Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
АСТАНА, 16 маусым – Sputnik. "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясы жолаушылар пойыздарын интернетке жаппай қосу жұмыстары басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Компания төрағасының орынбасары Ануар Ахметжановтың айтуынша, былтыр OneWeb пен Starlink жүйелері арқылы вагондарда интернет тарату жобасы сынақтан сәтті өтті.
"Бүгін біз басқарма төрағасы мен үкіметтің тапсырмасы бойынша жолаушылар пойыздарын интернетпен жаппай қамтамасыз ету жұмыстарын бастап отырмыз. Бұл шаралар ұлттық компанияға қарайтын пойыздарға қатысты болады", - деді Ахметжанов үкіметте өткен брифингте.
Қазіргі кезде "Нұрлы Жол -Семей" пойызы толығымен интернетке қосылған. Бұдан бөлек, тағы бірнеше бағыттағы пойыздарда терминал орнату жұмыстары атқарылып жатыр. Олар:
Алматы-Павлодар (31-ші және 32-ші пойыз);
Павлодар-Түркістан (55-ші және 46-шы пойыз);
Нұрлы Жол-Атырау (47-ші және 48-ші пойыз).
"Басқа да пойыздар бар. Біз алдымен халық көп жүретін пойыздарды алдық. Жаздың соңына дейін негізгі бағыттарды спутниктік интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз", - деп атап көрсетті Ахметжанов.