Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
АСТАНА, 18 ақпан – Sputnik. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі ел азаматтары мен туристерге ескерту жасады.
Ведомствоның мәліметінше, таулы аймақтарда қар қамылғысы күн санап қалыңдап жатыр, соған байланысты қар көшкіні қаупі күшейді.
"2025-2026 жылдардағы көшкін қаупі басталғалы бері Алматы қаласы мен Жамбыл облысында 23 мәрте өздігінен қар көшкіні жүріп, жалпы көлемі 55 260 м³ қар массасы түсті. Қазіргі уақытта Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының таулы аймақтарында қар жамылғысының биіктігі негізінен қалыпты деңгейден жоғары", - деп атап өтті ТЖМ.
"Қазгидромет" болжамына сәйкес 19–20 ақпанда оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің тауларында жауын-шашын (жаңбыр, қар) түседі.
Шығыс Қазақстан облысының тауларында қар жамылғысының биіктігі орта есеппен алғанда қалыпты деңгейде. 19 ақпанда күннің жылынуына байланысты жауын-шашын түседі, кей жерлерде қалың қар жауып, боран соғады деп болжанып отыр. 20 ақпанда ауа температурасы күрт төмендейді.
Еліміздің осы өңірлерінде қар жамылғысы тұрақсыз болады, ал алдағы күндері қар көшкінінің өздігінен жүру ықтималдығы жоғары.
"ТЖМ көшкін туралы ескерту жарияланған кезеңде таулы аймақтарға бармауға, тауға шығу алдында ауа райы болжамымен танысуға және алдын ала маршрутты жоспарлауға, дайындалмаған жерлерде қозғалыс жасамауға, белгіленген жолдарды ұстануға, қар көшкіні қауіпті учаскелер туралы соңғы ақпаратты алу мен қауіпті беткейлерден аулақ болуға кеңес береді", - деп жазылған хабарламада.
Көп қар жауған жағдайда тауға шығуды қар қалыңдығы тұрақталғанға дейін 2-3 күнге шегеру ұсынылады.