Президент тапсырмасы: Үкімет құрылыс пен жол сапасына бақылауды күшейтеді

21.09.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 қыркүйекте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы кезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміз ауқымды өзгерістер дәуіріне қадам басты. Жаңа Конституция Озық Қазақстанды одан әрі дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазірдің өзінде барлық салада ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Жуырда ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімет алдына азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, қалалық және республикалық маңызы бар жолдардың сапасын ең жоғары деңгейде қамтамасыз ету, сондай-ақ Астана қаласының Урбанистика орталығының тәжірибесін кеңінен тарату мәселелеріне қатысты бірқатар міндет қойды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Президент тапсырмаларын тиісті бағыттар бойынша орындауға қатысты министрліктердің баяндамаларын тыңдады.

«Президент атап өткендей, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін мүлтіксіз орындап келеді. Ал қажетті әлеуметтік көмек тек шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана көрсетілетініне назар аудару керек. Министрлер мен әкімдер көрсетілген барлық бағыттар бойынша ауқымды жұмыс жүргізуі тиіс. Азаматтарға көрсетілетін көмектің түрлері туралы кеңінен ақпарат берілуі қажет. Өңірлерде әкімдіктер әлеуметтік жәрдемақы алушылар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек», — деді Премьер-министр.

Бірінші. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев азаматтарға әлеуметтік көмек пен жеңілдіктер көрсету мәселесі бойынша баяндама жасады. Ведомство мәліметіне сәйкес, бірінші кезең «шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетілуі тиіс» қағидатына негізделген және 36 төлемнің 14 түрін қамтитын мемлекеттік қолдаудың атаулы моделіне көшу үшін нормативтік база қалыптастыруды көздейді. Екінші кезеңде жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмектің 13 түрі мұқтаждық деңгейіне қарай 4 түрге біріктіріледі. 2027 жылдың басынан бастап ардагерлерге мұқтаждық қағидаты негізінде мемлекеттік қолдауды атаулы түрде көрсету жөніндегі ұсыныстар айтылды.

Сондай-ақ мемлекет тарапынан ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс берілуінің орынды екені, бөбекжайлардағы орын санын көбейту және кіші жастағы балаларға арналған күтушілер тапшылығын шешу арқылы бала күтімі кезеңіндегі әйелдерге екі жыл ішінде көрсетілетін қолдау форматын жетілдіру мүмкіндігі қаралды.

Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету процесіне жасанды интеллект құралдарын енгізу нәтижелері баяндалды. Мәселен, медициналық құжаттарды қолдан жасау арқылы мүгедектік белгіленген 167 жағдай анықталып, тиісті фактілер құқық қорғау органдарына жолданды. Сондай-ақ әртүрлі адамдардың деректерінде бірдей мәліметтер кездесетін 18 647 жағдай анықталған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Жоғарыда аталған реформалар «Отбасының цифрлық картасы» жүйесінің деректеріне сәйкес әл-ауқат деңгейі «А» – жоғары және «В» – қанағаттанарлық санаттарына жататын мемлекеттік көмек алушыларды қамтиды. Осы бағытта әкімдіктер «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы азаматтарға сауалнама жүргізуде. Биылғы 1 қазаннан бастап халыққа әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттарындағы өзгерістер туралы SMS, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен хабар беріле бастайды. Барлық ұсыныс бойынша заңнамалық түзетулер әзірленіп, Құрылтайдың қарауына енгізіледі.

Премьер-министр Олжас Бектенов Еңбек министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмек пен жәрдемақыларды атаулы түрде ұсынуды қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіруді тапсырды.

Екінші. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жетілдіру шаралары туралы баяндады.

2026 жылы ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруға 1,6 трлн теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне 1,7 трлн теңге қарастырылған. Қаржыландырудың негізгі көлемі стационарлық, алғашқы медициналық-санитариялық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге және онкологиялық ауруларды емдеуге жұмсалатын шығыстар ұлғайтылды.

