Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Суретті түсірген Ерлан ОМАР/ Egemen.kz
Журналист «Соңғы мүмкіндік» атты кітабында ел мен жердің, мемлекет пен ұлттың кешегісі мен бүгінгісін таразылай отырып, келешегіне қатысты толғанысын, алаңдаушылығын жеткізеді. Жинақтың «Соңғы мүмкіндік» деп аталуының өзі терең мағынаға ие. Автор ондағы әр туындыда талай қиындықты бастан кешіріп, «мың өліп, мың тірілген» халықтың енді тағы да қателікке жол бермеуі керектігін айрықша атап көрсетеді. Бас редактордың бұл шығармасы оқырманға ең қымбат қазына мен бақыт Тәуелсіздік екенін сезіндіреді.
«Екі кітап та соңғы жылдары жазған жинағым. Бірінде ұлттық мүдде, мемлекетшілдік мәселелері, еліміздің Тәуелсіздігі хақында болатын болса, екінші туынды менің туған жерім Бесқала жайында жазылған. Менің шығармаларым қазақ жұртына жетіп жатса, онда еңбектің ақталғаны. Бүгінгі шараға жиылған қауымға мың алғыс! Бір-бірімізді қолдап, рухани дүниемізбен бөліскен кезде ғана адамның жазғаны бағалана түседі деп ойлаймын», деді Ғабит Мүсіреп.
Жиын барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Әбдірахманов сөз бастап, журналист, публицист Ғабит Мүсірептің әр мәселеге басқа қырынан қарап, елден ерек етіп жазатынын атап өтті. Сондай-ақ автордың жұмысына жазушы Әбіш Кекілбаевтың берген бағасын да еске түсірді.
«Жазушымен болған сұхбатты тапсырмаға сәйкес, басынан соңына дейін түсірмей, газет сұхбатына келтірді. Бұл Ғабиттің батылдығы, жұмысқа шығармашылықпен қарауы деп білемін. Сонда қазақтың Әбіші сұхбатты оқып отырып, «Мына жігіт мықты екен. Менің артық айтқан сөздерімді алып тастап, тақырыбын қалай жақсы қойған» деп баға берген болатын. Содан кейін сол сұхбатты сол күнгі нөмірге салып жіберген едік. Шын мәнінде, Ғабит Мүсіреп журналистикаға жанкештілікпен қызмет еткен, газетке ақ адал қызмет етіп келе жатқан жан», деді Сауытбек Әбдірахманов.
Сауытбек Әбдірахманұлы сондай-ақ автордың «Болмысы бөлек Бесқала» кітабына айрықша тоқталып өтті. Ол әдебиетте немесе өлкетанушылық еңбектерде болсын, ірі локацияларға көңіл бөлінетінін тілге тиек етіп, қарақалпақ елі туралы жазылған дүниелер аз екенін жеткізді.
Ғабит Мүсіреп аталған туындыны туған өлкесіне арнаған. Кітапта Бесқала топырағынан шыққан көрнекті тұлғалар туралы шығармалары жинақталған. Автор әсерлі тілмен баяндау арқылы осы өңірде дүниеге келген азаматтардың өнер мен өмір жолындағы табыстары мен жетістіктерін шебер суреттеп, олардың болмысын жан-жақты ашып көрсеткен.
Жиын барысында жазушы Мәди Айымбетов автор жайында сөз қозғап, оның қарым-қабілеті, басшы ретінде ұйымдастыру ісін дөңгелетіп отырғанын жеткізді.
«Журналист болу бір басқа, журналистік қызметті ұйымдастыру, соның бағытын айқындау, оның тізгінін ұстау екінші мәселе. Осы тұрғыдан келгенде Ғабиттің көп тәжірибесі бар. Еліміздің бас басылымында жүріп, жаңадан ашылған «Нұр Астана» газетіне күш-қайратын жұмсап, қабілетін көрсетті. Қазір бас басылымды жетекшілік етіп, оқырманды газетке, газетті оқырманға жақындатып жүр», деді жазушы.
Айта кетейік, журналист Ғабит Мүсірептің осы уақытқа дейін 5 жинағы жарық көрген. Бүгінгі қос жинақтың әрқайсысы 500 данадан басылып шықты.