Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
АСТАНА, 16 сәуір – Sputnik. Жамбыл облысында 9-сынып оқушысын суицид жасауға дейін жеткізген үш адамға қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.
Бір жыл бұрын Тастөбе ауылында 15 жастағы бозбала өз үйінің қорасында асылып өлген. Сол кезде полиция өзіне-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.
"Ауылдың 22 жастағы тұрғыны мен 10-11-шы сыныптың екі оқушысы күдікті ретінде танылған. Тергеу материалдарына сәйкес, 7–11 сынып оқушылары арасында "бейресми көшбасшылар" болған", - дейді прокуратура.
Олар "үлкендер" болып, өздерінен кіші балаларды қорқытып, психологиялық қысым көрсеткен. Тіпті, еңбекке мәжбүрлеу фактілері де анықталды. Өз-өзіне қол салған оқушы да "авторитет" болған азаматтың үйінде мәжбүрлі түрде құрылыс жұмыстарын атқарған.
Сотта үш күдіктінің де кінәсі толығымен дәлелденді.
22 жастағы сотталушы 8 жыл бас бостандығынан айырылса, оның кәмелетке толмаған екі сыбайласының әрқайсысына 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.