Психолог: Интернетке тәуелділік пен лудоманияның ұқсастығы көп

09.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Фото: Egemen.kz / ChatGPT

DataReportal аналитикалық платформасының дерегінше, елімізде Instagram әлеуметтік желісінің 13,1 млн, Facebook-тің – 2,50 млн, ал TikTok желісінің 18 жастан асқан 16,9 млн пайдаланушысы бар. Миллиондаған халық күніге смартфонның бетін сырғытып, шегі мен шеті жоқ желінің шырмауында отыр. Осы орайда, бұрын Google компаниясында жұмыс істеген, қазір американдық технология этикасының маманы Тристан Харристің кең тараған пікірі еске түседі.

«Әлеуметтік желілер біздің назарымыз үшін бәсекелеседі. Олар психологиядағы осал тұстарды пайдаланып, экран алдында көбірек уақыт өткізуге итермелейді», деген еді.

«Кибер Тұмар»: интернетке тәуелділіктің алдын алу

Ол сондай-ақ шексіз лента, лайк, хабарлама сияқты функциялар адамның миындағы марапаттау механизмін іске қосатынын бірнеше рет айтқан.

Google компаниясының агенті Нұржол Табиғат та осы пікірмен келіседі. Оның айтуынша, ғаламторды саналы түрде, уақытымен пайдалану әр адамның өзіне байланысты.

«Менің ойымша, интернетке тәуелділік кездейсоқ пайда болмайды. Қазір барлық сайттар мен қосымшалар адамның назарын мүмкіндігінше ұзақ ұстап тұру үшін өзара бәсекелеседі. Олар қолданушының әрекеттерін талдап, қызығушылығына сай түрлі контент ұсынып отырады, сондықтан адам байқамай көп уақытын желіде өткізіп қоюы мүмкін. Бірақ соңғы шешім бәрібір адамның өзінде, сондықтан интернетті саналы түрде пайдалану маңызды», дейді Нұржол Табиғат.

Әдетте, телефонға телміріп, ішіндегі желілерді ақтарып отыра беру жай қызығушылық немесе уақыт өткізу болып көрінгенімен мамандар оның бізге білінбейтін тәуелділік екенін айтады. Мәселен шексіз жаңалықтар таспасын ойлап тапқан бағдарламашының бірі Аза Раскиннің айтуынша, бұл – психологиялық механизм.

«Егер сіз экранды төмен сырғыта берсеңіз, келесіде не шығатынын білмейсіз. Бұл казино автоматтарына ұқсас психологиялық механизм», дейді ол.

Бұл пікірді психолог Анаргүл Ибрайымбекова да құптайды. Маман интернетке тәуелділік пен лудоманияның ұқсастығы көп екенін айтады. Мәселен, лудоман ұтыс күтсе, интернетке тәуелді адам жаңа видео, хабарлама немесе жаңа ойын деңгейін күтеді. Екеуінде де ми үнемі жаңа әсер мен марапат іздейді.

«Лудомания ақшаны ұрлайды, ал интернетке тәуелділік уақытты, зейінді және шынайы өмірді ұрлайды. Бұл – көзге көрінбейтін тәуелділік. Ол алкоголь, темекі немесе лудомания сияқты адамның миындағы ләззат алу жүйесіне әсер етеді. Интернетке тәуелділік пен лудоманияның ұқсастығы өте көп, себебі екеуі де миды марапаттау (дофамин) жүйесіне әсер етеді», дейді психолог.

Қазақстандағы лудомания мен ойын бизнесі: Отандық ғалымдардың ғылыми еңбектері таныстырылды

Оның айтуынша, екеуінде тоқтату қиын.

«Лудоман «соңғы рет ойнаймын» дейді, бірақ қайтадан ойнайды. Интернетке тәуелді адам «5 минут қараймын» деп, бірнеше сағатын өткізіп алады. Дофаминге тәуелділік жоғары болып келеді. Лудоманияда ұтыс үміті дофамин бөледі. Ал интернетте жаңа видео, лайк, хабарлама немесе ойын жетістігі береді. Лудоман бұрынғыдай әсер алу үшін көбірек ойнайды. Интернетке тәуелді адам бұрынғыдан ұзақ уақыт экран алдында отырады. Екеуінде де адам шынайы өмірден қашады, күйзеліс, жалғыздық немесе проблемаларды ұмыту үшін тәуелді әрекетке жүгінеді», дейді Анаргүл Ибраймбекова.

Психологтың айтуынша, лудоман ұтылыстан мазасызданса, ғаламторға байланған жан телефоны мен интернеті болмағанда ашуға бой алдырады. Жақын адамдарына көңіл бөлуді азайтып, отбасылық қарым-қатынасы қиындай түседі.

«Интернетке тәуелділік – ол адамның миын тез әрі оңай ләззат алуға үйретеді. Соның салдарынан ұзақ күш салуды қажет ететін істер қызықсыз болып көріне бастайды, дейді ол.

Қазір туа салып, телефонның «құлағында» ойнайтын бала көп. Олар интернет арқылы ойналатын ойындарды меңгеріп алғаны сонша, сол ойынның ішінде өзін суда еркін жүзген балықтай сезінеді. Алайда телефонның қуаты таусылып немесе жеңіліс тапса, жан-жағының астаң-кестеңін шығарады.

«Балалардың зейіні әлсірейді, тілі шықпай, қиялы мен шығармашылық ойыны азаяды. Қатарластарымен қарым-қатынас жасау дағдысы әлсірейді. Сабақта ұзақ отыра алмай, нұсқауды соңына дейін тыңдамайды. Сонымен қатар эмоцияны басқара алмай, телефонды алып қойғанда ашуланып, күте алмайды. Қалауы бірден орындалмаған жағдайда жылайды немесе агрессия көрсетеді», деп түсіндірді психолог.

Лудомания: Заңның жауапкершілігі бәрімізге ортақ

Сондай-ақ балада әлеуметтік дағдылардың дамуы тежелуі мүмкін:

көзбе-көз сөйлесу қиындайды; эмпатия (басқаны түсіну) әлсіз дамиды; қақтығысты шешу дағдылары қалыптаспайды.

Ал ересектерде:

Ақпараттық шаршау; күні бойы ақпарат қараған адам өзін демалғандай сезінгенімен, миы шаршап тұрады; ұйқы бұзылады; концентрацияның төмендеуі; кітап оқу, есеп жазу, құжатпен жұмыс істеу қиындайды; жалғыздық сезімі, әлеуметтік желіде көп уақыт өткізу шынайы қарым-қатынасты алмастыра алмайды.

Лудоманиямен күрес: Бірыңғай есепке алу жүйесі деген не

Маманнан кеңес

Психолог маманның айтуынша, интернетке тәуелділік ол адамның ішкі қажеттілгін, яғни, жалғыздық, стресс, мазасыздық, өзін бағалаудың төмендігін уақытша басудың тәсілі. Сондықтан өзімізге уақытша қуаныш сыйлаймыз деп одан әрі тұңғиыққа батудың керегі жоқ. Керісінше, тәуелділіктен арылатын жол іздеу қажет. Ол үшін ең алдымен телефонның ішіндегі қажетсіз бағдарламаларды өшіріп, басқаларын бір папкаға жинап, әр апта сайын ең аз пайдаланатынын өшірген абзал. Сонда өзіңізге не керегін нақты білетін боласыз. Алайда тәуелділіктен құтыламын деп, бәрін бірден тыйып тастамаған жөн.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью