Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Бұл туралы бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында елдегі су тасқыны жағдайына байланысты өткен мәжіліс барысында айтылды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Жиын барысында сонымен қатар 1 наурыздан бастап ТЖМ-нің жедел су тасқынына қарсы штабы жұмыс істеп жатқаны айтылды. Жағдай тәулік бойы бақылауда, барлық қызметтердің әрекеті нақты уақыт режимінде үйлестіріледі.
Өңірлерде ауқымды жұмыстар жүргізілді: бөгендер нығайтылды, өзен арналары тазартылды және тереңдетілді, дренаж жүйелері мен каналдар жөнделді, су өткізу құрылыстары жаңартылды.
Бұл шаралар өз нәтижесін берді:
- 234 елді мекен қорғалған
- 736 елді мекен үшін су басу қаупі төмендетілді
- 1 242 су тасқыны қаупі бар елді мекеннің 272-сі үшін қауіп әлі де сақталып отыр.
Оңтүстік өңірлерде су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Қазір су тасқынының шарықтау кезеңі Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай мен Абай облыстары бақылауда.
Наурыз айының басынан бері Абай облысында жеке тұрғын үйлерді су басудың 6 жағдайы тіркелді. Олар ауа температурасының күрт жылынуы мен жауын-шашынның салдарынан болған. Қазіргі таңда барлық салдар жойылды.
Автожолдарда барлығы 22 судың тасуы және 1 жолды су шаю фактісі тіркелді . Қазіргі уақытта 5 жағдай бақылауда.
Жағдай жерден де, әуеден де бақылауда: 13 өңірде 29 әуеден барлау жүргізіліп, 196 елді мекен қамтылды. Мониторинг әлі жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар алдын алу шаралары да қолға алынған:
- 7 млн м³-ден астам қар шығарылды
- 126 мың тонна жанар-жағармай қоры дайындалды
- 374 мың тонна инертті материалдар әзірленді
- 4,5 млн қап қоры қалыптастырылды
- 275 мың м²-ден астам аумақта 192 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді
Жедел әрекет ету үшін ауқымды күштер тобы жасақталған: 39 мыңнан астам адам, 12 мыңнан астам техника, 4 мыңнан астам су сору құралдары және 700 жүзу құралы дайын.
Барлық қызметтер жоғары дайындық режимінде жұмыс істеп жатыр. Қажет болған жағдайда күштер жедел түрде күшейтіліп, шешімдер жедел қабылданады.
- БАҚ өкілдеріне ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығының Ахуалдық залы көрсетілді, онда су тасқынын болжаудың ақпараттық жүйелері көрсетілді,-делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүнігі басқосуға Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «Қазгидромет» РМК өкілдері де қатысты.
Осыған дейін Батыс Қазақстанда қар суы ауылға кіреберіс жолды шайып кеткені туралы жаздық.