Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Әкім ағаның өмір жолына шолу жасап, айтылып жүрген жайларды тағы қайталап, таптауырын жолға түспей-ақ қояйын. Есесіне шығармашылығына қатысты жекелеген ойларымды ортаға салып өткенім дұрыс болар.
Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразиды қаламгер ретінде атын шығарған шығармалардың бірі – «Құйрықты жұлдыз» повесі. Шығарма бір жағынан лирикалық сипатта жазылса да, реалистік суреттерімен, әсерлі штрихтарымен оқырман есінде сақталып қалады. Оқырманның жадында қалуға тиісті көркемдік кілттің негізгісі – шығарманың бас кейіпкері Кірпішбай. Осы адамның өз ортасындағы орны реалистік бояулармен беріле отырып, юморлық реңкке ауыса салатын тұстары да жоқ емес.
Ә.Тарази – өзін роман жанрында көрсете білген қаламгерлердің бірі. Оның «Үлкен ауыл», «Асу-асу», «Қиян-соқпақ», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қыз махаббаты», «Гнездо на облаках», «Журавли-журавушки», «Басынан Қаратаудың...», «Кен», «Тәж» тәрізді жинақтарына енген повесть, әңгімелері мен романдары замана тынысын көрсете білді. Бұл аталған шығармаларының мазмұнында өз кезеңінің шынайы суреттері басым.
Өз уақытында оқырман назарын аударған романдарының көлемдісі – «Кен» деп аталады. Бір қарағанда, өндіріс тақырыбына арналған сияқты көрінгенімен, бұл шығарманы түбірлей оқыған оқырман тұрмыстық романға жатқызуы да әбден ықтимал.
Өйткені мұнда Қараспановтардың отбасылық тіршілігі суреттеле отырып, қазақи салт-дәстүр мен мінез-құлықтың жақсы қырлары бейнеленеді. Романда бір әулеттен тараған ұрпақтардың әр түрлі тіршілігі көрініс тауып, түрлі оқиғалар осы кісілердің қарым-қатынасынан тармақталып шығып жатады. Бір әулеттің мүшелері болғанымен, кейіпкерлердің мінез-құлықтары әрқилы. Біреулері өмірдегі келелі мәселелерге үстірттеу баға беріп жатса, енді біреулері олардың осындай жеңіл-желпі қарым-қатынастарын сынап жіберуге бейім. Пірәлі, Сағат, Ақлима, Ботабай, Жан және т.б. кейіпкерлер қазақи салт-дәстүрді бағалауда, туыстық қарым-қатынастың болашағына көңіл бөлуде өзара пікір қағыстырып жатады.
Туысқаншылық байланыстың астарынан келіп шығатын әлеуметтік мәселелер романның салмағын арттырып, оқырманды белгілі бір ой түюге жетелейтіні сөзсіз. Осы мәселе Пірәлі мен Ақлиманың үйленгендеріне елу жыл толуына арналған той үстінде көрініп, көзқарастар арасындағы қайшылықтар одан әрман желіленіп, дами түседі. Алтын той жай той болып қалмай, облыс басшылары да қатысқан, ел аузында жүретін дүбірлі басқосулардың біріне айналады.
Жазушының «Бұлтқа салған ұясын» деп аталатын романында да жеке адамның тағдырына қатысты әлеуметтік мәселелер бой көрсетіп, оның шешім табуы реалистік сипатта көрінеді. Жас адамның күрделі өмір соқпақтарынан өзінің жолын таба білуі, адасқан сәттері, жаңсақ қадамдары, ақыр соңында қордаланған түйінді мәселелерді шешу жолындағы ізденістері оқырманды бейжай қалдырмаса керек. Бас кейіпкер Омардың айналасындағы әртүрлі жұғымсыз жандардан зардап шегуі ішінара дрмалық тартыстардың ширығуына әкеліп соғып отырады.
Жазушы өзінің көптеген шығармаларында адам баласының бойындағы күншілдік, парықсыздық, іштарлық, дөрекілік, тоғышарлық, бойкүйездік, безбүйректік тәрізді жағымсыз мінездерді сынай отырып, оқырманды жаманнан жиренуге жетелейді.
Ә.Таразидың «Тас жарған» романының кейіпкері де Омар шындық үшін күресуші, белсенді, принципті адам ретінде көрінген. Оның өмірден қиындық тартуы осындай мығым көзқарасына байланысты болып келеді. Әйел болса да, Ұлмекен бейнесінен де ер адамдарға тән болып келетін осындай табандылық қасиеттері көрінеді. Бұлардың рухани даму жолдарын көрсету барысында автор психологиялық шиеленістер мен пайымдауларды жиі қолданатынын атап айту керек. Бұларда суреттелетін адам тағдырлары оқырманды бейжай қалдыра қоймаса керек.
Әкім ағамыз – тек прозашы ғана емес, драматург және киносценарист ретінде де жақсы танымал болған қалам иесі. Оның жастай жазған драматургиялық шығармалары өз кезінде әдебиет пен театр әлеміне жаңа бір талант иесінің келгенін әйгіледі.
Оның прозалық туындыларында тілге тиек болып келе жатқан адалдық, әділдік үшін күрес тәрізді адами-әлеуметтік факторлар пьесаларынан да көрініс тауып отырды. Атап айтқанда, «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі» , «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ» және тағы басқа драмаларында осындай әлеуметтік маңызды мәселелерді қозғайды. Кейіпкерлерді тығырыққа әкеліп тірейтін ұтымды ситуациялар арқылы олардың адами болмыстарының да қоса ашылуы көңілге қонымды.
Кезінде оның пьесалары негізінде орындалған сахналық қойылымдар Алматыдағы академиялық қазақ драма театрында жиі қойылып жүрді. Соның өзі-ақ автордың драматург ретіндегі деңгейінің қандай болғандығын көрсетсе керек.
Қаламгердің үшінші қыры деп оның кино саласындағы еңбектерін айтар едік. Әкім Тарази – «Тұлпардың ізі» (1984, реж. М.Бегалин), «Арман атаман» (1965, реж. Ш.Бейсенбаев), «Қараш-Қараш оқиғасы» (1972, реж. Б.Шәмшиев), «Мұстафа Шоқай», т.б. кинофильм сценарийлерінің авторы. Бұлардың басым бөлігі республика экрандарында табыспен жүрді, кейбіреулері бүкілодақтық кеңістікті де шарлап кетті.
Қаламгердің бірқатар кітаптары шетел тілдеріне де аударылған.
Мен өз басым Әкім ағамен тығыз араластым деп айта алмаймын. Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратындағы әртүрлі жиында кездесіп, амандасып тұратынбыз. Ішінара шағын дастарқан үстінде де тоқайласудың реті келіп қалатын.
Әкім аға ақырын ғана аяңдап келе жатқан жүрісінің өзінен бір кеңпейілділік сезілетін, алғаш көрген адамының өзіне жағымды әсер ететін жан еді. Меніңше, ол кісінің бойында ашу деген сезім болмаған сияқты. Жайдары қалыпта жылы жымиып келе жататынын көретінбіз. Жасыратыны жоқ, кейде базбіреулер оған сын пікір айтып, тіпті шамына тиген жағдайлар да болды. Сондайда шыбын шаққан құрлы шытынамағанын, қыңқ етпестен, кеңкілдей күлгенін көріп, таңғалушы едік.
Сол замандарда қаламгерлер арасында «Бес тапал» деген юморлық атау жиі айтылып жүретін. Бұл – жұптары жазыла бермейтін, көзарастары үйлесіп, пікірлері тоғысып жататын бес достың ортақ атауы. Олардың қай-қайсысы да қазақ оқырмандарына жақсы танымал қаламгерлер еді. Ұмытпасам, бұл «Бес тапалға жататындар» – Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділов, Сайын Мұратбеков және Қалихан Ысқақов сынды ағаларымыз. Осылардың қай-қайсысы да қалжың сөзге жүйрік, алдары кең, маңдайлары жазық марқасқалар еді десек, жараспақ. Бесеуінің де қаламдары қарымды жазушылар екендігі оқырман халқына жақсы мәлім болатын.
Бір-екі рет осылардың ортасына түсіп қалып, өзара адами қарым-қатынастарына куә болғаным бар. Соның бірі – «Ақсу – жер жаннаты» деген романы үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған Қалихан Ысқақовтың дастарқанының басында. Қарқылдай күлісіп, қалжың қағысулары, бір-бірінен сыр жасырмай, іштерін кеңіте, әңгіме-дүкен құра білуі бесеуінің бес саусақтай жақын екендігін, достықтарының шымырлығын сездіріп тұрды.
Мысалы, Рамазан Тоқтаров ерке баладай сөз күрмеуін тігінен тіліп түссе, Әкім ағаның өзіндей жайлы әзілі артық аусарлыққа жібермей, рухани жақындыққа қарай еппен жанастырып жіберетін.
Нұрдәулет АҚЫШ,
жазушы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері
Соңғы жаңалықтар
Таразда екі зауыт іске қосылды
Өндіріс • Бүгін, 08:20
Көрме • Бүгін, 08:17
Суды үнемдеуге тиянақты көзқарас керек
Қоғам • Бүгін, 08:15
Коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғырту жалғасады
Саясат • Бүгін, 08:12
Аңдатпа • Бүгін, 08:10
Бауырлас елдердің байланысы беки түседі
Саясат • Бүгін, 08:07
Театр • Бүгін, 08:05
Қазақстан мен Перу арасындағы келісім заңмен бекітілді
Саясат • Бүгін, 08:02
Әлем • Бүгін, 08:00
Ынтымақтастықты арттыруға ынталы
Саясат • Бүгін, 07:58
Мирас • Бүгін, 07:55
Симпозиум қатысушыларына құттықтау жолдады
Саясат • Бүгін, 07:53
Өнер • Бүгін, 07:50
Астанада 4 және 5 сәуір күндері кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді
Елорда • Кеше
Наурыз айында дәрі-дәрмектердің бағасы 25%-ға арзандады
Экономика • Кеше