Zakon.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Синоптиктердің мәліметінше, күнтізбелік күздің алғашқы күндерінде Қазақстан аумағының басым бөлігі ауқымды солтүстік антициклонның ықпалында болады. Соның әсерінен көбіне жауын-шашынсыз, ала бұлтты ауа райы сақталады.
Еліміздің солтүстік жартысында түнде кей жерлерде үсік жүреді. Ал күндіз ауа температурасы біртіндеп жоғарылай бастайды.
1-2 қыркүйекте солтүстік циклонның жырасы мен оған байланысты атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің солтүстігінде, шығысы мен орталығында жауын-шашын болжанады. Түнде жаңбыр мен қар аралас жаңбыр, күндіз жаңбыр жауып, кей жерлерде найзағай ойнайды.
Алматы облысының таулы аудандарында нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін. Қазақстанның солтүстігінде, шығысында, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жел күшейеді.
"Түнде және таңертең еліміздің солтүстік-батысында, солтүстігі мен шығысында кей жерлерде тұман түсуі ықтимал", – делінген "Қазгидромет" хабарламасында.
Өңірлердегі ауа температурасы
Еліміздің батысында түнде +10…+18°C болады. Күндіз ауа температурасы +25…+30°C-тан +28…+33°C-қа дейін көтеріледі.Маңғыстау облысында түнде +13…+21°C, күндіз бастапқыда +27…+32°C, кейін +30…+35°C болады.Елдің солтүстік-батысы мен солтүстігінде түнде 0…+5°C болжанады. Кей жерлерде ауа температурасы 3°C аязға дейін төмендеп, үсік жүруі мүмкін.Кейін түнгі температура +2…+7°C-қа, өңірлердің батысында +10°C-қа дейін көтеріледі. Дегенмен топырақ бетінде кей жерлерде 1°C үсік сақталады. Күндіз ауа температурасы +10…+28°C-тан +20…+33°C-қа дейін жоғарылайды.Шығыс және орталық өңірлерде түнде 0…+5°C, олардың оңтүстігінде +10°C-қа дейін жылы болады. Кей жерлерде 3°C үсік күтіледі. Күндіз температура +12…+25°C-тан +15…+30°C-қа дейін көтеріледі.Оңтүстік өңірлерде түнгі температура +13…+18°C-тан +10…+15°C-қа дейін біртіндеп төмендейді. Таулы аудандарда +5…+10°C-тан +3…+8°C-қа дейін салқындайды.Күндіз еліміздің оңтүстігінде ауа температурасы +18…+23°C, ал таулы аудандарда +7…+12°C шамасында болады.Бұған дейін метеорологтар Қазақстанның төрт ірі қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасатынын ескертіп, тұрғындарға далада ұзақ жүрмеуге кеңес берген еді.