Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Мемлекет басшысы Олимпиада чемпионына әкесінің сіңірген еңбегін ерекше атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
– Станислав Александрович – мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Әкесі, тұңғыш бапкері ретінде Михаилдың мұз айдынындағы алғашқы қадамын жасауға көмектесіп, өмірдің ең қиын сәттерінде әрдайым ұлының жанында болған адам. Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан Республикасының көк Туын әлемнің басты спорт аренасында биік желбіреткен осындай ұлды, отаншыл азаматты тәрбиелегеніңіз үшін Сізге шын жүректен алғыс айтамын. Баспасөз бетіндегі сұхбатыңызды оқып шықтым. Михаилдан мейіріміңізді аямай, талантты перзентіңіздің спорттағы ерекше миссиясына титтей де күмән келтірмей, әкелік парызыңызды адал әрі лайықты атқардыңыз. Биік шыңға апарар бұралаң жолдан бірге өттіңіздер. Енді сол табан ақы, маңдай тердің жемісін көріп, құрмет пен қошеметке бөленіп жатсыздар. Бүгінде халқымыз Сіздерді ардақ тұтады. Отаншылдықтың нағыз үлгісін көрсеткендеріңіз үшін еліміз Сіздерге ризашылығын білдіреді. Жұртшылықтың алғаусыз алғысы мен құрметіне мен де қосыламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев чемпионның бапкері, әйгілі спортшы, 1994 жылғы Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Алексей Урмановқа ыстық ықыласын білдірді.
– Мәнерлеп сырғанау спортындағы білікті маман ретінде ерен жетістіктеріңізді жалғайтын лайықты ізбасар дайындадыңыз. Сол үшін Сізге зор алғыс айтамын. Осынау тамаша табысқа салалық министрлік, федерация, сондай-ақ атақты боксшымыз, жақында есімі Дүниежүзілік бокс даңқы залына жазылған Геннадий Головкин басқаратын Ұлттық Олимпиада комитеті елеулі үлес қосты. Отандастарымыз спорттық бәсекенің қиындықтарын, әсіресе, еркін бағдарламадан кейінгі Михаилдың күрделі жағдайын тебіреніспен бақылап отырды. Бірақ ол тәуекелге барып, жер-жаһанның басты байрақты бәсекесіндегі жеңісті жұлып алды. Бұл да кездейсоқ емес. Өзіне берілген жалғыз мүмкіндікті екінің бірі сәтті пайдалана алмайды. Әдетте жарысқа түскенде «бақ шаба ма, бап шаба ма» деп жатады. Бірақ «еңбек – бәрін де жеңбек» деген ұлағатты да ұмытпайық. Михаилдың жеңісі мыңдаған жастарымызды спортпен шұғылдануға жігерлендірді. Еңбек етсең, ерік-жігерің мұқалмай, батыл әрекет қылсаң, кез келген, тіпті қол жетпестей көрінетін арманның өзі орындалатынына сенімін күшейтті. Бүгінде еліміздегі мыңдаған ұл-қыз Михаил Шайдоровқа қызыға қарап, еліктейді, даңқты спортшы болғысы келеді. Демек еліміздің ұландары әлемдік спорттың биігінде жарқырай көрінетін күн алда. Барша Олимпиада чемпиондарының аты әлем спортының жылнамасына жазылады, олардың жетістіктері Лозаннадағы Халықаралық Олимпиада комитетінің музейінде тіркеледі. Енді түрлі елдің туристері Михаил Шайдоровтың 2026 жылғы Олимпиададағы тамаша жеңісі туралы білетін болады, – деді Мемлекет басшысы.