Профилактикаға басымдық беріледі

11.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Бүгінде құқық қорғау орган­да­рының, соттардың, әлеуметтік қыз­меттердің және дағдарыс орта­лықтарының жұмысы кезең-кезеңімен жетілдіріліп жатыр. Мысалы, 2024 жылдан бастап алғаш рет соттың отбасылық-тұр­­мыстық зорлық-зомбылық жа­саған адамдарға міндетті пси­хо­­логиялық көмек тағайындау мүм­­кіндігі қарастырылды. Нәти­же­сінде, осы күнге дейін 1 341 құ­қық бұзушыға міндетті пси­хо­логиялық түзету шаралары тағайын­далыпты. Ал қылмыстық істер бойынша тағы 139 адамға мін­детті психологиялық кө­мек көр­сету туралы шешім қабыл­дан­ған.

«30 дағдарыс орталығы, 160 Отбасын қолдау орталығы, үкі­мет­тік емес ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жүргізіліп жатыр. Алғашқы тоқсанның өзінде 3,4 мыңнан астам азамат дағдарыс орталықтарынан көмек алды, сондай-ақ 2 мыңға жуық бала қажетті қолдау шараларымен қамтылды. Арнайы бөлімшелерімізде 965 қызметкер еңбек етеді. Қабылданған ша­ра­лардың арқасында биыл жар­ты­жыл­дықта отбасылық-тұр­­­мыс­тық қатынастар саласын­дағы қыл­мыс­тық құқықбұзушылықтар саны 7,5 пайызға төмендеп, 1 620-дан ­ ­­­­­­1 ­­499-ға дейін азайды», дейді Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина. 

Негізі бұл мәселедегі назар аударар тұс – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың  қайта­ла­­­­­н­уы. Өйткені ІІМ жыл басынан бері 39 мыңға жуық тәуекел бағалауын жүргізіп, зорлық-зомбылықты қайта жасау қаупі жоғары шамамен 1,5 мың адамды анықтаған. Кейінгі жылдары мамандар да мұндай жағдайларда зорлық-зомбылық жасаған адамдармен жүйелі жұмыс жүргізу қажет екенін айтып жүр.

Осы мақсатта Бас прокура­ту­раның бастамасымен «Дағ­да­рыс орталықтары одағы» ЗТБ Фридрих Эберт атындағы қор­мен бірлесе отбасылық-тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық жаса­ған адамдарға арналған интер­вен­циялық орталықтар құру және пси­хологиялық түзету бағдар­ла­­маларын енгізу жобасын іске асырып жатыр.

Бұл тәжірибе Еуропа елде­рінде бар, тек оны біздің халық­қа бейімдеп нығайту керек. Осы ба­ғытта республикада 8 орталық жұ­мыс істейді. Бұл орталық­тар­да азаматтар психологиялық, құ­қық­тық және әлеуметтік көмек­ті бір жерден ала алады. Барлық орталық бірыңғай цифрлық плат­формаға қосылған. Ол 26 маман­ның жұмысын үйлестіруге және 30 мыңға жуық азаматтың өтіні­шін тіркеуге мүмкіндік берді.

«Бұл жүйеде көмек қолже­тім­ді болуы, мамандардың өзара үйлесімді жұмыс істеуі және тәжірибелік бағдарламалардың тиімділігі ерекше маңызды. Басты көрсеткіш – есептердегі сандар емес, отандастарымыздың қорықпай көмек сұрай алуы, отбасы ішінде қауіпсіздік пен өзара құрметтің орнығуы. Яғни біздің басты міндет – адамның өз әрекетін түсініп, мінез-құлқын өзгертуіне көмектесу», дейді Президент жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Снежанна Имашева.

Фридрих Эберт атындағы қор­дың еліміздегі өкілі Әлима Теңізбай мұндай бағдарлама­­лар­дың мақсаты жазаны алмастыру емес, зорлық-зомбылықтың алдын алу тек жәбірленушілерге көмек көрсетумен шектелмеуіне назар аудару екенін айтады. 

«Германияда жүргізілген зерттеулер агрессорлар түзету бағдар­ла­масынан толық өткен жағдайда оның тиімділігі 80 пайызға дейін жететінін көрсеткен. Егер біз алдын алу жұмысына көбірек көңіл бөл­сек, бұл мемлекет үшін де, қо­ғам үшін де болашаққа жа­сал­ған үлкен инвестиция болар еді. Сон­дықтан біздегі жобаның ма­ңызды бағытының бірі – ведом­ство­аралық іс-қимылды нығайту», дейді қор өкілі.

Қазір «Агрессорлармен жұ­мыс жөніндегі интервенциялық орталық» қанатқақты жобасына 26 адам қатысып жатыр. Олармен ко-терапия қағидаты бойынша 19 маман жұмыс істейді. Сот ше­шім­дерінің орындалуын полиция бақылайды, ал бағдарламаға қаты­су­шыларды сүйемелдеуді ден­саулық сақтау ұйымдарының және дағдарыс орталықтарының маман­дары қамтамасыз етеді.

Бағдарлама мерзімі әр адамға жеке белгіленеді. Кей жағдайда по­лиция қызметкерлері қажетті құ­жат­тарды жинап, тәуекелдерді баға­лау жүйесі арқылы адамды бағдарламаға қанша мерзімге жіберуге болатынын анықтайды. Ол әр істің ерекшелігіне байланысты үш айдан бір жылға дейін созы­лады. Себебі әр адам­ның мінез-құлқы, жасаған әре­кеті, отба­сындағы жағдайы әр­түрлі болуы мүмкін. Бұл жүйе елде кейін­гі екі жыл бойы қол­данылып жүр.

«Бағдарламаға қатысу­шы­лар­дың 23 пайызы – некені бұзу үдерісінде жүрген немесе ажы­расып кеткен азаматтар. Сол 26 қатысушының төр­теуі белгіленген тәртіпті бұзды. Яғни шақыртуды елемей, бағдарламаға қатысудан бас тартты. Мұндай жағ­дайда заңнамалық тетіктер қарас­тырылған. Олар сот шеші­мін орындауға міндетті», дейді «Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ төрағасы, Президент жанын­дағы Әйелдер істері және отбасы­лық-демографиялық саясат жө­нін­дегі ұлттық комиссияның мү­ше­сі Зульфия Байсақова.

Айта кетейік, жиында атал­ған спикерлерден бөлек «Қазақ­стандық қоғамдық даму инсти­туты» КеАҚ басқарма төра­ға­сы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­гра­фия­лық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова, са­рап­шылар қауымдастығының, үкі­мет­тік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью