Қанаттарының құлашы үш метрден асады . БҚО да Қызыл кітапқа енген құс видеоға түсіп қалды

06.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында сирек кездесетін бұйра бірқазан байқалды. Суат үстінде шыр айналған құс "Бөкейорда" резерваты мамандарының объективіне ілікті, деп хабарлайды Tengri Travel.

"Қызыл кітапқа енген"

Резерват бұйра бірқазанның бейнежазбасын өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялады. Кадрлардан Қызыл кітапқа енген құстың алдымен суат үстінде айналып ұшып, кейін Жаңақала ауданындағы су бетіне қонғанын көруге болады.

"Бұйра бірқазан құстардың сирек түріне жататынына және Қызыл кітапқа енгеніне қарамастан, бұл резерват аумағындағы алғашқы бақылау емес", - деп атап өтті резерват өкілдері.

Ұйымның мәліметінше, бұл кадрлар 18–19 қыркүйекте су құстарын күзгі есепке алу кезінде түсірілген.

Мамандар суаттар мен оған іргелес аумақтардағы құстардың түрлік құрамы мен санын анықтап, орнитологиялық мониторинг жүргізді. Алынған нәтижелер зерттелетін аумақтағы құстардың таралу ерекшеліктері мен шоғырланған жерлерін қадағалауға мүмкіндік береді.

"Түсірілім кезінде бірқазан өзін сабырлы ұстап, кенет қимылдар жасамады. Табиғи мекенінде оны біраз уақыт бақылап, құсты мазаламай фотоматериалдар жасаудың сәті түсті", - деп хабарлады резерват.

Instagram-дағы бұл жазбаны көру

A post shared by “Бөкейорда” Мемлекеттік Табиғи Резерваты (@bokeyorda_oopt)

Сондай-ақ резерват өкілдері осы сирек кездесетін құс туралы бірнеше қызықты деректерді бөлісті:

оның қанат жайғандағы ұзындығы 3 метрден асуы мүмкін, бұл – әлемдегі ең ірі ұшатын құстардың бірі; тұмсығының астындағы үлкен алқым қапшығы балық аулауға көмектеседі; құс өзінің атауын мойнындағы бұйра қауырсындарына байланысты алған; құсқа қоректенуі мен демалуы үшін тыныш әрі қауіпсіз суаттар қажет; бірқазан рационының негізін балық құрайды, ал ересек құс бір күнде бір келіден аса олжа жей алады. "Бөкейорда" резерваты

Мемлекеттік табиғи резерват Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Ол Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов және Жаңақала аудандарының аумақтарын қамтиды.

Резерват 2022 жылы киіктердің Орал популяциясын қорғау мақсатында құрылған. Оның іргесінде Ащыөзек қаумалы да орналасқан.

Айта кетейік, жақында Катонқарағай ұлттық паркіндегі фототұзаққа сілеусін түсіп қалған болатын. Кадрлар түнде түсірілген.

Сондай-ақ жақында "Тарбағатай" ұлттық табиғи паркі қонжығын ерткен аюдың сирек кадрларын көрсеткен болатын. Ұлттық парктің мәліметінше, Тянь-Шань қоңыр аюы - табиғи парк аумағында мекендейтін сирек түрлердің бірі. Сондай-ақ ол Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью