Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Фото: istockphoto.com
Облыс прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитеттің үйлестіруімен алкогольсіз сусындар өндіретін зауыт салып жатқан Carlsberg Central Asia компаниясының заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етті. Жобаға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 177 млрд теңгені құрайды.
Аталған жобаның іске асырылуы жаңа жұмыс орындарын құруға, елдің өнеркәсіптік әлеуетін кеңейтуге және экономикаға қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Инвестициялық жобаны сүйемелдеу барысында прокуратура кедендік рәсімдеу кезінде болашақ өндірістік кешенді іске қосу үшін қажетті технологиялық жабдықтың негізгі элементі болып табылатын электр трансформаторының кідіртілгенін анықтады.
Кідірістің себебі кедендік декларацияны толтыру кезінде жіберілген қателіктер болған. Қалыптасқан жағдай инвестор үшін елеулі құқықтық салдарға, оның ішінде контрабанда белгілері бойынша әкімшілік және тіпті қылмыстық жауаптылыққа тартылу қаупіне, сондай-ақ жобаны іске асыру мерзімдерінің айтарлықтай созылуына алып келуі мүмкін еді.
Облыс прокуратурасы қабылданған шешімдердің заңдылығына тексеру жүргізді. Нәтижесінде компанияның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің жоқ екені анықталды. Уәкілетті орган қылмыс құрамының жоқтығы туралы ресми қорытынды шығарды.
Сонымен қатар инвесторды әкімшілік жауаптылыққа тартуға негіз болатын мән-жайлар да расталған жоқ.
Прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде технологиялық жабдық босатылып, жобаны одан әрі іске асыру үшін өндірістік алаңға жеткізілді.
Осының нәтижесінде нысан құрылысының мерзіміне теріс әсер етуі мүмкін әкімшілік кедергілер жойылды. Қабылданған шаралар инвестордың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етіп, жаңа өндірісті уақытылы пайдалануға енгізуге қолайлы жағдай жасады.
Прокуратура инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысын жалғастырып, қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету және адал бизнесті қолдау бойынша жүйелі шараларды жүзеге асыруда.
Облыс прокуратурасы әкімшілік кедергілерге және өзге де құқық бұзушылықтарға тап болған инвесторларды Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топтың +7 (701) 333-13-12 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.