Платформалық жұмыскер мәртебесі қашан нақтыланады?

20.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде шамамен 400 мың азамат Яндекс, InDrive, Wolt, Glovo секілді онлайн платформалар арқылы табыс табады. Олардың басым бөлігі жеткізу қызметі мен жолаушылар тасымалы саласында еңбек етеді.

Ұлттық статистика бюросы­ның мәліметіне сәйкес, елімізде 9 млн 320 мың адам жұмыс­пен қамтылған. Оның шамамен 24 пайызы немесе 2 млн 200 мың­ға жуығы өзін-өзі жұмыспен қам­тығандар мен бейресми еңбек нарығында жүрген азаматтар санатына жатады. Ал 2024–2025 жылдары платформалық жұмыс­пен қамтылған азаматтар бойынша 2,77 млрд міндетті әлеуметтік төлем аударылып, олардың жалпы көлемі 10,6 млрд теңгеден асты.

Платформалық жұмыспен қамтылғандар қызметін дербес және тәуелсіз негізде жүзеге асырады. Олар еңбек қатынастарына тән ішкі еңбек тәртібіне бағынбайды, жұмыс уақытын өздері белгілейді және тапсырыстарды еркін таңдай алады. Сондай-ақ геолокация мүмкіндігі арқылы өзіне қолайлы аумақта жұмыс істеуге жағдай жасалған. Бұл тұрғыдан алғанда олардың дәстүрлі сегіз сағаттық жұмыс кестесімен еңбек ететін қызметкерлерден белгілі бір артықшылықтары бар. Дегенмен аталған саланың шешімін таппа­ған мәселелері де жеткілікті.

Сенат депутаттарының айтуынша, онлайн платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың тұрақты табысы болғанымен, олардың құқықтық мәртебесі әлі күнге дейін толық айқындалмаған.

«Қазір платформалар са­лық агенті ретінде төлемдерді уақ­тылы ұстап отырғанымен, техни­калық қателіктер салдары­нан азаматтарға негізсіз берешек пен өсімпұлдар есептеліп жатады. Кейбір деректерге сәй­кес, 20 мыңнан астам орындау­шы мемлекеттік ақпараттық жүйе­лердің дұрыс жұмыс істе­меуінен салық және әлеуметтік төлемдер бойынша қиындықтарға тап болған. Бұл жағдай мемлекетке деген сенімді әлсіретіп, азаматтарды көлеңкелі табыс көздерін іздеуге итермелеуі мүмкін.

Сонымен қатар орындаушылар «тәуелсіз серіктес» ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде алгоритмдер арқылы қатаң бақы­лауда болады. Тарифтер, рейтин­­гілер, жұмыс белсенділігі мен тапсырыс беру тәртібі плат­фор­­ма арқылы реттеледі. Бұл ең­бек қатынастарына тән белгі­лер болғанымен, азаматтар ең­бек демалысы, уақытша еңбекке жарамсыздық төлемі, еңбек қауіпсіздігі секілді негізгі әлеуметтік кепілдіктерден тыс қалып отыр», деді сенатор Бек­болат Жексенбай.

Оның айтуынша, нақты еңбек нормалары мен ең төменгі сағаттық төлем мөлшерінің болмауы салдарынан көптеген жүргізуші мен курьер күніне 12–14 сағатқа дейін жұмыс істеуге мәжбүр. Шамадан тыс жүктеме олардың денсаулығына кері әсер етіп қана қоймай, жол қозғалысы қауіпсіздігіне де қатер төндіреді.

«Платформалар азаматтар­дың жұмыс істеуге арналған ак­каунттарын кей жағдайда ескер­тусіз бұғаттайды. Ал мұндай ше­шім­дерге шағымданудың неме­се сотқа дейін реттеудің нақты құ­қықтық тетіктері жоқ. Сондықтан ақпараттық қателіктерден туын­даған негізсіз берешектер мен өсімпұлдарды автоматты түрде жою тетігін енгізу қажет. Сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде жанармай мен көлік жөндеу шығындарын шегеру мәселесін қарастырған жөн.

Бұған қоса, заңнамада «тәуелсіз қызметкер» мәртебесін бекітіп, жүргізушілердің еңбек және демалыс режімін реттеу, сондай-ақ ең төменгі сағаттық төлем стандартын енгізу қажет», деді сенатор Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында.

Сенаторлардың сауалына жауап берген Премьер-ми­нистр Олжас Бектенов платфор­малардағы аккаунттарды бұғаттау мәселесіне қатысты түсініктеме берді.

