Arasha.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Әскери қақтығыстар, «сауда соғысы» жылдан жылға ушығып барады. Бұл әлемдегі ірі мемлекеттер арасындағы өзара сенім дағдарысының, олардың халықаралық қауымдастық алдындағы жауапкершілікті елеп-ескермеуінің нәтижесі деп айтуға негіз бар. Мұның бәрі еліміздің мүмкіндіктерін шектеп отыр. Бұл туралы мемлекет басшысы Тәуелсіздік сарайында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Бірақ соған қарамастан, біз ұлттық стратегиямызды табанды түрде әрі біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Барлық сын-қатер мен қиындықты еңсеріп, тұрақты дамып келеміз. Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 306 миллиард доллар болды. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы екінші орын, ал осы аймақтағы елдер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Соның нәтижесінде біз биыл әлемдегі экономикасы аса ірі 50 елдің қатарына қосылдық. Беделді халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының болжамына сәйкес биыл осы көрсеткіш 320 миллиард доллар болады», - деді Қ. Тоқаев.
Сондай-ақ ол шетелден тартылған таза инвестиция көлемі бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұрғанын, яғни 150 миллиард доллардан астам қаражат тартылғанын айытты. Бұл – Орталық Азиядағы тікелей шетел инвестициясының 69 пайызы деген сөз.
Еліміздің алтын-валюта қоры – 74 миллиард долларға, ал жалпы жинақталған қор 139 миллиард долларға жетті.
Бір сөзбен, ұлттық экономикамыз жалпы тұрақты түрде өсіп келеді. Ең маңыздысы, мұны сапалы өсім деуге болады.