Qalqan медициналық қызметтерді тексеру мен төлемді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіреді

12.08.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Жүйе жоспарлау мен шарт жасасудан бастап, көрсетілген медициналық көмекті тексеру, актілерді қалыптастыру мен төлем жасауға дейінгі негізгі қызметтерді бір арнаға біріктіреді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қазір бұл процесс әртүрлі ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Мәліметтер бір жүйеден екіншіге беріліп, жекелеген операциялар қайта енгізу мен қолмен орындауды қажет ететін.

«Бүгінгі күнге медициналық көмекті жоспарлау, сатып алу, көрсетілген қызметтерді есепке алу, мониторинг жүргізу және төлем жасау қызметтері оннан астам ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Qalqan осы жүйелерді бір цифрлық контурға біріктіріп, қаржыландырудың бүкіл процесін кезең-кезеңімен бақылауға мүмкіндік береді», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Басқарма төрағасының орынбасары Индира Ерденова.

Платформа Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің заманауи технологиялық платформасында құрылып жатыр. Бұл ретте, Qalqan дәрігерлер пациентті қабылдап, диагноздар мен ем-дом шараларын жүргізетін медициналық ақпараттық жүйені алмастырмайды. Қажетті мәліметтер қаржы контурына автоматты түрде беріледі.

«Qalqan – қаржылық-әкімшілік жүйе. Медициналық мәліметтер қолданыстағы ақпараттық жүйелерден автоматты түрде түсетіндіктен, медицина қызметкерлері тарапынан қосымша ақпаратты енгізудің  қажеті болмайды», – деп атап өтті Индира Ерденова.

Жаңа жүйе көрсетілген медициналық көмек туралы ақпаратты пациент, мамандар, рұқсат құжаттары, медициналық ұйымның жабдықтары мен төлемге ұсынылған сома туралы мәліметтермен автоматты түрде салыстыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, тексеру қаржыландыру процесінің бір бөлігіне айналады: сәйкессіздіктер төлем сомасы қалыптастырылып жатқан кезеңнің өзінде анықталуы мүмкін.

Пилоттық жобадан толық цифрлы циклге дейін

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Qalqan нақты жағдайда сынақтан өтті. Пилоттық жоба аясында медициналық қызметтердің  алғашқы төлемдері Астанада жүргізілді: өтінім беруден бастап қаражатты аударуға дейінгі барлық операция бір жүйеде жүзеге асырылды.

Жалпы Qalqan жүйесіне 91 кіші медициналық қызмет түрін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Бүгінде оның 20 түрі іске қосылды, тағы 60 түрі бойынша сынақ жұмыстары жүріп жатыр. Қалған қызмет түрлері бойынша жұмыс жалғасуда.

Жүйеде толық цифрлық цикл пысықталады: медициналық ақпараттық жүйелерден мәліметтерді қабылдау, деректерді форматты-логикалық тексеру, қызмет құнын есептеу, актілерді қалыптастыру және төлем жасау.

Актілерді кезең-кезеңімен қалыптастыру тетігі де қатар енгізіліп жатыр. Бұл тәсіл айлық қызмет көлемінің толық тексерілуін күтпей-ақ көрсетілген медициналық қызметтердің тексерілген бөлігін төлемге жіберуге мүмкіндік береді. Ал сәйкессіздіктер анықталған жағдайда мәліметтер қосымша тексеруге жолданады.

Мұндай тәсіл бір жағынан бақылауды күшейтсе, екінші жағынан дұрыс расталған қызметтер бойынша төлемдерді кешіктірмеуге мүмкіндік береді.

Пациент өз атына рәсімделген медициналық қызметтерді көре алады

Келесі кезеңде пациенттермен кері байланыс орнатуға арналған цифрлық сервистерді дамыту іске қосылады. Тиісті мүмкіндіктерді eGov Mobile, Бірыңғай жеке кабинетте, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында кеңейту көзделген.

Азаматтар өз атына тіркелген медициналық көмек туралы ақпаратты көріп, сәйкессіздік байқаған жағдайда Қорға өтініш жібере алады.

Бұл ретте пациенттен алынған ақпарат басқа дереккөздермен, сондай-ақ автоматтандырылған және сараптамалық тексерулердің нәтижелерімен бірге пайдаланылады. Бұл әсіресе медициналық көмекті балалар, қарттар, ауыр халдегі пациенттер немесе мобильді қосымшаларды пайдаланбайтын азаматтар алған жағдайларда маңызды.

Нәтижесінде Qalqan қаражат қозғалысының бірыңғай цифрлық бағытын қалыптастыруы тиіс. Жүйе деректерді автоматты түрде салыстырып, медициналық ұйыммен есеп айырысу аяқталғанға дейін сәйкессіздіктерді анықтауға мүмкіндік береді.

Жаңа модельдің негізгі міндеті – медициналық көмекті қаржыландыру үдерісін барынша ашық ету және бақылауға алу, қолмен жасалатын операциялардың үлесін азайту және расталмаған қызметтер үшін төлем жасау тәуекелін төмендету.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью