Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АСТАНА, 2 ақпан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан журналистерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров жазды.
Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары Әділетті Қазақстанды құруға және қоғамда "Заң мен тәртіп" қағидатын орнықтыруға елеулі үлес қосып келе жатқанына назар аударды.
Президент мерзімді баспасөз өкілдерін конституциялық реформаны, сондай-ақ тұтас мемлекеттік жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған басқа да ауқымды өзгерістерді БАҚ-та жариялау кезінде конструктивті жұмыс істеуге үндеді.
"Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында патриотизм ұғымына жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарап, заңды құрметтеу арқылы егемендігімізді және тәуелсіздігімізді қорғау ұлты мен дініне қарамастан әрбір отандасымыздың міндеті екенін айтты", - деді Айбек Смадияров.
Мемлекет басшысы отандық журналистер осынау аса маңызды іске белсенді атсалысатынына сенім білдіріп, оларға толайым табыс пен бақ-береке тіледі.
Еске салайық, 2023 жылы 2 ақпан Ұлттық басылым күні болып белгіленді. Бұл датаға 1913 жылдың 2 ақпанында Орынбор қаласынан "Қазақ" газетінің алғашқы саны жарық көруі себеп болды.