Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Полицейдің батыл әрекетін куәгерлердің бірі видеоға түсіріп, бейнежазба әлеуметтік желіде тарады.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 12 наурыз күні шамамен сағат 14:00 шамасында болған.
Сол күні Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны взводының командирі Тимур Байғужинов автопатрульдердің жұмысын тексеріп жүрген. Интернационал көшесінде жүрген кезде оған жаяу патрульде болған инспектор Жанболат Кемел «Жанар» дүкенінің маңындағы тротуарда зейнеткер әйелдің жатқанын хабарлаған. Куәгерлердің айтуынша, әйел кенеттен өзін жайсыз сезініп, жерге құлаған.
Жақын маңда болған Тимур Байғужинов дереу оқиға орнына жетті. Алғашында полицейлер әйелмен сөйлескен, алайда көп ұзамай ол есінен танып қалып, денесі құрыса бастаған. Кейін тынысы нашарлап, жүрегі тоқтағандай болған.
Полиция капитаны бірден әрекетке көшіп, дәрігерлердің келуін күтпей әйелдің жүрегіне жанама массаж жасай бастады. Дер кезінде көрсетілген алғашқы көмек өз нәтижесін беріп, біраздан соң әйелдің тынысы қалпына келді. Көп ұзамай оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы науқасты өз қарауына алып, ауруханаға жеткізді.
Тимур Байғужиновтың айтуынша, әр полиция қызметкері үшін алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын меңгеру маңызды. Жақында облыстық жедел медициналық жәрдем орталығында өткен арнайы курстарда патрульдік полиция қызметкерлері осы білімдерін жетілдірген. Сол дайындықтың арқасында полицейлер төтенше жағдайда тез шешім қабылдап, адам өмірін сақтап қалды.
Бұған дейін Астанада фельдшерді ұрған адам қамауға алынғанын жазған едік.