Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Мемлекет басшысы сұхбатында осылай деді.
Сонымен қатар технология саласындағы нағыз әлемдік алпауыттар – АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке қыза түскенін атап өтті. Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. ІТ-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері бар. Былтыр ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін.