Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Клубқа легионер тартуға болмайды
ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы Премьер-лигаға жолдама алған «Алтай Өскемен» футбол клубының ерлер және әйелдер командасын қолдауға арналған тендерді мемлекеттік сатып алу порталында жариялады.
Болашақ мердігер міндетіне тек оқу-жаттығу барысы мен логистиканы ұйымдастыру ғана емес, клуб стадионын Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) мен УЕФА-ның қатаң талаптарына сәйкестендіру де кіреді. Атап айтқанда, VAR жүйесін орнату, LED-экрандарды қою қарастырылған. Сондай-ақ бапкерлер штабы мен медициналық персоналдың біліктілігіне ерекше мән беріліп, олардың тиісті лицензиялары мен сертификаттары болуы талап етіледі. Бюджет қаражаты есебінен легионер футболшыларды тартуға қатаң тыйым салынған.
Техникалық сипаттамада спортшыларды міндетті сақтандыру, клуб қызметін медиалық тұрғыда жариялау, матчтардың мүмкіндігі шектеулі жандар мен спорт ардагерлері үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету талаптары да нақты көрсетілген.
Айта кетерлігі, маусым қорытындысына қатысты қатаң талаптар қойылған жоқ. Команда жүлделі орын алса да, немесе жай чемпионатқа қатысса да жеткілікті. Медальсіз қалғаны үшін ешқандай санкция қарастырылмайды.
Өткен жылы жарияланған тендерді «Алтай Өскемен» футбол клубы» қоғамдық қоры ұтқан. Олар 800 млн теңгеден астам қаржыны толық игерген. Соның нәтижесінде команда Бірінші лигада үздік үштікке еніп, Премьер-лигаға жолдама алды. Өскемен қаласы ҚПЛ-де 2013 жылдан бері алғаш рет қайтадан бақ сынағалы тұр.
Фото: «Алтай Өскемен» футбол клубының Instagram парақшасынан
Кей футболшымен келісімшарт ұзартылды
Өткен жылдың соңында «Алтай» клубы ресми серіктесі деп «Қазцинк» компаниясын жариялаған. 2026 жылдың басында команданың негізгі ойыншылары — Сергей Хижниченко, Алмас Сапарғалиев және Аслан Жанұзақовпен келісімшарттар ұзартылғанын мәлімдеді.
Қаңтардың 10-ы күні клуб қос қорғаушы Тимур Реджепов пен Гаврил Кан, шабуылшы Әділет Омарбекпен де келісімшартты ұзартты. Вахид Масудов бас бапкер болып қала бермек.
Айта кетейік, өңір билігі биыл Өскеменде УЕФА-ның үшінші санатына сәйкес келетін футбол стадионының құрылысы басталатынын хабарлады. Алайда бұл жобаға қанша қаражат жұмсалатыны және спорт нысанының құрылысына кім демеуші болатыны әзірге нақтыланған жоқ. Аталған стадион 5000 адамға шақталмақ. ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановтың айтуынша, қаңтар айында есеп-қисапты толықтай әзірлеп, көктемге қарай құрылыс қамына кірісу жоспарланып отыр.
Ойындар басқа стадионда өтуі мүмкін
Қай спортты алсақ та, үздік нәтиже озық инфрақұрылыммен өлшенеді. Мұны облыс әкімдігі де, Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығы да түсініп отыр.
Қазақстан Футбол федерациясы өкілдері бірнеше күн бұрын Өскеменге арнайы барып, стадион жағдайымен танысып қайтты. Қазір онда қайта жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Сәуір айында аяқталуы мүмкін. Ал Қазақстан Премьер-лигасы наурызда басталатынын ескерсек, футболшылар кемі бір ойынды басқа стадионда өткізеді. Резеврвті стадион туралы әзірге ақпарат шықпады.
Тағы бір айта кетерлігі, жуықта ғана өскемендік Ислам Чесноков шотландиялық «Хартс» командасына ауысты. Бұл жергілікті жастарға едәуір жігер берді.
Еске салсақ, осыған дейін «Арсенал» — «Қайрат» матчының билеттері сатылымға шыққаны жайлы жазғанбыз.