Қайта тірілген аңыз

02.04.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Театр әлемінде бұған дейін көрсетілмеген кейіпкер ретінде «Қажымұқан» театрсүйер қауымды бірден баурап алды. Атақты палуанның туғанына 155 жыл толуына орай Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры сахналаған қойылымды біз де тамашаладық. Ерекшелігі сол, дәстүрлі драмалық форма мен классикалық қойылым шеңберінен шығып, синтетикалық театр эстетикасына ұмтылған. Яғни, музыка, хореография, акробатика және сценографияны үйлестіру арқылы көрерменге кең эмоциялық тәжірибе ұсынады.

Әке өсиеті палуан етті 

Біздің пайымдауымызша, шығарма­шылық топ Қажымұқанды «алып күш иесі» ретінде көрсетуден гөрі, палуанның ішкі трагедиясы мен адамдық болмысын ашуға тырысады. Қойылымның алғашқы минуттарында бала Қажымұқанның  палуан болары айқын көрініс тапқан. Әкесі баланың бойындағы күшті байқа­ғаннан бастап «Менің жасымда мен шық­паған тұғырға сен шық. Әлемді ба­ғындыр» деп ұлына өсиет айтумен болады. Бұл – әкенің жалғыз арманына айналады. 

Кейіпкердің үш түрлі жас кезеңі сомдалған. Бала Қажымұқанды Ернар Сылқымбек ойнап шықты. Ол болашақ алыптың бұлқынысын, физикалық әрекеттерді палуандық стандартқа сай ойнап шықты. «Бес рет айналып жүгір» деген әкесінің сөзін бұлжытпай орындаған бала, соңғы айналымда бозбала Мұқан ретінде сахнаға шыққанын көрермен бірден байқай алады. Бұл – қойылымның композициялық құрылымындағы назар аударатын тұсы еді. Бозбала Мұқан Бейбарыс Асқарбековтің актерлік шеберлігімен көрерменге ұсынылды. Бұл кезеңде Қажымұқан алғаш рет әлеуметтік қайшылыққа араласып, Янушкинмен жер мәселесіне байланысты соқтығысты пластикалық тұрғыдан ширақ жеткізді. Спектакльдің драмалық кульминациясын көтерген палуанның тұлға болып қалыптасып, рингтерде бақталасқа түсетін кезі, Қажымұқанның бұл кездегі образын сомдаған – Бағлан Иманғазинов.

Палуанға қанат бітірген әке өсиеті оны Санкт-Петербургтегі күрес және цирк мектебінде өнерін әрі қарай ұштауға ықпал етеді. Балуан Шолақтың ақ батасын алып жолға аттанған ол батыр Иван Лебедевтің күрес мектебіне түсіп, әбден шеберлігін шыңдайды. Осы тұста көрермен күтпеген әрекет назарды сахнадан бірден жұлып әкетіп басқа жаққа бұрды. Балуан Шолақтың образындағы Ілес Көпбосынов сахнадан емес, көрермен залындағы балконнан домбырамен әндетіп шығып, нағыз сал-серіліктің табиғатын айнытпай көрсетті. Балуан Шолақ өзінің емес, ұстаз тұтқан Біржан салдың «Он саусақ» әнін шырқайды. Оның себебі аз да болса көрерменге ұстаз бен шәкірт арасында құрметті көрсету еді. Балуан Шолақтың образы сахнада осымен тәмамдалса да, Қажымұқанның өміріне елеулі үлес қосқан тұлға екенін көрермен жадына нық қадап кетті. 

«Әр трюкті актерлер жасады»

«Қажымұқан» премьерасының режиссері – Ақниет Жақсығали. Ол қойылым арқылы палуанның ішкі адамдық болмысын, жалғыздығын, жауапкершілік жүгін, рухани қайсарлығын ашуға ұмтылғанын айтады. Шығарма­шылық топ ақпарат жинау барысында құрғақ дерекке сүйеніп қоймай, әдеби еңбектер, архив материалдары, зерттеу­шілердің еңбегі, ауызша тарихтың бәрін парақтаған.

– Көп жағдайда Қажымұқанды біз аңыз адам ретінде танимыз. Бірақ мен үшін сахнадағы маңыздысы – оның «адам» ретіндегі күйзелісі, таңдауы, күдігі мен сенімі болды. Себебі көрермен тек батырды емес, өзіне ұқсас тағдыр иесін көргенде ғана шынайы әсер алады. Осы тұрғыда, мен Қажымұқанды мифтік бейнеден тірі, тынысы бар, жүрегі соғатын тұлға деңгейіне түсіруге тырыстым. Дайындық үдерісі шамамен үш айға созылды. Бірақ сол үш айдың әр күні  ізденіске, толғанысқа, жаңадан тануға толы кезең болды. Палуанның ұрпақ­тарымен кездестік. Шөбересі Айкен Мұқанның шаңырағында болып, өз ауыздарынан естелік, деректер жинадық. Екінші кезең – шығармашылық зертхана. Пьесаны құрастыру, инсценировка жасау, үстел үсті оқылымдар – осының барлығы біртіндеп қойылымның драма­тургиялық негізін қалыптас­тырды. Әр мәтін, әр реплика бірнеше мәрте сүзгіден өтті. Біз үшін сөздің салмағы, үннің дәлдігі өте маңызды болды. Ал ең күрделі кезең – дайын­дықтың физикалық және ру­хани тұрғыда ең ауыр уақыты, яғни ораза айымен тұспа-тұс келген сәт болды. Актерлер күні бойы ауыз бекітіп, соған қарамастан толыққанды дайындық жүргізді. Ауызашарға дейін жұмыс істеп, кейін де тоқтамай, кешкі жаттығуларды жалғастырды. Біз қазақтың табиғаттан берілген тамырмен аққан ұлттық рухын сахнада сезіндіруге нық қадам жасадық. Көрерменнің санасына сол бір дәнекті ектік. Ал оның әрі қарай бүршік жаруы уақыт мәселесі, – дейді режиссер Ақниет Жақ­сығали.

Қазақ сахарасынан шығып, әлемдік аренаны мойындатқан аңыз тұлғаны сахнаға бейімдеу оңай емес екенін әр көрермен іштей сезіп те отырды. Өйткені, сахна мәдениеті үлпілдек мақтадай жұмсақ болса, палуандық ауыр тастың өл­шемімен пара-пар. Ал осы екі бөлек әлемнің үйлесімін табу – режиссерге жүктелген ең ауыр міндеттің бірі іспетті. Десе де, шығармашылық топтың әрбір мүшесі өз жұмысын деңгейінен де жоғары орындағанын мойындау керек. Өйткені, залда отырған көрермен бір сәтке болса да, сахнада өнер көрсетіп тұрған актер не палуан екенін ажырата алмай, ішкі ойымен күресті. Демек, театр ұжымы аз да болса сахналық шындыққа жақындай түскен. Режис­сердің айтуынша, сахнада өнер кө­р­сеткен палуан да, акробаттар мен әуе гимнастары да – театр актерлері. Барлық акробатикалық трюктер мен күрес элементтерін актерлер өздері орын­даған. Яғни, режиссер дублер қол­данудан бас тартып, сахнаға шынайы кө­ріністі шығаруға тырысқан. 

– Әр құлау, әр қарсыласу, әр фи­зикалық әрекет актердің ішкі күйімен тікелей байланысты болуы керек болды. Бұл үлкен дайындықты талап етті. Осы бағытта біз сырттан кәсіби мамандарды тарттық: цирк әртістері, акробаттар, күрес палуандары арнайы шеберлік сабақтарын өткізді. Олар актерлерге тек техника үйретіп қана қоймай, қауіпсіздік, серіктеске сенім, сахналық тәртіп секілді маңызды қағидаларды сіңірді. Бұл біздің қойылымның физикалық тілін қа­лыптастырған үлкен мектеп болды. Ал актерлерді таңдау барысында біз, ең алдымен, олардың ішкі қуатына, рухани дайындығына мән бердік. Бұл рөлдерге тек жақсы ойнайтын емес, физикалық тұрғыдан тәуекелге бара алатын, өзін шектен асырып, жаңа деңгейге көтеруге дайын әртістер қажет болды, – деді режиссер. 

Сахна, шынында да, ринг емес. Сондықтан экшн, күрес, төбелес көріністерін қою барысында актерлерге, ең алдымен, қауіпсіздік пен сахналық дәлдікке сүйену қажет. Көрерменге шынайы, тіпті қауіпті көрінген бұл әрекеттің артында үлкен тәртіп пен бақылау жатыр. Бір сөзбен айтқанда, «Қажымұқанға» келгендер қойылыммен қатар, киноның да, цирктің де, шоудың да көрерменіне айналады. Әсіресе, спектакль цирк аренасына ауысқанда актриса Сая Саяттың әуе акробатикасы арқылы көрермен залының үстінен өтуі қойылымның эстетикалық шарықтау шегі ретінде есте қалды. 

Рингке айналған сахна

Премьера туралы айтқанда, оның мазмұны тікелей Қажымұқанның рингтегі күрестері жайында болатынын алдын ала білеміз. Сондықтан қойылым мазмұнын былай түсіндіруге болады: Санкт-Петербургке келгеннен кейін палуанның өмірі түбегейлі күрес жолына түседі. Содан бастап оның «Мұханура», «Қара Иван», «Қызыл маска», «Ямагата», «Қара Мұстафа» деген лақап аттары қалыптасқан. 

Қажымұқанның алғашқы белдесуі күрес және цирк мектебіне келгенде басталады. Ол жерде Иван Поддубныймен қарсылас болып, алғашқы белдесудің өзінде жеңіске жетеді. Сол жеңіс палуанды Еуропаға алып барады. Келесі қарсыласы Том Кеннедиді де жығып, түрік палуаны Нуруллахпен қарсылас болуға мүмкіндік алады. Ол Түркияда өнер көрсеткенде «Қара Мұстафа» деген лақап атпен рингке шыққан. Онда Қажымұқанның жолын кес-кестеп: «Сен орыстың атынан жеңіске қол жеткізбексің. Ал біз бәріміз ортақ түбі бір түркі халқымыз. Сондықтан жеңістен бас тарт» дегендер де табылған. Алайда түрік палуаны Қажымұқанды жыға алмасын біліп: «Есіміңе Қажы сөзінің қосылып, Қажымұқан атануыңа септігімді тигізгім келеді» деп ниетін білдіреді. Өйткені бұл белдесуден озық шыққан палуан Меккеге жолдама алатын еді. Осылайша, қажы­лықтан кейін Мұқан деген есіміне «Қажы» деген мәртебе қосылып, Қажы­мұқан есімімен атағы шыға бастайды. Осы есіммен ол алғаш рет 1912 жылы Саратов қаласында өнер көрсетті.

Қазақ палуанының жапон палуаны Саракики Джиндофумен болған жекпе-жегін ерекше атап өткен жөн. Француз күресінен ресми чемпионат аяқ­талғаннан кейін Саракики кілемге шығып, джиу-джитсудан кез келген палуанды жеңе аламын деп жиналған спорт­шыларды жекпе-жекке шақырады. Сонда Қажымұқан оған қарсы шыққан. Белдесуде Қажы­мұқан жапон палуанын алып ұрып, жерге жығып бет терісін сыпырып алады. Мұндай ауыр физикалық көріністер көрер­менге қазақ палуанының қандай алып, бірбеткей болғанын көз алдына алып келді.

Тағы бір айта кететін жайт, қойы­лымның шиеленісу шегінде Қажымұқан өз махаббатын жолықтырып, туған ауылына бірге аттанады. Орыстың Надеж­да есімді қызын қазақшалап Фа­тима деп атайды. Палуанның тышқаннан қорқатыны туралы көпшілік білмесе керек. Алайда бұл – факт. Осы қызық дерек қойылымда да көрініс тауып, Қажымұқан мен Надежданың жақын та­нысуына ықпал етеді. 

Екі кейіпкер арасындағы сезім желісі спектакльге ерекше лирикалық реңк берді. Олардың орындауындағы күрделі акробаттық нөмір сезімдерінің нәзіктігін және бір-біріне деген сенімін пластикалық тіл арқылы шебер жеткізіп, қойылымның эстетикалық шарықтау шегіне айналды. Қойылым дәстүрлі хэппи-эндпен аяқталудан алыс. Әкенің қазасы туралы суық хабарды естігенде, сахна бірден күрең түске боялып, кейіпкердің ішкі сезімі сол түс арқылы жеткізіледі. Бағлан Иманғазинов сомдаған кейіпкердің мола басындағы тебіреніске толы монологы көрерменді бейжай қалдыр­мады. Ол өзінің иеленген барлық мара­паты мен медалін әкесінің басына қойылған тасқа байлауы ата-ананың батасы мен тектік тәр­биеде екенін меңзеген символдық ишара болды. 

Театр ұжымы «Қажымұқан» пре­мьерасын қоярдың алдында палуан туралы бірнеше фактіні жинаған екен. Оларды қойылым соңында экран арқылы көрерменге ұсынды. Соның ішінде Қажымұқан көтерген тасының салмағы 480 кг болғаны және ол Баянауыл өлкесінде мәңгілік ескерткішке айнал­ғаны, атасы ағашты тамырымен жұла­тыны, өзінің салмағы 174 келіге дейін барғаны, палуанның түстерді ажырата алмағаны және суды қасықпен ішкені жайлы деректер айтылады. Сөйтіп, қо­йылым танымдық мәні артқан шынайы оқиға ретінде түйінделді. Залдағы көрерменнің тоқтаусыз қолшапалағы туындының сәтті шыққанының және жүректерден орын тапқанының ең басты дәлелі болды.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью