Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
— Экономика құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі екінші жыл қатарынан кен өндіру саласынан алда келеді. Соған қарамастан нақты секторды ынталандыру үшін қосымша шаралар қажет. Өнеркәсіп министрлігіне бір ай ішінде металлургия мен химия өнеркәсібін қолдау, өнім номенклатурасын кеңейту және өндірістік қуаттардың әлеуетін ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырамын. «Самұрық-Қазына» қоры Сыртқы істер, Өнеркәсіп, Сауда министрліктерімен бірлесіп, отандық металлургия кәсіпорындарының өндірістік әлеуетін арттыру үшін құрамында алтыны бар импорттық және полиметалл шикізатын іздестіруді және тартуды қамтамасыз етсін, — деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Энергетика министрлігіне Атырау облысындағы полипропилен компаниясының жобалық қуатына шығуын қамтамасыз етуді жүктеді.
— Сондай-ақ Өнеркәсіп министрлігіне өсудің қосымша резервтерін қамтамасыз ету аясында 2026 жылға жоспарланған химия өнеркәсібінің кемінде 4 басым жобасын уақтылы іске қосуды тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Үкімет басшысы мал шаруашылығында өнімділікті ұлғайтуды тапсырғанын жазған едік.