Қант зауыты қайта өнім қабылдайды

15.10.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Өңір дихандары өнімін қайда апарарын білмей, алдыңғы жылы көршілес Қырғыз еліне шекара асып та кеткен болатын. Оған себеп Меркі қант зауытының өнімді қабылдауға қауқары жетпей, тіпті зауыт маңына жиналған тәтті түбір көктемге дейін шіріп кетті. Осылайша, шаруалар шығынға белшесінен батып, Меркі қант зауыты дихандар алдындағы қарызын өтей алмаған. Нәтижесінде, еңбек адамдары «енді қызылша екпейміз» деп қолдарын бір сілтеген еді. Алайда осы күрмеуі қиын түйткілдің биыл түйіні тарқайтын секілді. Мәселені оңтайлы шешудің басты тетігі – «Тараз» қант зауытының қайта іске қосылуы. 

Негізі, кәсіпорын 2003 жылдан бері қант қызылшасын өңдеу және қант өндіру жұмыстарын тоқтатқан еді. Бірақ 2025 жылы өндіріс орны зауытты қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алып, бүгінде құрылыс жұмыстарының денін аяқтап отыр. «ТСЗ» ЖШС-ның директоры Федор Семеновтің айтуынша, зауытты іске қосуға дайындық жұмыстары 93-95 пайызға орындалған.

Жобаның жалпы құны – 12,4 млрд теңге. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына шамамен 250 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы болмақ. Өндірістік қуаты тәулігіне 3 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге жетеді деп күтілуде. Қазір негізгі өндірістік нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қажетті іргетастардың басым бөлігі аяқталып, технологиялық жабдықтар жеткізіліп, монтаждау жұмыстары атқарылуда.

Сонымен қатар жылу электр стансасында бу қазандықтары, сүзгілер, түтін сорғыштар мен желдеткіштер орнатылған. Өн­дірістік цехтар мен стансалардың технологиялық құбырларын мон­таждау, электр кабельдерін жүргізу жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін пайдаланылған жабдықтардың бір бөлігі қайта қалпына келтіріліп, жөндеуден өткізілген.

Жоспарлы жұмысты мерзімінде аяқтау мақсатында 10 мердігер ұйымның және зауыттың 1 000-ға жуық қызметкері екі ауысымда еңбек етуде. Кәсіпорында қант қызылшасын қабылдауға қажетті таразылар орнатылып, зертхана жөнделіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп отыр. Мемлекет тарапынан кәсіпорынға қажетті жер телімдерін рәсімдеу, газ және электр қуатының көлемін арттыру бойынша қолдау көрсетілген. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, зауыт биыл тәтті түбір қабылдауға дайын болуы керек екен. 

 – Бүгінде зауыттағы құрылыс жұмыстарының қарқыны жаман емес. Заманауи құрал-жабдықтар жеткізілген. Биыл об­лыс­та  қант қызылшасының өнімділігі жоғары. Сондықтан шаруа­лардың өнімін биылдан белгіленген кестеге сәйкес уа­қытылы қабылдау қажет. Кезек болмауға тиіс. Шаруаларға бе­кітілген кесте алдын ала жеткізіледі. Биыл бір түйір тәтті түбір егіс­тік алқабында  қалмауға тиіс, – дейді Ербол Шырақпайұлы.

Бұл – әрине жанға жылу беретін ақпар. Биыл облыста қант қыз­ылшасы 9,9 мың гектарға егілгенін ескерсек, Тараз қант зауытының қайта іске қосылуы ауадай қажет. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, зауыт 20 қазаннан кейін қант қызылшасын қабылдауды бастауды жоспарлап отыр екен. «Тараз» қант зауытын шикізатпен қам­тамасыз ету мақсатында 94 шаруашылық 5,5 мың гектар алқапқа егілген өнімін кәсіпорынға әкеледі деп күтілуде. «Тараз» қант зауы­тының қайта іске қосылатындығы шаруаларды қуантатыны даусыз. Әйтеуір, зауыт басшылығы алдағы жылдағыдай «бізге қант құрағынан қант өндірген тиімді» деп қылық шығарып жүрмесе бол­ғаны.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью