Пойызда қандай әрекеттерге тыйым салынған

13.02.2026

Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Барлық жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында төмендегі әрекеттерге қатаң түрде тыйым салынады:

1. Билетсіз жүру

Пойызға отыру үшін жолаушыда міндетті түрде жарамды билет болуы қажет. Билетсіз вагонда жүруге болмайды. Егер жолаушыда тексеру кезінде билет болмаған жағдайда оны келесі станцияда түсіру мүмкін.

2. Балаларды құжатсыз алып жүру

Егер баланың жеке басын куәландыратын немесе ата-анасымен туыстықты дәлелдейтін ресми құжаттар болмаса, оны пойызға отырғызуға рұқсат етілмейді.

3. Алдын ала төлемсіз және рәсімделмеген багажды тасымалдауға

Бір жолаушыға белгіленген нормадан (35 кг) асатын багажды алдын ала төлем жасамай және тиісті құжатты рәсімдемей алып жүруге болмайды.

4. Құжатсыз жануарларды тасымалдауға

Ветеринариялық құжаттары жоқ жануарларды пойызда тасымалдауға қатаң түрде тыйым салынады. Қажетті құжаттар болмаған жағдайда жолаушыға пойызға отыруға рұқсат берілмейді.

5. Пойызда шылым шегуге

Пойыз ішінде шылым және электронды темекі шегуге қатаң тыйым салынады.

6. Стоп-кранды себепсіз іске қосу

Төтенше жағдай болмаса, стоп-кранды басуға болмайды. Мұндай әрекет пойыз қозғалысының кестесін бұзып, басқа жолаушыларға қолайсыздық тудырады және әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

7. Тыйым салынған заттарды алып жүру

Есірткі заттарын, жарылғыш немесе өткір заттарды пойызда тасымалдауға мүлде тыйым салынады. Мұндай заңбұзушылық анықталған жағдайда, жолаушы құқық қорғау органдарына беріледі.

8. Агрессия және жанжал туындату

Физикалық немесе психологиялық агрессияның кез келген түріне, оның ішінде адамның ар-намысына тіл тигізу, балағаттау әрекеттеріне де қатаң түрде тыйым салынады. Бұл ережені бұзған жолаушы жақын маңдағы станцияда пойыздан түсірілуі мүмкін.

9. Пойыз қозғалысы кезінде түсу

Мұндай әрекеттер өмір мен денсаулыққа аса қауіпті және теміржол ережелерін өрескел бұзу болып саналады. Пойыздан түсуге тек станцияларда және арнайы есіктер арқылы ғана рұқсат етіледі.

10. Вагонды ластауға немесе мүлікті бүлдіруге

«Жолаушылар тасымалы» АҚ мүлкін бүлдіру, вагон ішін ластау немесе вандализм әрекеттері қатаң түрде тыйым салынады. Бұл ережені бұзған жолаушы жақын маңдағы станцияда пойыздан түсірілуі мүмкін.

11. Алкогольдік ішімдіктерді тұтыну

Пойыздың барлық вагондарында алкогольді ішімдіктерді тұтынуға қатаң тыйым салынады. Бұл шектеу тек мейрамхана-вагондарға қолданылмайды, онда ішімдік ішу қолданыстағы тәртіпке сай рұқсат етіледі. Аталған талапты бұзу жолаушының әкімшілік жауапкершілікке тартылуына және келесі станцияда пойыздан түсірілуіне себеп болуы мүмкін.

Қызмет көрсету сапасына қатысты сұрақтар туындаған жағдайда жолаушылар келесідей байланыс арналары арқылы хабарласа алады: WhatsApp мессенджері арқылы +7 776 714 5686 нөміріне жазу; Вагондарда орналасқан QR-кодты сканерлеп, операторға тікелей WhatsApp арқылы хабарлама жолдау; 1433 нөміріне қоңырау шалып, тегін анықтама қызметін пайдалану.

Бұл ережелер «Теміржол көлігімен жолаушылар, багаж және жүк-багажды тасымалдау қағидаларына» сәйкес бекітілген.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ барлық жолаушыларды белгіленген талаптарды сақтауға шақырады. Пойыз ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздік — ортақ жауапкершілік.

Осыған дейін пойызда жолаушының жағдайы нашарласа, не істеу керектігі туралы жаздық.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью