Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Абаттандыру жұмысының нәтижесінде жаяу жүргіншілер аймақтары пайда болып, саябақ аумағы түгел көгалдандырылды. Ал айналасына жергілікті климатқа бейімделген шынар, үйеңкі, катальпа, қарағай, шаған секілді неше түрлі саялы ағаш көшеттері егілді. «Shymkent City» – саябағы демалыс аймағы ғана емес, сәулеттік өнер туындылары тоғысқан ғажайып мекен. Бұлай дейтін себебіміз, онда қазақ елінің тарихи шежіресін бейнелеген «Qazaq Eli» іргелі барельефін көруге болады. Сонымен бірге «Глобус» арт-нысаны да сәулеттік өнердің бір туындысы болып табылады. Онда еліміздің тарихи-мәдени мұрасы нақышталған. Халқымыздың дәстүрі, ұлттық рәміздері мен қаланың көрікті жерлері осы бір сәулеттік ескерткіштің бойынан табылып тұр. Жалпы, осындай сипаттағы саябақтың құрылысы қаланы дамытудың, жайлы орта қалыптастырудың маңызды жоспарының бір бөлшегі саналады. Сондықтан келешекте бұл жер қала тұрғындарының демалатын, спортпен шұғылданып, серуендейтін таптырмас орнына айналары хақ. Одан бөлек көріктендіру, жайлы орта қалыптастыру мақсатындағы мұндай жобаның іске асырылуы Шымкентті нағыз жасыл, өмір сүруге қолайлы мегаполис етудің нақты қадамы болып отыр.
Сондай-ақ қала күні мерекесі қарсаңында шаһар басшысы Ғ.Сыздықбековтің қатысуымен Астана шағын ауданында жаңа Гүлдер аллеясы ашылды. Гүлзар абаттандыру, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы маңызды жобаның бірі болып табылады. Сәулетшілер мен құрылысшылар жаңа аллеяны гүл саудасын бір ретке келтіру, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту, шаһардың заманауи сәулеттік келбетін қалыптастыру мақсатында салынғанын айтады. Гүлзарда кәсіпкерлер мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. Оны бірыңғай стильдегі павильондар мен тартымды сыртқы көрініс арқылы білуге болады. Аталған жобаны іске асырудан бұрын сауда ғимараттарының үздік сызба жұмысына арнайы байқау жарияланыпты. Осы мақсатқа орай құрылған жұмыс тобы үміткерлердің ұсыныс жобаларын қарай келе, ішінен сәулеті мен заманауи стилі келіскен ең ұтымды нұсқасын таңдап алған. Бұл ретте айта кеткен жөн, Гүлдер аллеясы 3 мың шаршы метр аумақты құрайды. Оның құрылысын жүргізуге инвестор 1 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсаған. Аллеяның ашылуымен жүзге жуық жаңа жұмыс орны пайда болып, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беріп отыр. Өз кезегінде қала әкімдігі кәсіпкерлерге жер телімдерін ұсыну, инженерлік-коммуникациялық жүйелерді тартумен көмек қолын созды. Әкімдік пен бизнестің өзара серіктестігінің арқасында қалада маңызды бір кәсіпкерлік әрі сәулеттік нысан пайда болды. Шаһар басшысы өз сөзінде аталған жобаның ерекшелігіне тоқталып, қаланы дамытудың, бизнес саласын ілгерілетудің сәтті бастамасы екенін атап өтті. Сондай-ақ әкім жаңа аллея қаланың сәні ғана емес, тұрғындарға жасалған жайлы орта екенін де қоса кетті. Ал гүлзар павильондарының құрылысы толық аяқталып, жалпы кешен сауданы қыздыруға сақадай сай. Бұл орын да шымкенттіктер мен оның қонақтары үшін қаланың көрікті жерін аралайтын тамаша мекеннің бірі болары анық.
Текесу тұрғын алабындағы жаңа мәдениет үйінің пайдалануға берілуі қала күні мерекесімен тұспа-тұс келді. Халықтың осынау қуанышын бөлісу үшін қала әкімі Ғ.Сыздықбеков арнайы тұрғын алапқа барып, мәдениет ошағының жұмысымен танысты. Сөзсіз жаңа мәдениет нысанын жергілікті тұрғындар көптен бері асыға күткен еді. Кезінде халықпен болған кездесуінде қала әкімі оның құрылысын салу туралы арнайы тапсырма берген болатын. Бұл, сондай-ақ, әрі қалалық инфрақұрылымды дамытудың бірден-бір нәтижелі көрінісі болып отыр. Бүгінгі заманға сай мәдениет сарайының құрылыс мәселесін тұрғындар өткен жылдың басында әкіммен болған көшпелі кездесуде қозғаған еді. Сонда елді мекен халқы мәдени іс-шара өткізетін, балалардың бос уақытын тиімді пайданалатын, олардың шығармашылығын шыңдайтын орын таппай қиналып жүргендерін жеткізген. Енді бүгінде бұл мәселе толық өз шешімін тапты. Жаңа нысан ескі мәдениет үйінің орнынан бой көтерді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсіпкерлер оның құрылысын өз қаражаттары есебінен салды. Өз кезегінде шаһар басшысы мәдениет үйі құрылысының жобасы қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудың, халықтың жағдайын жасаудың негізгі басым бағыты екенін жасырмады. Сонымен қатар жаңа мәдени нысан елді мекен тұрғындарына, әсіресе жастарға түрлі шығармашылықпен айналысып, рухани тұрғыдан өсуіне қызмет ететініне үлкен сенім білдірді. Осы орайда жаңадан есік ашқан мәдениет ошағында түрлі мәдени-бұқаралық іс-шара өткізуге, шығармашылық кездесулер ұйымдастыруға, сондай-ақ үйірмелер жұмысын қолға алуға толық жағдай қарастырылған. Мәселен, алдағы уақытта мұнда вокал, хореография, сәндік-қолданбалы өнер үйірмелеріне балалар қабылдап, оқу залын ашу жоспарланып отыр.