Президент сарайын жақыннан көру мүлде бөлек сезім : Балалар Ақорданы аралады

01.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Фото: Ерлан ОМАР/ Egemen.kz

Әдетте қабылдаулар мен ресми жиындар өтетін Президент резиденциясы бұл жолы балаларға есігін айқара ашты. Республиканың түкпір-түкпірінен Ақорданы аралауға мүмкіндік алған өрендер арасында пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, оқу озаттары, шығармашылық байқаулардың лауреаттары, спорт сайыстарының сайыпқырандары бар.

Қоржыны жетістікке толы жеткіншектердің бірі зәулім ғимараттың сәулетіне тамсана көз тастаса, енді бірі ішін аралауға асықты. Топтан ілгері жүріп, ғимараттың айбынына таңданыспен қараған Ерсұлтан Төлеуғазыұлы бұл сәттің өзі үшін үлкен мәртебе екенін айтты.

«Президент сарайын жақыннан көру мүлде бөлек сезім. Әжептәуір үлкен екен. Бұл жерге келу мен үшін мәртебе. Болашақта осында қызмет еткім келеді», деп бала көңіл ағынан жарылды.

Бір-бірінің ізін басып, топтасқан балалар алдымен резиденция аумағындағы бақта серуендеді. Мұндағы жанға сая жасыл-желектің алуан түрінен бөлек, асыл тұқымды қазақ тазылары мен кітап оқып отырған бала мүсіні оқушылардың назарын аударды. Ұлттық құндылығымыз бен білімге құштарлықты үндестірген бейнелерді экскурсовод Маржан Мырзабекова егжей-тегжей түсіндірді.

«Бұл бақ – өзіндік терең мағынасы бар мәдени кеңістік. Мұндағы кітап оқып отырған бала мүсіні – өскелең ұрпақтың білімге, ғылымға деген құштарлығын сипаттайды. Ал қазақ тазылары – біздің заманға дейін жеткен ұлттық рәміздеріміз, жеті қазынаның бірі. Мемлекет басшысының резиденциясында бұл құндылықтардың ұлықталуы – елдіктің, тарихқа деген құрметтің және жарқын болашаққа деген сенімнің белгісі. Сіздер сияқты зерек те дарынды балалардың осы құндылықтарды сезініп өскені маңызды», дейді ПІБ Президенттік орталығының аға сарапшысы Маржан Мырзабекова.

Әрі қарай жеткіншектер Ақордаға қадам басты. Сарай ішіндегі биік мұнаралар мен ұлттық нақыштағы безендірулер, жарқыраған шамдар, көз тартар картиналар оқушыларды тағы бір тамсандырды. Мәрмәр залына кірген сәтте мектеп оқушылары бірнеше минутқа ресми делегация мүшелеріне айнала кетті. Олар мемлекеттік Елтаңба бейнеленген қос папканы қолдарына алып, бейне бір келіссөздер сәтті аяқталып, аса маңызды құжатқа қол қойылғандай кейіп танытты. Барынша байсалды отыратын бұл орында балалар бас қосқан көрініс резиденция залына ерекше бір жылылық бергендей болды.

Киіз үй түріне орайластырылған Шығыс залының шырайынан шабыттанған жас дарын Сұлтан Қарағұл Қазанғаптың «Құс қайтару» күйін нақышына келтіре орындады. Қасиетті қара домбыраның үніне ұйыған қатарластары жас талантқа ризашылықпен қол шапалақтады.

««Ер Едіге» жыр мектебінің шәкіртімін. Наурыз айының ортасында әлемді таңдай қақтырған бірегей рекорд орнаттық. Мектептің өнерлі балаларымен бірге 24 сағат бойы тоқтаусыз Пайғамбарлар қиссасын және «Қырымның қырық батыры» эпопеясын жырладық. Бұл тарихи марафонда 36 бала кезек-кезек алмасып, қисса орындадық. Осы қажырлы еңбектің нәтижесінде «Ер Едіге» жыр мектебі Азия мен Африка елдерінің әлемдік рекордтар кітабына енді», дейді талантты жас.

Байқасақ, балалар Құрмет қарауылы постының жанына келгенде ұзақ бөгеліпті. Оларды «Адам қалай тапжылмай, ұзақ уақыт бойы кірпік қақпастан тік тұра алады?» деген ой мазалағаны анық. Мұны аңғарған экскурсовод Маржан Мырзабекова жылы жымиып, сарбаздардың бұл шеберлігі жылдар бойғы қажырлы дайындық пен темірдей тәртіптің нәтижесі екенін айтып берді.

Одаң соң, балалар Президенттің жоғары деңгейдегі кеңестер, министрлер мен ведомство басшылары, елдің шығармашылық өкілдерімен бас қосатын Күмбезді залына беттеді. Зәулім күмбездің астында тұрып, мемлекеттік маңызы бар оқиғалардың ауқымын сезінген өрендердің таңданысында шек болмады.

Бұдан соң, оқушылар Мемлекет басшысының кітапханасымен танысты. Төбеге дейінгі биік сөрелер, ондағы кітаптар, ортадағы үлкен дөңгелек үстел жылы атмосфера сыйлады. Осы орайда Ақтөбе облысынан келген Кәусар Нұрланқызын әңгімеге тарттық.

«Астанаға барасың дегенде, қуанышым қойныма сыймады. Ақорда әдемі әрі зәулім екен. Маған мұндағының бәрі, маңызды кездесулер мен халықаралық жиындар өтетін залдардың сәулеті, ұлттық нақыштағы безендірілулері қатты ұнады. Әсіресе осы кітапхана іші жайлы екен. Сарайдың іші-сыртында да бақтар бар. Мен Отанымды өте жақсы көремін және әрқашан туған еліммен мақтанамын. Отанды сүю – ол адамдарға көмектесу және жеріңе қамқор болу. Сондықтан болашақта дәрігер болуды армандаймын», дейді Кәусар.

Кейін балаларға мерекелік дастарқан жайылды. Олар көрген залдарының әсемдігін талқылап, ерекше сәттерімен бөлісті. Арасында Батыс Қазақстан облыстық «Махамбет оқулары», «Жыр жазамын жүрегімнен», «Ұлт рухының шамшырағы – Ахмет», «Әбіш оқулары» жүлдегері, Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Қайсар Амангелді өз шығармашылығынан елге арнауын оқып берді.

«Қазақстан – Отаным ыстық маған!

Астанам жас баладай жалындаған.

Бабамнан қалған мынау байтақ дала.

Аманат боп қалғандай мына маған.

Біз елдің болашағы тірегіміз,

«Қазақстан» деп соғар жүрегіміз.

Тәуелсіздікті аңсап кеткен бабаларым,

Болашаққа аманатты жеткізу тілегіміз.

Қуанамыз, күлеміз, шаттанамыз,

Бесігінде әлдилеп бақтанамыз,

Біз жастар ертеңгі елдің болашағы

Қазақстан сенімен мақтанамыз!»

Осылайша жеткіншектер Қазақстан тарихы туралы жан-жақты мәлімет алып, Тәуелсіздік құндылықтарының маңызына бойлады. Экскурсия соңында балаларға Президент атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью