Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
АСТАНА, 26 қаңтар – Sputnik. Абай облыстық полиция департаменті қызметтік көліктерді өрттеген зейнеткердің тура сол күні подъездің алдында мас күйінде ұсталғанын растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде полицияның екі көлігін өрттеген семейлік зейнеткердің видеосы тарады. Оның айтуынша, гаражда сыра ішкеннен кейін үйге кіргісі келген. Бірақ полицейлер оны аулада, тура подьездің алдында ұстап алған. Сосын бөлімшеге жеткізіп, айыппұл жазып берген. Ал зейнеткер шыққасын полицейлердің қызметтік көліктерін өрттеп жіберді.
Желіде полицейлерден "өш алған" ер адамды қолдап жатқандар аз емес. Себебі тәртіп сақшыларының әрекеті хаттама санын көбейту үшін жасалған деп санайды. Алайда зейнеткердің өзін сынап жатқан адамдар да бар.
Абай облыстық полиция департаменті сол күні зейнеткердің қалай ұсталғанын түсіндірді.
"25 қаңтарда "Юность" шағын ауданындағы әкімшілік аумақты аралау барысында учаскелік полиция инспекторлары бұрын сотты болған, 66 жастағы жергілікті тұрғынды анықтаған. Аталған азамат алкогольдік мас күйде болған, сырт келбеті ұқыпсыз, қоғамдық тәртіпті бұзып, агрессивті әрі адекватты емес мінез-құлық танытқан. Ол учаскелік полиция пунктіне жеткізіліп, заңда белгіленген тәртіппен қоғамдық орында алкогольдік мас күйде жүргені үшін әкімшілік хаттама толтырылған", - дейді полицейлер.
Хаттама рәсімделгеннен кейін оны туыстары алып кеткен. Бірақ зейнеткер бөлімшеге бензинмен қайтып келген. Сосын жанармайды қызметтік көліктерге шашып, жағып жіберген.
Қазіргі кезде осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зейнеткер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Қазіргі уақытта оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша оның әрекеттеріне қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес құқықтық баға беріледі", - дейді тәртіп сақшылары.