ПИК ті қайта тіркеу: мыңдаған төраға жұмыссыз қалуы мүмкін бе?

17.08.2026

Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Қазақстандағы пәтер иелері кооперативтері басқару органдары болудан қалып, сервистік компаниялар секілді басқару субъектілеріне айналды. Бұл ретте ПИК басшысы өзінің біліктілігін растауы тиіс.

Поделиться

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТҮКШ) саласындағы сарапшылар Александр Разумовский мен Павел Шульгин Tengri Номе үшін жазылған авторлық бағанда нарықта қазір не болып жатқанын және заң шығарушылар ПИК төрағаларына қандай талаптар қойғанын түсіндіреді.

ПИК енді үйді басқармайды, қызмет көрсетеді

Кейінгі апталарда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару нарығы айтарлықтай жандана түсті.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша түзетулер күшіне енгеннен кейін бір жылға жуық уақыт бойы көптеген пәтер иелері кооперативтері (ПИК) ешқандай өзгеріс болмағандай жұмыс істей берді.

Дегенмен, 2026 жылғы 11 шілдеден бастап тұрғын үй инспекциялары, әділет органдары және ПИК басшыларының өздері қайта тіркеу және мәртебені растау мәселесіне жаппай орала бастады.

Себебі қарапайым. 2025 жылғы 15 шілдеден бастап ПИК бұрынғы түсініктегі басқару органы болуды тоқтатты. Бүгінде ПИК - пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелеріне қызмет көрсететін кондоминиум нысанын басқару субъектілері ("Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР Заңының, атап айтқанда, 47–51-1-баптармен және басқару субъектілері туралы ережелермен).

Бұл мүлдем басқа құқықтық модель. "Үй иесінен" қызметті орындаушыға көшу. Бұрын ПИК төрағасы іс жүзінде үйдің жетекшісі ретінде қабылданса, енді заң шығарушы басқарудың философиясын өзгертті.

Александр Разумовский

"Құқық аумағы" ҚБТ кеңесінің төрағасы

Бүгінде:

меншік иелері - қызметке тапсырыс берушілер; кондоминиум нысаны меншік иелеріне ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі; ПИК немесе басқарушы компания кондоминиум нысанын басқару бойынша қызметтерді орындаушы болады.

Сондықтан басқару субъектілерінің өздеріне қойылатын талаптар айтарлықтай өзгерді ("Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 51-4 және 51-5-баптары).

ПИК төрағасы курстарының куәлігі сертификат емес

Мыңдаған ПИК төрағасы өз біліктілігін растау қажеттілігіне тап болғаннан кейін, нарықты түрлі оқу орталықтары толтырды. Олардың көбі біліктілікті арттырудың қысқа мерзімді курстарын өткізе бастады. Оқу аяқталған соң тыңдаушыларға біліктілікті арттыру туралы куәлік берілді.

Кейбір оқу ұйымдастырушылары мұндай куәлік көппәтерлі тұрғын үй басқарушысының сертификаты екеніне деп сендіреді. Бұл заңнама талаптарына сәйкес келмейді. Куәлік пен сертификат - екі бөлек құжат.

Павел Шульгин

кондоминиумдарды басқару қауымдастығының басқарма төрағасы

Мынадай түбегейлі айырмашылықты түсіну қажет: біліктілікті арттыру туралы куәлік тек оқудан өткенін растайды. Ол адамның курсты тыңдағанын айғақтайды. Бірақ ол кәсіби біліктілікті тану рәсімінен өткенін растамайды.

Көп пәтерлі үйдің басқарушысының (ғимараттың тұрғыны емес) куәлігі мүлдем басқа заңды мәртебеге ие. Ол - заңнамада белгіленген тәртіппен маманның құзыреттілігіне тәуелсіз бағалау жүргізу нәтижелері бойынша берілетін құжат. Бірін екіншісімен алмастыруға болмайды.

ПИК төрағасы заңның қандай талаптарына сай болуы керек?

Кондоминиум объектісін басқару субъектілеріне қойылатын талаптарға сәйкес ("Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР Заңының 15.07.2025 жылғы № 207-VIII редакциясындағы 51-4 және 51-5-баптары), басқару субъектілерінің құрамында кондоминиум объектісін басқару функцияларын жүзеге асыруға кәсіптік біліктілігінің танылғанын растайтын құжаты бар қызметкерлер болуы тиіс.

"Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР Заңының 10-9-бабы басқару субъектілерін мемлекеттік бақылау нысандарына жатқызады. Бұл тұрғын үй инспекцияларының заңнама талаптарының сақталуын, соның ішінде қызметкерлердің біліктілігін растайтын құжаттардың болуын тексеруге құқылы екенін білдіреді.

"Кәсіптік біліктілік туралы" ҚР Заңының 15-бабында арнайы заңдармен міндетті талаптар көзделген кәсіптер бойынша кәсіптік біліктілікті тану міндетті түрде жүзеге асырылатыны белгіленген.

"Көппәтерлі тұрғын үй басқарушысы" кәсібі Қазақстанның Кәсіптер тізіліміне енгізілген. Демек, заң шығарушы жай ғана оқуды емес, заңда белгіленген тәртіппен кәсіби біліктілікті растауды талап етеді.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 25 тамыздағы № 312 бұйрығымен көппәтерлі тұрғын үй басқарушысына қойылатын біліктілік талаптары бекітілді. Министрліктің ресми түсіндірмелерінде былай деп тікелей көрсетілген:

"көппәтерлі тұрғын үй басқарушысы" кәсібі міндетті кәсіптерге жатады; басқару субъектісінің кәсіби біліктілікті тану туралы құжаты бар қызметкерлері болуы міндетті; біліктілікті растаудың өзге нысандары заңнамада қарастырылмаған; бұрын берілген сертификаттар олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін ғана заңды күшін сақтайды; мемлекеттік бақылау басқару субъектілері қызметкерлерінің біліктілігін растайтын құжаттардың болуын тексеруді қамтиды.

Халықаралық және ұлттық стандарттар. Мамандардың құзыреттілігіне бағалау жүргізу кезінде мыналар қолданылады:

МЕМСТ ISO/IEC 17024-2014; ҚР СТ 2970-2023 "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық. Кондоминиум нысанын басқару. Жалпы талаптар"; ҚР СТ 2976-2023 "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық. Кондоминиум нысанының ортақ мүлкін күтіп ұстау. Жалпы талаптар".

Алайда маңызды құқықтық принципті түсіну қажет. Халықаралық және ұлттық стандарттар мамандардың құзыреттілігін бағалауды ұйымдастырудың әдістемелік негізі болады. Олар бағалау рәсімдеріне, емтихандарға, сертификаттау органдарының тәуелсіздігі мен объективтілігіне қойылатын талаптарды белгілейді. Бірақ олар Қазақстан Республикасының заңнамасын алмастырмайды.

Әрқашан басымдыққа ие:

Қазақстан Республикасының Конституциясы; Қазақстан Республикасының заңдары; заңдарды орындау мақсатында қабылданған нормативтік құқықтық актілер.

Сондықтан ешқандай стандарт өздігінен "Тұрғын үй қатынастары туралы" және "Кәсіптік біліктілік туралы" заңдардың талаптарын алмастыра алмайды.

ПИК төрағалары біліктілік сертификатын қайдан ала алады?

Сертификатты тек аккредиттелген кәсіптік біліктілікті тану орталықтары береді. Төрағаларға 100 сұрақтан тұратын емтихан тапсыруға тура келеді. Ол онлайн немесе Астанадағы орталық кеңсесінде күндізгі нысанда тапсырылады.

Оқытумен бәрі айналыса алады. Бірақ сертификатты емтихан нәтижесі бойынша бір ғана орталық береді. Оларда басқарушы сертификатын алғандардың барлығының аты-жөні көрсетілген тізілім бар. Оған тұрғын үй инспекциясының рұқсаты бар.

Өнеркәсіп министрлігінің жауабынан: ICert халықаралық сертификаттау орталығы әзірге Қазақстандағы Ұлттық аккредиттеу орталығымен көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласындағы МЕМСТ ISO/IEC 17024-2014 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігіне аккредиттелген персоналды сертификаттау бойынша алғашқы орган болды. Қолданыстағы заңнама сертификаттаудан тек бір ғана сертификаттау орталығында өту құқығын шектемейді.