«Мемлекеттік кірістер органдары жүйелік ақаулар туындаған жағдайда қателерді автоматты түрде түзету және шоттарды бұғаттау туралы шешімдерді кері қайтарып алу жұмыстарын қамтамасыз етеді. Техникалық қателіктер жедел түрде түзетіледі, ал негізсіз есептелген берешектер есептен шығарылады.

Сонымен бірге интернет-платформалардағы аккаунттарды бұғаттау пайдаланушылық келісімде көрсетілген талаптар негізінде жүзеге асырылады. Бұғаттауға заңнаманы бұзу, қажетті құжаттардың болмауы, көлік құралын мас күйінде басқару немесе басқа да құқыққа қайшы әрекеттер себеп болуы мүмкін. Мұндай шаралар тапсырыс берушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолданылады», делінген Үкімет басшысының жауабында.

Премьер-министрдің мәлі­метінше, қолданыстағы Салық кодексінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың ай сайынғы табысы 300 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, олар жеке табыс салығын төлемейді. Бұл ретте табыстың 4 пайызы көлемінде әлеуметтік төлемдер аударылады. Оның ішінде 1 пайызы – міндетті зей­нетақы жарнасы, 1 пайызы – әлеуметтік аударымдар, ал 2 пайы­зы – міндетті әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыру жарнасы.

Бұл төлемдер салық болып саналмайды, керісінше аза­маттардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық есептеу және төлеу рәсімі мобильді қосымша арқылы автоматтандырылған тәртіпте жүргізіледі», деді О.Бектенов.

Адвокат Шаймерден Бай­туғановтың пікірінше, еліміздегі платформалық жұмыскерлердің басым бөлігі еңбек шарты бойын­ша жұмыс істемейтіндіктен, олардың құқықтық мәртебесі платформа мен орындаушы арасындағы нақты қатынастарға байланысты анықталады.

«Платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың құқықтық мәртебесін анықтай­тын негізгі өлшемдерге жұмыс­ты ұйымдастыру тәсілі, платфор­маның бақылау деңгейі, жұ­мыс уақытын белгілеу тәрті­бі, тапсырмаларды бөлу, тариф­терді қалыптастыру және орындау­шының тәуекелдерді өз мойнына алуы жатады.

Егер жұмыс берушіге тән бақылау белгілері басым болса, онда еңбек қатынастарының бар екендігі жөнінде мәселе көтерілуі мүмкін. Кейінгі жылдары платформалық жұмыспен қамту мәселелері заңнамалық деңгейде реттеле бастағанымен, бұл сала әлі толық қалыптасып болған жоқ. Көптеген мәселе тәжірибе барысында шешіліп келеді», дейді заңгер.

Жалпы алғанда, платфор­малық жұмыспен қамту азамат­тық-құқықтық шарттар негізінде жүзеге асырылады. Үкімет басшы­сының мәліметінше, платформалар арқылы табыс тауып жүр­ген азаматтар өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қоғамдық бірлестіктер мен қауым­дастықтарға бірігуге құқылы.

Мәселен, олар Халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағына, Көлік құралдары жүргізушілерінің одағына, Автомобиль тасымалдаушылары мен экспедиторлары одағына және өзге де қоғамдық ұйымдарға мүше болып, өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік алады.

Дегенмен әлемдік тәжіри­бе көрсетіп отырғандай, платфор­малық жұмыскерлердің құқықтық мәртебесін нақты айқындау уақыт талабы болып отыр. Өйткені платформалық экономика қарқынды дамып, мұндай қызмет түрлеріне сұраныс күн сайын артып келеді.

«Бірқатар мемлекетте плат­формалық жұмыскерлер үшін қызметкер мен тәуелсіз мердігер арасындағы аралық құқықтық мәртебе енгізілген. Мұндай модель жұмыстың икемділігін сақтай отырып, әлеуметтік қорғау деңгейін күшейтуге мүмкіндік береді.

Ең алдымен плат­формалық жұмыскерлердің құқықтық мәртебесін нақтылау қажет. Сонымен қатар әлеуметтік сақтандыру жүйесін жетілдіру, аккаунттарды бұғаттау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, дауларды шешудің тиімді тетіктерін енгізу және еңбек қауіпсіздігі кепілдіктерін күшейту маңызды. Заңнама да еңбек нарығындағы жаңа форматтарға бейімделіп, азаматтардың еңбек ету құ­қығы мен әлеуметтік қорғалуын қам­та­масыз етуге тиіс», деді Ш.Байтуғанов.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью