Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
– Конституциялық реформа еліміздің құқықтық мемлекет ретінде одан әрі дамуына жаңа серпін берді. Оның ішінде біздің ең жоғары құндылықтарымыз – адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы саналатын қағидаттар басты орынға ие болды. Барлық ұсыныс өте маңызды, оны қолдаймыз. Дегенмен, кейбір ұсыныстар қосымша талқылауды қажет етеді деген ой бар. Бұл тұрғыда Конституцияның 16-бабына сот санкциясынсыз адамды қамауда ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту жөнінде ұсынылып отырған түзетуді жан-жақты пысықтау керек. Конституцияда адам мен азаматтың құқығының және бостандығының негізгі кепілдіктері бар екенін атап өткен жөн. Біздің ойымызша, Конституцияның өзін, яғни 48 сағаттық қамау мерзімін және оны ерекше жағдайларда ұзарту негіздерін егжей-тегжейлі сипаттау артықтау болатын сияқты, - деді Жандос Өмірәлиев.
Осы орайда ол бұл жағдай Қылмыстық-процестік кодексi аясында реттелетінін айтты. Бұл құжатта 48 сағат, ал ерекше жағдайларда 72 сағатқа дейін ұстау мерзімі регламенттелген. Сонымен қатар сот және тергеу тәжірибесі қазірдің өзінде осы бағытта жылжып келеді.
– Бүгінде 85% жағдайда күдіктілерді сот санкциясынсыз ұстау мерзімі 48 сағаттан аспайтынын көріп отырмыз. Бұл өз кезегінде электронды қылмыстық істерге қатысты эволюциялық цифрлық экожүйені кеңінен енгізудің арқасында мүмкін болды, - деді Бас прокурордың бірінші орынбасары.
Ол айғақтарды жинау процесі толығымен цифрландырылғанын атап өтті. Осындай технологиялық инфрақұрылым бұлтартпау шарасын таңдауға немесе ұсталғандарды 36 сағат ішінде, ал кейбір жағдайларда 24 сағат ішінде босатуға мүмкіндік береді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Қазақстан аумағында сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартуды ұсынды.