Петропавлда жаңа мектеп мәзірі дау туғызды: тағамның 80% желінбей қалады

27.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Бұл мәселе Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қаралды.

Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы

Асханаларды жалға алушылардың мүддесін қорғайтын «Ботақан» қоғамдық бірлестігінің мәліметінше, бірқатар позициялар бойынша желінбеу коэффициенті 80% дейін жеткен. Ал қолданыстағы стандартқа сәйкес, егер тағамның 30% астамы желінбей қалса, ол «жоғары тәуекел аймағына» енгізіліп, мәзірді қайта қарау қажет. Балалар көбіне балық котлетін, жасыл бұршақ гарнирін, орамжапырақ орамасын және сәбіз-картоп езбесін жемейді.

Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы

Кәсіпкерлер тағамды бекітілген мәзірге сай дайындайтынын, дәм сапасына шағым жоқ екенін айтады. Алайда ата-аналар тарапынан кінә тағылып, барлық жауапкершілік асхана иелеріне артылып отырғанына наразы.

Мемлекеттік органдардың 19 ақпандағы бірлескен кеңес хаттамасына сәйкес, жеткізушілер енді ата-аналар жиналыстарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалардың белгілі бір тағамдарды не себепті жемейтінін талдауы тиіс. Алайда Кәсіпкерлер палатасының өкілдері бұл міндет бизнес құзыретіне кірмейтінін алға тартты.

Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы

— Бұл хаттамада кәсіпкерлердің «Ботақан» қауымдастығына жекелеген тағамдардың желінбеу себептеріне талдау жүргізіп, оның нәтижелерін қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін білім басқармасы мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолдау тапсырылған.

Алайда бұл функцияларды орындау кәсіпкерлік субъектілерінің де, сондай-ақ мұндай өкілеттіктері жоқ қауымдастықтың да құзыретіне кірмейді. Біздің пікірімізше, тамақ сапасын, дайындау тәсілдерін және өзге де мәселелерді айқындауға қажетті барлық әрекет осы қолданыстағы стандартта нақты белгіленген, — дейді кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ольга Достлер.

Өз кезегінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті стандартқа сәйкес мәзірді мектеп директоры бракераж комиссиясымен бірлесіп өзгерте алатынын түсіндірді. Дегенмен тәжірибеде мектеп басшылары жоғарыдан нақты нұсқаусыз жауапкершілік алуға асығар емес.

Кеңес төрағасы Инесса Куанованың айтуынша, мәселе шешілмейінше балалардың бір бөлігі аш қалып, ал жаңа мәзірге бөлінген бюджет қаражаты қоқысқа кетіп жатыр.

Бұған дейін Атырау қаласындағы мектептердің оқушыларын ыстық тамақпен қамтып отырған кәсіпкерлер әр оқушы үшін бөлінетін ақшаны 1 мың теңгеге жеткізуді сұрағанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью