Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Бүгін «Қайрат» клубы әйгілі «Арсеналға» қарсы ойнайды.
Алматылық ұжым чемпиондар лигасы аясындағы соңғы матчын Лондонда өткізеді. Бұл кездесуде “зеңбірекшілердің” фаворит екенін айтуға тиіспіз.
Бүгін қазақ футболы үшін тарихи матч. 6 мыңға жуық шақырымды артқа тастаған алматылықтар 60 мыңнан астам жанкүйердің алдында өнер көрсетеді. Яғни Лондонда атақты Emirates стадионында доп тебеді. “Арсенал” осыған дейінгі клубтармен салыстырғанда ең қиын қарсылас. Бағы мен бабы келіскен “Зеңбірекшілер” чемпиондар лигасынан бөлек ағылшын премьер лигасында да көш бастап тұр.
Жандос Айтбайұлы, спорт сарапшысы:
- Арсенал чемпиондар лигасында ұпайдан шашау шығармай келе жатқан жалғыз команда. Ертең қандай құраммен ойнаса да Арсеналдың асығы алшысынан түсетіні анық. Команданың бабында екені түсінікті. Өздерінің алдына қойған мақсаты бар. Ол барлық жарыста жүлде алу.
Дәл қазір 7 турдың қорытындысы бойынша "Қайрат" турнир кестесінде 1 ұпаймен ең соңғы орында келе жатыр. Арсенал 21 ұпаймен жеке дара көш бастап тұр. Одан кейін "Бавария", "Реал Мадрид" сынды алпауыт клубтар жайғасқан.
Әлім Дінасылов, спорт журналисі:
- Қазақстаннан арнайы осы ойынға келдік Лондонға. Атмосфера туралы айтатын болсақ әзірше ондай сезілмейді. Естіп жатырмыз ертеңгі ойынға 500-ден астам жанкүйер келеді деп күтілуде. Билет бағасы нақты осы ойынға қатты қымбат болған жоқ. 30-35 мыңдай шықты. Астана, Алматыдағы ойындармен салыстырғанда арзанырақ шықты.
Матч Астана уақытымен түнгі 00:50-де басталады. Ойынды отандық арналар тікелей эфирде көрсетеді.
Мерей Қанапия, Қанат Махмұдов