Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, Петропавлдағы көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 366 км. Қыста жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мақсатында қала аумағы тоғыз секторға бөлінген. Қазіргі уақытта жолдарды тазалау және күтіп-ұстау жұмыстарына 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Боранда қажеттілікке қарай олардың саны 170-ке дейін жеткізіледі.
Алдымен магистральдық көшелер, тротуарлар және әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар тазаланады. Қыс басталғалы бері қала аумағынан 190 мың текше метр қар шығарылған.
«КазМехМонтаж» ЖШС қарамағында 40-тан астам техника бар. Олардың ішінде автогрейдерлер, МТЗ базасындағы щеткалар, көшелерге реагент себуге арналған жол машиналары және 15 жүк көліктері бар. Барлық арнайы техника GPS-трекерлермен жабдықталған, бұл олардың қозғалыс бағыттарын, орналасқан жерін және жұмыс уақытын бақылауға мүмкіндік береді.
Көшелерді тазарту күн сайын, негізінен түнгі уақытта жүргізіледі, себебі күндіз көлік қозғалысының көптігіне байланысты жұмыстарды орындау қиындайды. Жеке сектор тұрғындарынан түскен өтініштермен күндізгі арнайы бригада жұмыс істейді.
Сонымен қатар облыс орталығында коммуналдық салада цифрлық бақылау күшейтіліп жатыр. Жақында көшелерден қар шығару және жолдарды тазалау жұмыстарын есепке алатын жасанды интеллект жүйесінің алғашқы таныстырылымы өтті. Бұл жүйе атқарылған жұмыстардың көлемін автоматты түрде тіркеп, арнайы техниканың қозғалыс маршруттарын талдауға және қар шығару бойынша көрнекі статистика қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, ЖИ енгізу процестердің ашықтығын арттырып, бақылауды жеңілдетуге және қысқы кезеңдегі жұмыстарды тиімді жоспарлауға бағытталған.
Бұған дейін Алматы көшелерінен 11 мың текше метрден астам қар шығарылғанын жазған едік.