Бірақ әзірге аккредиттеу тек бір орталықта ғана бар.

Мынаны баса айту маңызды: "Атамекен" ҰКП-ның көппәтерлі тұрғын үй басқарушыларына дербес сертификат беруге ешқашан құқығы болған емес. Бұған дейін ол негізінен ерікті сипаттағы мамандықтар бойынша кәсіптік біліктілікті тану орталықтарын аккредиттеуді жүзеге асырып келді. Алайда 2026 жылғы шілдеде "Атамекен" ҰКП-ның бұл саладағы өкілеттіктері айтарлықтай қайта бөлінді. "Кәсіптік біліктілік туралы" ҚР Заңының 11-бабынан палатаға орталықтарды аккредиттеу туралы шешім қабылдауға, аккредиттелген орталықтардың тізілімін жүргізуге, олардың қызметіне мониторинг жүргізуге және жүйені жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге құқық беретін ережелер алынып тасталды.

Осылайша, не "Атамекен" ҰКП-ның, не қауымдастықтардың, не оқу орталықтарының көппәтерлі тұрғын үй басқарушысының кәсіптік біліктілігін растайтын құжат беруге құқығы жоқ. Курстар туралы куәліктерді осындай құжат ретінде көрсетуге тырысу - жұртшылықты адастыру.

Мұндай тәжірибе ПИК төрағаларын, үй кеңесінің мүшелерін және басқару органдарының бүкіл атқарушы құрамын жаңылыстырады. Адамдар ақшасын адал төлеп, қағаз алады да, заң талабын орындадым деп есептейді. Іс жүзінде олар біліктіліктің заңды растауынсыз қалады.

ПИК төрағаларының біліктілігіне қатысты бірнеше миф

№ 1 миф: "Оқу орталығының кез келген куәлігі басқарушы сертификаты саналады". Жоқ. Бұлар мүлдем басқа құжаттар.

№ 2 миф: "Егер курсты тыңдасаң - үйді басқара аласың". Жоқ. Оқу - бұл дайындық. Заңмен арнайы талаптар белгіленген функцияларды орындау құқығы заңнамада көзделген құжатпен расталады.

№ 3 миф: "МЕМСТ автоматты түрде сертификат беру құқығын береді". Жоқ. МЕМСТ ISO/IEC 17024-2014 персоналды сертификаттау рәсіміне қойылатын талаптарды белгілейді. Бірақ ол Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын жоймайды және алмастырмайды.

Қорытынды

Бүгінде ТҮКШ нарығы мүлдем жаңа кезеңге аяқ басты. ПИК-тер басқару органдары болуын тоқтатып, басқару субъектілеріне айналды. Бұл - жаңа жауапкершілік, жаңа талаптар және кәсібиліктің жаңа деңгейі деген сөз.

Сондықтан ПИК, басқарушы компаниялардың басшылары мен көпқабатты үйлердің басқарушылары жарнамалық уәделерге емес, заңнамаға мұқият үңілуі қажет. Оқудан өткені туралы куәлік - пайдалы құжат. Бірақ біреу оны басқаша атауды жөн көргені үшін ғана ол сертификатқа айналып кетпейді.

Құжаттың құқықтық маңызы оның атауымен емес, заңнама талаптарына сәйкестігімен анықталады. Оқудан немесе сертификаттаудан өтпес бұрын мына жайттарды анықтап алуды ұсынамыз:

қандай құжат аласыз; ол қандай заң негізінде беріледі; ол кәсіби біліктіліктің танылғанын растай ма; процедураның Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптарына ("Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 10-9, 51-4, 51-5-баптарына, Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 25.08.2025 жылғы № 312 бұйрығына және "Кәсіптік біліктілік туралы" Заңға) сәйкестігін тексеру қажет.

Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Ал көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласында мұндай қателіктің құны тым жоғары болуы мүмкін. 

Авторлардың пікірі редакцияның ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін. 

Авторлар туралы: Александр Разумовский - "Құқық аумағы" республикалық қоғамдық бақылау тобы кеңесінің төрағасы. Павел Шульгин - Республикалық басқарушы компаниялар қауымдастығының басқарма төрағасы.

Аударған: Нұрила Ермекбай

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

пәтер баспана тіркеу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью