Понтон көпір тағы да суға кетті

20.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Әуелден-ақ конкурста ұтып, ақшаның астында қалуды ғана ой­лаған мердігер фирма – «Құ­рылысЭталон» ЖШС көтере ал­майтын шоқпарды беліне бай­лағанын кеш ұғынса керек. Жұ­мысты сапасыз орындап, енді оның зардабын төрт бірдей ауылдың халқы тартып отыр. Көктас ауылы тұрғындарының айтуынша, Белая өзені арқылы өтетін понтонды көпір тағы суға батып кеткен. Тағы деп отырғанымыз, 2024 жылы да осындай келеңсіз жағдай болған еді. Жергілікті билік өзеннен адам­дар мен техникалардың өте­тін уақытша паром қатынасын ұйым­дастыруға ықыласты емес көрі­неді. Анықтағанымыздай, Көк­тас ауылындағы ұзындығы 66 метр, ені 7 метр понтон көпірі 2006 жылдан бері пайдаланылып келеді.

«Көпір тұрғындардың Белая өзенінің арғы жағында орналасқан шабындық жерлеріне өтіп, мал азығын дайындауға пайдаланылады. Бұған қоса, жоғары кер­неулі электр желілеріне қыз­мет көрсететін «KEGOC» АҚ маман­да­ры да көпірді қызметтік мақ­сат­та қолданады. Көпірді төрт ауыл­дың тұрғындары пайдала­нып отыр», деп баяндады Ақсу қала­лық әкім­ді­гінің жауапты өкілдері.

2025 жылы мердігер ұйым – «ҚұрылысЭталон» ЖШС тарапынан понтон көпірге ағым­дағы жөндеу жұмысы жүр­гізілген. Алайда биыл сәуір айын­да көпірді пайдалану бары­сын­да бірқатар техникалық ақау анықталған. Атап айтқанда, дәне­кер­ленген тігістердің ажырауы, пон­тон конструкцияларының тозуы байқалған. Кейін өзеннің тасуы салдарынан ол суға батып, жарам­сыз болып қалған.

«Анықталған ақауларға байланысты ауылдық округ әкімдігі мердігер ұйымды кепілдік міндет­те­мелерін орындауға міндеттеу туралы сотқа талап арыз жолдады. Істі қарау қорытындысы бойынша тараптар медиативтік келісімге келді. Яғни «ҚұрылысЭталон» ЖШС көпірді қалпына келтіру жұмысын биылғы 25 шілдеге дейін орындауға міндеттенді», дейді әкімдік өкілдері. Әрі көпір­ді жөндеуге бюджеттен қосым­ша қаражат бөлу мәселесі қарас­ты­рылмайтынын, жұмыс мердігер ұйымның кепілдік мін­дет­темелері аясында жүзеге асыры­латынын нақтылады.

Атап өтерлігі, Белая өзенінің бойындағы ауылдарға понтон көпірлердің маңызы аса зор. Алдыңғы жылдары Май ауданын­дағы Баскөл ауылында да осындай мәселе туындаған еді. Ертістің ағысы арынды сағалары көктемде тасығанда төмен орналасқан көпір құрылысына айтарлықтай зақым келтіреді. Жыл сайын пон­тонды көпірлерді жөндеуге бюд­жеттен қыруар қаражат бөлініп жатады. Салаға жауапты жергі­лікті органдар тұрғындарға аса қажет мұндай көпірлердің сапасына мән беріп, жөндеушілерді уақ­тылы бақылап отырса жөн болар еді.

Павлодар облысы 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью