Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Спикердің сөзінше, соңғы жылдары ұлттық нақыштағы киімдерге қызығушылық артқанымен, бұл бағыттағы өзекті мәселелер көбейген. Сын-пікірлердің басым бөлігі ою-өрнектердің дұрыс қолданылуына қатысты болса, енді бір бөлігі авторлық құқықтың сақталмауымен байланысты.
– Барлық ою-өрнекті зерттедім. 1000-ға жуық жинаған ою-өрнегім бар. Үйге қажетті ұлттық нақыштағы 100 топтама, 70-ке жуық киімдеріміз бар. Оның жартысының авторлық құқығы қорғалған, – дейді Қазипа Қалиқызы.
Дизайнердің айтуынша, бұған дейін оның бірнеше туындысы рұқсатсыз көшіріліп, нарықта арзан бағамен сатылған. Бұл жағдай авторлық қорғау мәселесінің өзектілігін айқын көрсеткен.
– Композициялық басымдық деген бар. Соның негізінде авторлық құқықты қорғаймыз. Бәсекелестік болу үшін плагиатқа жол бермеу керек. Себебі тәжірибеміздегі оқиға біршама экономикалық шығын әкелді, – дейді ол.
Қазипа Қалиқызы – 1997 жылы Қытайдан тарихи Отанына оралған қандас. Ол тігін саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Кәсіп жолын шетелде бастап, кейін Қазақстанда жалғастырған.
– 1994 жылы ҚХР-да, Алтайда шеберхана ашып, киімдерді жалға бердім, алғаш өзімнің топтамамды шығардым. Оның атауы – «Ұлттық үлгі өрнектері» болды. Сұраныс аз болатын, кейін көбейді.
Одан соң туған елге табан тіредік, елге қызмет етуді ойладық. Біртіндеп кәсіп жүйеленді. Соңғы жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық өндірісті, ұлттық киімдерді қолдауға қатысты айтқан сөзі серпін сыйлап, ұлттық киімдер трендке айналды, – деді ол.
Бүгінде дизайнер дәстүр мен заманауи стильді ұштастырып, жаңа бағытта жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, нарықта күнделікті киюге ыңғайлы ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс жоғары.
– Халық арасында жұмысқа киетін киімдер сұраныста. Киімдерді сақ кезіндегі петроглифтермен көмкереміз. Онда тұтас тарих жатыр, – дейді дизайнер.
Бұған дейін қазақстандық дизайнер Михаил Шайдоровтың Олимпиададағы тарихи жеңісіне арнап тігілген костюмнің қалай жасалғанын айтып берді.