Бұл ретте мемлекет сақтандырылған азаматтың мәртебесіне қарамастан, ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін аясында көрсетілетін медициналық көмектің кең ауқымын сақтап отыр. Соңғы жылдары амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін пациенттер саны айтарлықтай артты: 2018 жылғы 1,9 млн адамнан 2026 жылы 3,4 млн адамға дейін өсті. Сондай-ақ емдеу тиімділігі жоғары препараттар енгізіле отырып, дәрілік заттар тізімі жаңартылды.

Есту қабілетін оңалту қызметтерінің қолжетімділігіне қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, диспансерлік есепте есту қабілеті бұзылған 6 мыңнан астам бала тұр. Осы контингентті ескере отырып, жасына, есту қабілетінің бұзылу дәрежесіне, қолданыстағы аппараттың болуына, оның пайдалану мерзіміне және жеке баптау қажеттілігіне қарай есту аппараттарымен қамтамасыз етудің нақты қажеттілігі айқындалады.

Президент қойып отырған ел аумағында нашар еститін балаларға арналған есту аппараттарының өндірісін шұғыл түрде іске қосу міндетін орындау үшін Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне тиісті Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Құжатта отандық өндірушілерді тарту, қажетті технологиялар трансферті және сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыру қарастырылатын болады. Өндіріс басталғанға дейін әкімдіктерге жергілікті бюджеттер мен бюджеттен тыс қаражат көздер есебінен балаларға арналған есту аппараттарын сатып алуды қаржыландыру тапсырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Қазақстан халқына» қоры 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі бірінші кезеңде пациенттерді жекелеген нозологиялар бойынша дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі өз міндеттемелерін орындады. Бүгінде Қор дамуында кемістігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының инфрақұрылымын қарқынды түрде дамытуды жалғастыруда, мәселен, аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 10 орталық ашылды, онда 1 250 бала көмек алуда.

Үшінші. Балаларға арналған қолданыстағы әлеуметтік кепілдіктер туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады. 1-4 сыныптардағы 1,4 млн оқушы мектеп тамағымен қамтылды, сондай-ақ ол 5-11 сыныптарда оқитын әлеуметтік осал санаттағы 230 мың бала үшін де қарастырылған. Бұл мақсаттарға 2026 жылы 210 млрд теңге қарастырылған. Ашықтықты арттыру үшін тамақтану есебі «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен біріктірілген: автоматтандырылған жүйе әр оқушының тамақтану фактісін, күнін және уақытын тіркейді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, экологиялық тақырып жаратылыстану, география, биология, химия, физика және технология бағдарламаларына біріктірілген. Мектептерде 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» бірлестігі жұмыс істейді, оларға 125 мыңнан астам бала барып жүр. ProEko республикалық экологиялық жобалар конкурсына 38,7 мың оқушы қатысты. Осы жылдың соңына дейін білім беру ұйымдарында экологиялық ағартудың бірыңғай стандартын қабылдау жоспарланып отыр. Оны енгізудің іс жүзіндегі тетігі «Жасыл мектеп» ұлттық моделі болмақ. Қазір модель 85 мектепте сыналуда, болашақта оны 1 мың мектепке дейін кеңінен тарату жоспарлануда.

Үкімет жетекшісі оқу орындарында экологиялық ағарту бойынша жүйелі шаралар жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрліктеріне бұл жұмысты оқушылар мен студенттер арасында күшейту тапсырылды.

Төртінші. Президенттің тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу жөніндегі тапсырмасы аясында экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров оны қалыптастыру тәсілдерін таныстырды. Ұлттық стандартты бес тақырыптық бағыттан тұратын жүйе ретінде қалыптастыру ұсынылып отыр, олар – экологиялық ағарту, экологиялық волонтерлік, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, оларды көгалдандыру, сондай-ақ табиғи аумақтардың тазалығы. Әрбір бағытты әзірлеуге және енгізуге тиісті мемлекеттік орган жауапты болады, жалпы үйлестіруді Үкімет деңгейінде жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырыла бастағаннан бері 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылған, 7 млн ағаш отырғызылып, 2 мыңнан астам волонтерлік жоба жүзеге асырылған. Экологиялық тәрбие бойынша 560 мыңнан астам сынып сағаттары өткізілген. TazaQazBot арқылы азаматтардан санитарлық жағдай және аумақтарды абаттандыру мәселелері бойынша 57 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

Ұсынылған тәсілдерді ескере отырып, Олжас Бектенов Экология және табиғи ресурстар, Сауда және интеграция, Мәдениет және ақпарат, оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп әрбір бағыт бойынша бірыңғай талаптар дайындауды тапсырды. Стандартта қарапайым, түсінікті және нақты талаптар болуы керек. Сонымен қатар, министрліктерге «Таза Қазақстан» бренді шеңберінде қоғамда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі кешенді шаралар қабылдау тапсырылды.

Бесінші. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын баяндады, олар – ақпараттық сүйемелдеу, жастар мен еріктілерді тарту, азаматтық бастамаларды қолдау және қоғамдық қатысуды дамыту. 2026 жылдың басынан бері экологиялық акцияларға 2 млн-ға жуық жас қатысты, 2 мыңнан астам жастар іс-шарасы өткізілді. Мемлекеттік қолдаумен ҮЕҰ-ның 60-қа жуық әлеуметтік жобасы, оның ішінде 34 экологиялық бағыттағы жоба жүзеге асуда. Бүгінде 3 қалада мамандандырылған эко-хабтар жұмыс істейді: Алматы, Астана және Қарағанды. Олар азаматтарды экологиялық күн тәртібіне жұмылдырудың тиімді құралы ретінде әрекет етеді. Волонтерлік қозғалысты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы және экологиялық волонтерліктің жеке бағдарламасы әзірленуде. Күнделікті экологиялық әдеттерді дәйекті түрде қалыптастыру жөніндегі жұмыс күшейтілетін болады.

Жекелеген бағыт ретінде халыққа көрсетіліп жатқан ауқымды мемлекеттік қолдауды ақпараттық тұрғыдан насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Жұмысты одан әрі күшейту жөніндегі шаралар баяндалды.

Премьер-министр әлеуметтік қолдау, медициналық көмек және білім беру саласындағы кешенді жұмыс мәселелері халық арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап ететінін атап өтті. Сонымен қатар қоғамда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша нысаналы ақпараттық жұмысты ұйымдастыру тапсырылды.

Алтыншы. Вандализм мен қоғамдық кеңістіктердің бүлінуіне жол бермеу шаралары бөлек қарастырылды. ІІМ вандализм фактілерінің жолын кесу бойынша шаралар қабылдауда. Мәдени мұра ескерткіштері мен табиғи нысандарды бүлдіргені үшін 11 қылмыстық іс тергелді. Еріктілермен бірлесіп есірткі граффитиі деп аталатын 80 мың сурет пен жазу өшірілді. Есірткіні насихаттағаны және жарнамалағаны үшін 81 қылмыстық іс қозғалды, 19 адам сотталды. «Есірткіге жол жоқ» цифрлық сервисі аясында азаматтар полицияға 150 құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлады. Сондай-ақ нысандарға жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы мониторинг жүргізіледі.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов осы саладағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Атап айтқанда, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарға жазулар мен суреттер салуға тыйым енгізіп, бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастыру ұсынылды.

Премьер-министр қалалардағы вандализм мен бұзақылықтың сорақы көріністерінің жолын кесу жөніндегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Тиісті тапсырмалар берілді.

«Ішкі істер министрлігі вандализм мен бұзақылықты болдырмау үшін қоғамдық орындарға зиян келтіретін “граффитидің” барлық түрлеріне толық тыйым салу мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар дайындауы қажет», — деп тапсырды Премьер-министр.

Жетінші. Президенттің жоғары сапалы құрылысты қамтамасыз ету саласындағы тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндады. Әлеуметтік инфрақұрылымның ауқымды құрылысы аумақтарды кешенді дамыту қағидаты негізінде жүзеге асырылатын болады. Бұзушылықтардың ерте сатысында алдын алуға баса назар аудара отырып, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы күшейтілді. Жыл басынан жоспарлау, жобалау және құрылыс процестеріне цифрлық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін бірыңғай құрылыс порталы қолданысқа енгізілді. Жобаларды сараптау сатысында ЖИ құралдарын енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Елордадағы Урбанистика орталығының тәжірибесін басқа өңірлерде кеңейту аясында барлық облыста урбанистика саласында салалық ұйымдар құрылып, жұмыс істеуде. Әкімдіктер 2026-2027 жылдарға арналған қалалық кеңістікті дамытуға заманауи тәсілдерді енгізуді, қолайлы орта құруды және қалалардың келбетін жақсартуды көздейтін жол карталарын бекітті. Сонымен қатар жаңа Құрылыс кодексінде елді мекендердің сәулеттік келбетін қалыптастырудың міндетті құралы ретінде дизайн-код бекітілді.

«Мемлекет басшысы Қазақстанның үлкен құрылыс алаңына, жасампаздық мекеніне айналуы қажеттігін және құрылыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету керектігін ерекше атап өтті. Осыған байланысты Үкімет құрылысты қатаң бақылауды қамтамасыз етуі керек. Міндетін адал атқармайтын мердігерлерге қатысты қатаң жауапкершілік шараларын қолдануды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өнеркәсіп министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, әрбір құрылыс нысанына қатаң бақылау мен мониторинг жүргізуді, жобалық стандарттарды талап етуді, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар құрылысының жоғары сапасын қамтамасыз етуге тиіс. Урбанистика орталығының тәжірибесін кеңейту жұмыстарын ұйымдастыру бойынша тапсырмалар берілді.

«Аталған орталық қала тұрғындарына қолайлы орта құру үшін нақты ұсыныстар әзірлейтін, қаланың келбетін жақсартуға арналған ұтымды шешімдер мен жобаларды, қала кеңістігін дамытуда заманауи тәсілдерді дайындайтын маңызды құрылым болып табылады», — деп атап өтті Премьер-министр.

Сегізінші. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жол инфрақұрылымының жай-күйі және сапаны одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар туралы баяндады. Министрліктің мәліметінше, республикалық маңызы бар жолдардың 94%-ы, облыстық және аудандық жолдардың 91%-ы талаптарға сәйкес келеді. Елді мекендердің көшелері бойынша бұл көрсеткіш 71%-ды құрайды. Бұл ретте жол желісінің жай-күйі бойынша келіп түскен өтініштердің шамамен 58%-ы жергілікті жолдарға, оның ішінде 47%-ы елді мекендердің көшелеріне тиесілі.

Құрылыс сапасын одан әрі арттыру және автожол саласын дамыту мақсатында пайдаланылатын материалдардың бірыңғай базасы құрылып, битумды қолдану тәсілдері қайта қаралды, құрылыс кезінде сапаны бес сатылы бақылау енгізілді, мердігерлердің жауапкершілігі арттырылды. Сондай-ақ жобалардың басымдығын ескере отырып, жалпы сипаттағы трансферттер қаражатын жұмсау үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейту жоспарлануда.

Мемлекет басшысы қалаішілік жолдарға, сондай-ақ ірі және шағын қалалардан тыс орналасқан жолдарға ерекше назар аударуды тапсырды. Көлік министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, қалааралық және республикалық жолдардың сапасын қамтамасыз ету, халықтың шағымдарына жедел ден қойып, жобалардың тоқтап қалуына және олардың іске қосу мерзімдерін бұзуға жол бермеу тапсырылды. 

Жоғарыда аталған тапсырмаларды орындау бойынша жұмысты үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью