуыршақтар тұр.

— Коллекцияңызды не үшін жақсы көресіз, ол сізге не береді?

— Ер адамдар мысалы, аңшылықты, балық аулауды ұнатады ғой. Кей әйелдер гүлдерді жақсы көреді. Маған қуыршақтарым жақсы көңіл-күй сыйлайды. Балалаық шақты еске түсіреді, достарыңмен ойнаған сәттер, бірге өткізген қызықты күндер еске оралады, бір сәт күйбең тірлікті ұмыттырады. Біз 12-13 жасымызда да қуыршақ ойнап, жаңасын сыйласа мәз болатынбыз. Қазір балалар қуыршақпен көп болса 4 жасқа дейін ғана ойнайды. Олардың есіл-дерті — ұялы телефон.

Достарым мені біртүрлі, «қызық» адам деп санайды. Өйткені мен тастарды да жинаймын. Күн жылынысымен екі көзім жерде болады. Былтыр үй жанына жаңадан жол төседі. Әкеп төккен қиыршық тас арасынан көптеген минералды таптым. Осылайша өз коллекциямды, ботаникалық бақтағы тастар жинағын толықтырдым. Петрофил құрбыма да бірқатар үлгісін сыйладым.

Бұдан бөлек сәнді түйреуіштер, банкноттар, монеталар, маркалар, құс ұяларын, қауырсындарын, тоқсаныншы жылдардағы сағыздардың жапсырмаларын да жинаймын. Бес альбом декупаж майлықтары бар. Кей адамдар бір затты ғана жинаса, мен маған ұнаған бұйымдардың барлығын жинаймын және оның барлығын балалық шағымнан жинап келемін.

Гүлдерді қатты жақсы көремін, сол себепті де ботаникалық бақта еңбек етемін. Үйімде 9 аквариум балық, тасбақа, геккон, үлкен өрмекші, Мадагаскар тарақаны бар.

Қолөнермен де айналысып, барельеф картиналар жасаймын. Сурет те саламын. Балық аулаумен, фотоға түсірумен әуестенемін.

Бұған дейін Петропавлдағы ботаникалық бақта тастардың ерекше коллекциясы сақталғанын жазған едік.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью