Қант зауыттары қамқорлыққа зәру

10.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Коллажды жасаған – Гүлмария ӘШІМХАНҚЫЗЫ, «EQ»

Қызылша маусымы күзде қызады

Мекеменің биік ғимараттары алыстан «менмұндалағанымен», жақындай бере тозған нысандары, үгітілген қоршауы жағдайдың шын мәнінде қандай екенінен хабар береді. Негізі сонау 1934 жылы қаланған зауыт осы күнге дейін талай өзгерісті басынан өткергенімен, ескінің табы есіктен аттағаннан байқалады. Қызылша маусымы күзде басталатынын ескерсек, соған сәйкес мекеме орналасқан кең көшеде әдетте сапырылысатын жүк көліктерінің бірі де көрінбеді. Бірақ іштегі тіршілік біз топшылағандай емес, жұмыс қызу екен. Қазір жұмысшылар Бразилиядан келетін қант құрағын өңдеп, содан тонналап ақ қант алудың қамына кіріскен. Сәуірден бергі екі айдан астам уақытта зауыт басшылығы шетелден 35 мың тонна шикізат алдыртуға ұйытқы болып, одан 29 мың тонна ақ қант өңдеп үлгерген. Шілденің басында Бразилиядан жететін тағы 10 мың тонна шикізат өңделсе, сонымен жұмыс уақытша тоқтайды да, ұжым құрылғыларды қызыл­шаға дайындауға кіріседі.

Әзірге зауыт жартылай жұмыс істеп тұр деуге болады. Соның өзінде 467 адам 4 ­ауысыммен жұмысқа кезектесіп шығады. Ал күздігүні жұмыс қызып, қант қызылшасы келе бастағанда жұмысшылардың саны 500-ден асады. Меркі қант зауытының бас директоры Нұржан Қарғабаевтың айтуынша, өндіріс ошағы толық қуатында жұмыс істесе, тәулігіне 2,5 мың тонна қызылша өңдеуге қауқарлы. Бұл дегеніңіз – 250 тонна қант алынады деген сөз. Ал қант құрағына келер болсақ, қазір одан тәулігіне 500 тонна қант алып жатқан көрінеді. Яғни шетелден келетін дайын  қант құрағынан өнім алған әлдеқайда жеңілірек. Сапаға келсек, мамандар қызылшаның қанты тәттірек болатынын айтады. 

Сарсаңға түскен шаруа жайы

Зауыт басшысынан өндірісте қайнап жатқан тіршіліктен бөлек, осыған дейін рәсуа болған қызылшаның жайын, меке­менің шаруалар алдындағы берешегі туралы жүзбе-жүз сұрадық.

«Иә, осыдан екі жыл бұрын осы зауытқа бүкіл елдің қызылшасы тасымалданып, үсті-үстіне үйілді. Шынын айтсам, оның барлығын өңдеуге зауыттың қуаты жетпеді. Ұзын-сонар кезек пайда болғанын білесіздер. Жалпы, біздегі ескі қызылша қабылдау пунктінде кезек жыл сайын болып тұрады. Бірақ дәл сол кезеңдерде кезек қар түскенде де үзілмеді. Жоғарыда айтқандай, зауыттың қуаты тәулігіне 2,5 мың тонна қызылша өңдеуге жетсе, сол кез күніне
5-6 мың тонна қызылша келіп жатты. 2024 жылы 500 мың тонна қызылша қабылдап, оның 300 мыңын қыс айларына дейін өңдесек, қалған 200 мың тонна өнімді шірітіп алдық. Шіріген қызылша әкімдік қарастырған арнайы полигонға төгілді. Ал былтыр 200 мың тонна қызылша қабылдап, оны уақтылы түгел өңдедік. Осындай келеңсіздікке жол бермес үшін биылдан бастап қызылшаны кезекпен қабылдағалы отырмыз», дейді Нұржан Қарғабаев мән-жайды түсіндіріп. 

Зауыт басшысы қызылша мол болған жылы біраз қарызға батқанын растады. Берешек былтыр да болған, қазір де жоқ емес. Зауыттың шаруалар алдындағы бүгінгі қарызы 800 млн теңгенің шамасында болса, оны да биыл­дан қалдырмай толық өтеуді көздеп отыр екен. Қаржылық қиындықтарға байланысты жұ­мыс­шылардың жалақысы да айтар­лықтай өспеген. Бүгінде ең­бек­керлердің нақ қолға алатын орташа жалақысы 180-200 мың теңгенің шамасында. Оның ішінде қант қоймасында тауар жүк­тейтіндердің табысы 500 мың теңгеге дейін жетсе, инженер-техникалық құрам 300-400 мың арасында жалақы алады. Меке­ме­нің жалпы ахуалынан аз-кем хабардар болған соң, көп кідірмей зауыттың зертхана меңгерушісі Майра Мұхтановаға ілесіп, қант құрағын өңдейтін цехқа бет алдық.

                                               Цех ескі болса да, ниет жаңа

Әуелі шикізат, яғни қант құрағы тау болып үйілген қоймаға жеттік. Осы маңда шикізат тиелген вагондар да көзге түсті. Вагонның іргесіндегі нысанда қант құрағы қайнаған сумен араласып, құбыр арқылы екінші ғимаратқа өтеді екен. Әлгі қоспа екінші цехтағы бірнеше бөшкеге жиналып, 90 градуста қайнаған сумен әбден араласады. Одан әрі қоспа қазандықтарға өтеді де, бірінші қазандықта әк сүтімен әрекеттеседі. Екінші пеште сұйықтық көмірқышқыл газымен қосылады. Қант шырынындағы зиянды қоспалар осылай тұнбаға түсіп тазарады. Шекер ағарып, лайы шөгеді. Қант сұйықтығы тағы тазаланып, вакуум аппаратына өтеді. Шөккен лай қалдығы арнайы полигонға төгілсе, вакуум аппаратына ауысқан сұйық қант кристалл түске енеді. Ізінше, қанттың кристалы бөлек алынып, қайта өңдеуге жіберілсе, түбіне шөккен ақ қант құрғататын басқа аппаратқа жөнелтіледі. Соңында кепкен қант қоймаға өтіп, қапталады.

«Өзіңіз көргендей, тазартудан кейін пайда болған бор тәрізді тұнба қанттан басқа барлық қоспа мен бояғыш заттарды сіңіреді. Полигонға кететін сол қал­дықтарды тазалап, қырып жүрген жұмыс­шыны да көрдіңіз. Небір аппараттар­дан тазаланып келген қант шырыны сүзіліп кептіріледі де одан ақ шекер алынады. Зауыт шаруа қызғанда осылай үзіліс­сіз жұ­мыс істей береді. Күзде жұмыс­шы­лар­дың саны көбейеді», дейді өндіріс барысымен таныстырған Майра Мұхтанова.

Қазандықтарда қайнаған қант­тың ыс­ты­ғы бетті шарпып, маң­дайдан шып-шып тер шы­ға­ды. Зауыттың аты – зауыт, жұ­мысшылар да осы ыстыққа үй­ренген. Ал қызылша өңдейтін цех өнімнің жоқтығына байланыс­ты іске қосылмапты. Сондықтан қызылша қабылдау бекетін сырттай бақыладық. Көз ұшында зауыт­тың мұржасы биік жеке жылу электр орталығы да көрінді. Біз көр­­ген нысандардың барлығы ауда­ны бірнеше шақырым болатын зауытқа оп-оңай сыйып тұр. Келе­шек­те зауыт басшылығы жаңа нысандар салуды ойласа, оған жер тапшы болмасы анық.

«Біз келер жылы зауытта ірі құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Қазір де қарап қалмай, Ресей, Украина, Швециядан құрал-жабдықтар алдық. Былтыр жос­парға сай 200 мың тонна қант қызылшасын өңдедік. Ал биыл жауын-шашын көп түскеніне қарап, өнім мол болатынын шамалап отырмыз. Жыл соңына дейін зауытқа шаруалардан шамамен 300 мың тонна қант қызылшасы келсе, соны түгел өңдеу жос­парымызда бар», дейді зауыт директоры Нұржан Қарғабаев. 

Қаржылық қиындық – іске кедергі

Өндіріске маман тарту жағы Меркі ­ауданында ғана емес, елімізде өзекті болып отырғаны рас. Біз барған қант зауытында жастар жоқтың қасы. Оны реттеу үшін мекеме басшылығы аудандағы кәсіптік-техникалық колледж­бен меморандум жасап, токарь, дәнекерлеуші, компьютер мамандарын жұмысқа алатын болыпты. Ол студенттер өндірістік тәжірибені де түгел осы зауытта өтеді.

«Өкінішке қарай, ұсынысы­мыз­ды жастардың көбі қабылдай бермейді. Жас буынның бір тол­қыны қалаға кетсе, ауданда қал­ғандардың ішінде жалақыны азсынатындар көп. Қант өндіретін мамандарды даярлайтын оқу орны болмаған соң, бізге келген жұмысшыларды өзіміз дайындап, қажет болса шетелге оқуға жібереміз. Қазір салыстырмалы түрде аудандағы колледж­де білім алған жастардың 1 пайызы ғана бізге жұмысқа келеді деп айтуға болады. Сондықтан бұрыннан келе жатқан еңбекқор кадрларға сенім артамыз. Жалақыны көте­ріп, жұмысшылардың жағдайына барынша қарасқымыз-ақ келе­ді. Алайда кейінгі жылдары қар­жылық қиындықтар қолбайлау болып тұр», деді Н.Қарғабаев жағдайды түсіндіріп.

Зауыт осыған дейін тәулігіне 2,5 мың тонна қызылша өңдесе, биыл оның көлемін 3 мыңға жеткізбек. Ал келер жылы күніне 5 мың тонна қант қызылшасын өңдіруді мақсат еткен. Яғни жөндеу жұмыстарының арқасында жылына 500 мың тоннаға дейін қызылша қабылдап, соны өңдеуге бейімделеді. 

Мәселе қайтсе тиімді шешіледі?

Мақаламыздың басында елімізде төрт ірі қант зауыты ба­­рын айттық. Осы төрт зауыт қан­ша кеңейсе де, бүкіл елді қант­пен қамтамасыз ете алмайды. Нақты санмен есептегенде, ел тұр­ғын­дары жылына 550 мың тонна қант тұтынады. Ал біздің тауар сұраныстың 50%-ын да қамти алмай отыр. Дайын қанттың негізгі бөлігі Ресей, Беларусьтен экспортталады. Елімізде Меркіден бөлек, Тараз қаласында, сосын Жетісу облысында Ақсу, Көксу қант зауыттары бар. Олар да шама-шарқы жеткенше отандық өнімді молайтуға күш салып келеді. Былтыр Жамбыл облы­сының Байзақ ауданында заманға сай қант зауытының құрылысы басталғаны туралы хабар тарады. Бұл тәуелсіздік жылдары салынып жатқан алғаш­қы қант зауыты болғалы тұр дестік. Жобаның инвесторы – Қытай компаниясы. Инвестиция көлемі шамамен 200 млн долларды құрайды. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеп, шамамен 120 мың тонна қант, одан бөлек жом сияқты қосалқы өнімдер өндіруге мүмкіндік бермек. Алынатын қант көлемін ескерсек, жаңадан ашылатын зауыттың қуаты Меркідегі зауыттан аспайтынын білуге болады. Бұдан бөлек, Алматы облысында да жаңа ірі қант зауыты бой көтереді деген хабар бар. Ендігі мәселе, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі, облыс әкімдері елі­мізде жаңа қант зауыттарын салудан бөлек, ескі зауыттарды жөндеуге, ондағы жұ­мыс­шы­лар­дың жағдайына қарасуға көңіл бөлсе дейсің. Әйтпесе, «қызылша өнімін алудан рекордтық көрсеткіш тір­кедік» деген сарын­дағы құр есеппен мақ­танудан пайда жоқ. Жамбылда амалдың жоғынан қызыл­шаны бір зауытқа үйіп тас­тау де қате шешім болды. Бұны біз ауыл шаруа­шы­лы­ғына жауапты басқарманың кімнің не егіп жатқанынан бейхабар болуы­нан деп түсіндік.

Елдегі қант зауыттарының нақты ­ахуалы биыл қыркүйектің бел орта­сын­да, қызылша қабылдай баста­ған­да белгілі болмақ. Осындай жағ­­дайларды шамалап біл­ген соң, ел­­дегі қант зауыттары халықты қант­пен 100% қашан қамтиды деген сауал әзірше жа­уапсыз тұр.

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью