24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Волонтёр болу жасқа қарамайды.
Петропавлда «Күміс еріктілер» қоғамдық қозғалысы құрылды. Оның құрамына тек қана егде жастағы адамдар қабылданады. Бүгінде олар түрлі қайырымдылық шараның бел ортасынан табылып, жастарға үлгі болып жүр. Бұл жолы зейнеткерлер құстарға жем салатын ыдыстар дайындап, орталық саябақтағы ағаштарға іліп қойды.
Петропавлдық зейнеткерлер бүгін тағы бір игі шараға ұйытқы болды. Олар пластик құтыларды кәдеге жаратып, құстарға арналған жемсауыттар жасап жатыр. Осылайша еңбек демалысына шыққан адамдар қоғамға пайдасын тигізіп, жастарды мейірімділікке баулиды.
Елена Чумакова, «Күміс еріктілер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:
- Қыстың 30 градустық аязында құстарға өте қиын. Олар күннің суығында азық таба алмай, үсіп қалуы мүмкін. Сондықтан біз осындай шара ұйымдастырып, жақсылық жасауға бастамашыл болдық. Менің бұл ісімді немерем де қолдады.
Зейнеткерлер қолдан жасалған жемсауыттарды азыққа толтырып, орталық саябақтағы ағаштарға іліп қойды. Осылайша олар қыстың суығында құстарға қамқорлық танытты. Жас буынға жақсылық жасаудың жарқын үлгісін көрсетті.
Бейбіт Әбілов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
- Күміс еріктілер» қатарында 20-дан аса кісі бар. Олар осы барлығы зейнеткерлер. Қолдары бос уақытта келіп, әр уақытта осындай науқан болса, олар осында келіп, өздерінің ұсыныстарын айтып, қандай жерде қандай көмек керек, қандай жұмыс істеу керек өздері ылғи ұсыныс беріп тұрады.
Зейнеткерлерден құралған «Күміс еріктілер» қозғалысы қаладағы қоғамдық іс-шаралардан қалыс қалмайды. Олар жастармен бірге сенбіліктерге шығып, жалғыз тұратын қарияларға да көмектесіп тұрады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков