Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Шымкентте 26 жастағы келіншекті өлтіру ісі бойынша сот үкімі апелляциялық тәртіпте қайта қаралып, жаза мерзімі ұлғайтылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Үй тазалауға барған Диана Оңғарбаеваның өліміне қатысты 16 жастағы сотталушы бұған дейін 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған еді. Марқұмның туыстары бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Нәтижесінде сот жаза мерзімін 1 жылға арттырып, түпкілікті 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Сот шешіміне сәйкес, Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі және 188-бабы 1-бөлігі бойынша тағайындалған жазалар толық қосылып, түпкілікті үкім белгіленді. Сонымен қатар моральдық зиянды өтеу көлемі де ұлғайтылды: Қарлығаш Оңғарбаева мен Айдана Оңғарбаеваға төленетін өтемақы 5 миллион теңгеге дейін, ал Жаппаровтың пайдасына өндірілетін сома 10 миллион теңгеге дейін көбейтілді.
Айыптау актісінде прокурор сотталушының мәйітке қатысты әрекеттері жөнінде де мәлімдеген еді. Бірақ сот барысында айыпталушы бастапқы жауабынан бас тартып, бұл эпизод бойынша жеткілікті дәлелдер ұсынылмағандықтан, айып алынып тасталды.
Марқұмның анасы сот үкімімен келіспейтінін айтып, тағайындалған жаза тым жеңіл екенін жеткізді.