Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ресей басшысының көмекшісі Юрий Ушаков хабарлады, деп жазады Arasha.kz.
Оның айтуынша, әңгіме АҚШ президентінің бастамасымен өткен. Кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді, соның ішінде Иран төңірегіндегі жағдай мен Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздерді талқылаған.
Юрий Ушаковтың сөзінше, екі ел басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты пікір алмасқан. Владимир Путин Иран төңірегіндегі жағдайды саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажет екенін атап өткен. Сонымен қатар Ресей президенті Парсы шығанағы елдерінің жетекшілерімен өткізген келіссөздерінің нәтижесінде қалыптасқан бағаларын бөліскен.
Сондай-ақ әңгіме барысында Украинадағы қақтығыс мәселесі де қозғалған. Ушаковтың айтуынша, Путин АҚШ пен Дональд Трамптың бұл бағыттағы делдалдық әрекеттерін оң бағалаған.
"Путин Украинадағы қақтығысты реттеуде АҚШ пен Трамптың жеке арағайындық әрекеттеріне оң баға берді", – деді Ушаков.
Оның айтуынша, екі ел басшыларының әңгімесі іскерлік, ашық әрі конструктивті сипатта өткен. Өз кезегінде Дональд Трамп та Путинмен болған әңгімеге оң баға берді.
"Мен президент Путинмен өте жақсы әңгіме өткіздім", – деді ол баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар Трамп әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт өсуіне байланысты ресейлік мұнайға қатысты санкцияларды жұмсарту мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.
Ал Иранға қатысты пікір білдірген АҚШ президенті қақтығыс аяқталуға жақын екенін жеткізді.
"Оларда флот та, байланыс жүйесі де, әскери-әуе күштері де жоқ", – деді Трамп.
Оның айтуынша, оқиғалардың дамуы өзі күткеннен де жылдам жүріп жатыр.