Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Үкімет су шаруашылығы кешенін жаңарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Су қоймалары салынып, реконструкциялануда, су арналары жаңғыртылып, заманауи суару технологиялары мен су ресурстарын басқарудың цифрлық жүйелері енгізілуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz
543,5 мың гектар жер су үнемдеу технологияларымен қамтылды
2025 жылдың қорытындысы бойынша заманауи суару жүйелерін қолдану нәтижесінде шамамен 874 млн м³ су үнемделді. 2030 жылға қарай олардың қолдану ауқымын 1,3 млн гектарға дейін ұлғайтып, су үнемдеу көлемін шамамен 2,2 млрд м³-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
4,6 мың шақырымнан астам канал жаңғыртылды
2024–2025 жылдары 1,4 мың шақырымнан астам канал реконструцияланып, жаңғыртылды. 2026 жылы тағы 962 шақырым канал пайдалануға беріліп, бұл шамамен 200 мың гектар суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік береді.
42 жаңа су қоймасын салу және 37-сін реконструкциялау жоспарланған
2024–2025 жылдары бес су қоймасы жаңғыртылды. Түркістан облысында «Қарақуыс» және «Бәйдібек ата» нысандарының құрылысы жалғасып жатыр. Олар шамамен 69 млн м³ қосымша су жинауға мүмкіндік береді.
Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,5 км³-ге дейін артты
Сырдариядағы су қоймаларының келісілген жұмыс режимдері су аз кезеңдерде де су ағынын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді. Соңғы екі жылда Балқаш көліне шамамен 30 км³ су келіп түсті, бұл оның деңгейін тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
23 мыңнан астам су нысаны цифрландырылды
Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі су нысандары, инфрақұрылым, су пайдаланушылар және жерасты сулары туралы деректерді біріктіреді. 2026 жылдың басынан бері цифрлық биллинг жүйесі арқылы су беру жөнінде 26,8 мыңнан астам келісімшарт жасалды.
Жаңа Су кодексі су үнемдеу талаптарын күшейтті
Алғаш рет заңнамалық деңгейде «су қауіпсіздігі» ұғымы бекітіліп, бассейндік жоспарлар енгізілді және ірі су пайдаланушыларға бақылау күшейтілді. Кәсіпорындардың қайта қолданылатын және айналымды сумен жабдықтауға көшуі жөнінде 168 бесжылдық жоспар дайындалды.
Су саласын жаңғырту инфрақұрылымды салу және жаңарту, су үнемдеу және су ресурстарын басқаруды цифрландыру бағыттарын біріктіреді. Бұл шаралар судың ысырабын азайтуға, суарудың сенімділігін арттыруға және суды пайдалануды барынша дәл жоспарлауға бағытталған.