Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Әлеуметтік желіде Алматыдағы Сайран жағалауында көше музыканттарының микрофонмен балағат сөздер айтқан видеосы тарады. Полиция мәліметінше, қатысушылардың жеке басы анықталып, материалдар сотқа жолданды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Микрофонмен балағаттау": не болды?
Алматы тұрғынының әлеуметтік желідегі жазбасы тексеріске негіз болды. Ол Сайран жағалауында серуендеп жүріп, микрофонмен бейәдеп сөздер айтқан адамдарды видеоға түсіріп алған.
"Сайран. Кеш батты. Әр 100 метр сайын музыка, музыка, музыка. Әуендері әртүрлі, бәрі араласып кеткен, соңында нағыз хаосқа айналады. Ешқандай демалыс жоқ. Оның үстіне мынадайлар келіп, жұрттың көзінше микрофонмен балағат сөздер айтады", – деп жазды жарияланым авторы.
Қала тұрғыны мұндай қызметке тыйым салуды немесе өнер көрсетушілер саны мен олардың колонкаларының дыбыс деңгейін шектеуді ұсынды.
"Ұсақ бұзақылық"Алматы полиция департаменті видео пайда болғаннан кейін тәртіп сақшылары бейнежазбадағы ер адам мен әйелдің жеке басын анықтап, оларды полиция бөліміне жеткізгенін хабарлады.
Оқиғаға қатысты екі адамға ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Құқықбұзушыларға қандай жаза тағайындалуы мүмкін?"Жиналған материалдар сотқа жолданды. Қоғамдық орында былапыт сөйлеу, айналасындағыларға құрметсіздік таныту және қоғамдық тәртіпті бұзатын басқа да әрекеттер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады. Заң мен тәртіп әр адамның мәдениетті мінез-құлқы мен өзара құрметінен басталады", – деп мәлімдеді полиция.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда балағат сөздер айту және айналасындағыларға құрметсіздік білдіретін өзге де әрекеттер үшін мынадай жаза қарастырылған:
20 АЕК (2026 жылы – 86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл; немесе 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар; немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу.Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Бұған дейін Сайранда тәтті мақта сататын адамның іс-әрекеті қазақстандықтардың ашуын туғызған еді, ол өнім дайындайтын ыдысты көл суына жуған. СЭҚ өкілдері жағдайға қатысты пікір білдірді.
Тағы оқыңыз: Сайрандағы тәтті мақта сатушысының суреттері алматылықтардың ашуын келтірді
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу