Президент телекөпір арқылы маңызды автокөлік жолдарының құрылысын бастап берді

03.08.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын бастап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақорданың ақпаратына сілтеме жасап.

Президент «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдары құрылысының басталуына арналған телекөпірде сөз сөйледі.


Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласы тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның өсіп-өркендеуіне серпін беретін маңызды бағыт екеніне тоқталып, бүгін еліміз үшін стратегиялық мәні айрықша ауқымды жобалардың құрылысы басталатынын мәлімдеді.

– «Жол – тіршіліктің күретамыры». Мемлекет осы саланы дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретінде дамыту. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Баршаңызға белгілі, еліміз Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көпір саналады. Батыс пен Шығыс арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан озық және заманауи көлік жүйесін қалыптастыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Жалпы, елімізде бұл бағытта көптеген шаруа атқарылып жатыр. Былтыр «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылды. Соның арқасында жүк тасымалы көлемі 5 есе артты. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісі жұмыс істей бастады, нәтижесінде жүк жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарды. Ең бастысы, осындай ауқымды жобаларды өз мамандарымыз жүзеге асырып жатыр, – деді Мемлекет басшысы. 

Мемлекет басшысы өткен жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмысы жүргізілді деді.
Президенттің айтуынша, бұл жұмыстың бәрі Қазақстанның көлік-логистика саласындағы әлеуеті зор екенін көрсетеді.

– Өткен жылы еліміздегі жалпы тасымал көлемі 6 пайызға артып, шамамен 37 миллион тонна болды. Биыл «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал», ал келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, біз автокөлік саласына ерекше назар аударып отырмыз. Соңғы жылдары Қазақстанда тас жолдарды түбегейлі жаңғырту жұмысы қолға алынды. Бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба табысты аяқталды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Қарағанды – Алматы», «Орталық – Оңтүстік», «Атырау – Астрахан», «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай» бағытындағы жолдар – соның айқын дәлелі. Кейінгі 5 жылда автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі екі есе артты. Былтыр осы қызмет түрінен түсетін табыс 1,5 триллион теңгеге жетті. Өздеріңіз білесіздер, еліміз арқылы 8 халықаралық дәліз өтеді. Бұл жолмен күн сайын 35 мыңға жуық автокөлік жүреді. Өткен жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмысы жүргізілді. Соның 6 мың шақырымы халық игілігіне берілді. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттері толық жаңартылады. Мұндай ауқымды жұмыс Тәуелсіздік тарихында алғаш рет жүзеге асырылып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазір Қазақстанның әр аймағында автожолдар жөнделіп жатқанын атап өтті.

– Жақында Сарыағаш айналма жолының құрылысы мен «Жезқазған – Қарағанды» автожолын жөндеу жұмысы басталды. Сонымен қатар еліміз бойынша көптеген тұрғын үй, мектеп, аурухана, инженерлік желі салынып жатыр, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бір сөзбен, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналатын болды. Бұл мемлекетіміздің өсіп-өркендеу жолына түсіп, жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді, – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейнеу – Сексеуіл» бағытында 800 шақырымдық түбегейлі жаңа жолдың құрылысы басталғанына тоқталып, бұл бағдарды халықаралық ауқымдағы автожол деп атады.

– Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» ретінде қызмет етеді. Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. Халқымыздың таным-түсінігінде құдық қазу, көпір салу сауапты іс саналады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, біз игілігі баршаға ортақ, яғни өзіміз де, өзгелер де пайдасын көретін аса жауапты жұмысты бастап отырмыз. «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты республикалық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды «Арал-Каспий магистралі» деп атаған дұрыс, – деді Мемлекет басшысы. 

Мемлекет басшысы: «Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру». Сонымен қатар Президент жалпы ұзақтығы 774 шақырымды құрайтын «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» жолдарын кеңейту, түбегейлі жаңғырту жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

– Бұл жолдардың құрылысымен отандық компаниялар айналысады. Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді. Бұл жобалар ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Осындай жобалардың әрқайсысы тұтас Қазақстанның көлік жүйесімен үйлеседі. Бұған дейін негізінен солтүстіктен оңтүстікке тартылған көлік желілері, енді шығыстан батысқа қарай бағытталған жаңа тармақтармен кеңейіп жатыр. Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру. Қазақстандағы автокөлік тасымалы саласы табысы жағынан теміржол көлігімен теңесті. Сондықтан жолдың құрылысын жүргізумен бірге заманауи цифрлық экожүйе құру маңызды міндет саналады. Жергілікті автоөндірісті тарта отырып, отандық тасымалдаушыларды қолдаудың ұлттық бағдарламасын қабылдау әлеуетті еселейді. Мұның бәрі Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейте түседі. Арал маңындағы иен даламен тартылып жатқан жолдар бұған дейін тұйық нүкте саналып келген бағыттарды Еуразияның негізгі көлік дәліздерінің тоғысына айналдырады. Бүгін бастау алып жатқан жұмысты уақтылы, яғни 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау өте маңызды. Қажетті жағдайдың барлығы жасалып жатыр. Енді білек сыбана жұмысқа кірісу керек. Біз бір ел болып, бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға амандық, сәттілік және табыс тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Телекөпір барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жобаны бастауға әзірлік жөнінде баяндады.


Бұдан бөлек Қызылорда облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, Президентке өңір тұрғындарының ризашылығын жеткізді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью