Президент Жолдауын жүзеге асыру: елімізде миллиардтаған қаржы тартылған 215 жоба іске асырылуда

31.08.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес Үкімет жаңа инвестициялық цикл қалыптастыруда, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіне, терең өңдеуге, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін локализациялауға басымдық берілуде.

Инвесторларды сүйемелдеудің бірыңғай жүйесі құрылуда
Инвестициялар тартудың үш деңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Оның аясында өңірлер басым жобалардың тізбесін қалыптастырып, инвесторларды нысаналы түрде іздеуді жүзеге асырады. Процедуралардан жедел өту үшін Fast Track тетігі енгізіліп, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жұмыс істеп тұр. Келесі кезең – Kazakh Invest базасында «бір терезе» қағидаты бойынша Kazakhstan Investment House жүйесін дамыту.
17,8 трлн теңгеге 66 инвестициялық келісім жасалды
Келісімдер тетігі құны 32 млрд теңгеден асатын ірі жобалар үшін қолданылады. Оның ішінде 2026 жылдың басынан бері фармацевтика, энергетика, металлургия, агроөнеркәсіп кешені, инфрақұрылым және денсаулық сақтау салаларында жалпы құны шамамен 4,4 трлн теңгені құрайтын 25 келісім жасалды.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 23,5 трлн теңгеге дейін өсті
2019–2025 жылдар аралығында олардың көлемі 1,9 есеге артты. Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар үш есеге өсіп, 3 трлн теңгеге жетті. Ал оның жалпы инвестициялар көлеміндегі үлесі 12,7%-ды құрады.
Тікелей шетелдік инвестициялар ағыны $20,5 млрд-қа жетті
2025 жылы бұл көрсеткіш 14,4%-ға өсті. Капитал шикізаттық емес салаларға – өңдеу өнеркәсібіне, қаржы секторына және байланыс саласына барған сайын көбірек бағытталуда.
Жаңа фармацевтикалық өндірістерге 173 млрд теңге инвестиция салынады
2026 жылғы қаңтарда төрт жаңа жоба бойынша келісімдер мақұлданды. Олар 356 атаудағы дәрілік заттарды өндіруді локализациялауды және сұранысқа ие препараттардың отандық өндірісін кеңейтуді көздейді.
АӨК өнімдерін терең өңдеуге ірі инвестициялар бағытталуда
Dalian Hesheng Holdings, Fufeng Group және Tiryaki Agro компанияларының жобалары бидайды, жүгеріні және дәнді-бұршақты дақылдарды терең өңдеуді көздейді. Жаңа өндірістер тамақ өнеркәсібі, фармацевтика мен биотехнология салалары үшін жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға бағытталған.
Екібастұзда «ДӨО алқабы» қалыптасуда
Жоба бұлтты сервистер, есептеу қуаттары және жасанды интеллект үшін қажетті инфрақұрылымды біріктіреді. Екібастұз ГРЭС-1 маңынан ауданы 200 гектар, кейін кеңейту мүмкіндігі бар жер учаскесі анықталды. Инвестицияның күтілетін көлемі шамамен $30 млрд, ал алаңның энергетикалық қуаты 300 МВт-тан 1 ГВт-қа дейін жетеді.
Жаңа инвестициялық цикл тек капитал көлемін ұлғайтуға ғана емес, оның құрылымын өзгертуге де бағытталған. Бұл ретте өндірісті локализациялауға, терең өңдеуге, отандық жеткізушілерді дамытуға және жоғары қосылған құны бар өндірістерді құруға басымдық беріледі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью