Қара аққулар : қандай оқиғалар Ұлттық банкті мөлшерлемені қайта өзгертуге мәжбүр етуі мүмкін

23.10.2026

Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылдың аяғына дейін базалық мөлшерлеменің өзгеруін күтпейді. Реттеушінің шешіміне төтенше және күтпеген оқиғалар ғана әсер етуі мүмкін. Бұл туралы брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Сүлейменовтің сөзінше, қазіргі уақытта реттеуші қалған айларда инфляцияға айтарлықтай әсер ететін факторларды көріп тұрған жоқ.

"Ол үшін не болуы керек? Мысалы, экономикаға мемлекеттік бюджеттен немесе квазифискалдық ынталандыру есебінен орасан зор қаражат түсуі тиіс. Бірақ қазір бюджет қаражаты азды-көпті біркелкі бөлініп жатыр. Немесе қалған екі айда кредит беру көлемі күрт өсуі керек. Мұндай үрдісті де байқап отырған жоқпыз", - деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.

Бұл ретте Тимур Сүлейменов жыл аяғында коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты инфляцияның ықтимал жеделдеуі базалық мөлшерлемені көтеруге автоматты түрде негіз болмайтынын атап өтті.

"Егер жыл аяғында коммуналдық қызметтерге байланысты инфляция өссе, біз бірден базалық мөлшерлемені өзгертуге асықпаймыз. Біз "мұны мөлшерлемемен реттеу керек" деп байбалам салмаймыз", - деп жалғастырды ол.

Ұлттық банк төрағасы бүгінде мөлшерлемені көтеруге де, одан әрі төмендетуге де негіз жоқ екенін қайталап айтты.

"Желтоқсанда мөлшерлемені күтпеген жерден көтеруге мәжбүрлейтін факторлар жоқ. Әрине, олар туындауы мүмкін, бірақ бұл енді "қара аққулар" санатындағы оқиғалар", - деді ол.

Анықтама: "Қара аққулар" деп экономика мен қаржы нарықтарына елеулі әсер етуі мүмкін сирек кездесетін және болжау қиын оқиғаларды атайды. Соның ішінде оларға қаржылық дағдарыс пен локдаундар жатады.

Журналистер Ұлттық банк басшысынан сыртқы оқиғалардың, атап айтқанда Еуропадағы наразылықтар мен Украина төңірегіндегі жағдайдың реттеуші шешіміне әсер ету мүмкіндігі туралы да сұрады.

Сүлейменов мұндай тәуекелдер бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, АҚШ пен Еуропадағы пайыздық мөлшерлемелердің өсуі доллар мен еуроны инвесторлар үшін тартымды етіп, осы валюталарға сұранысты арттырады. Оның айтуынша, алайды қазір теңгеге мұнай мен металл бағасы, қазақстандық нарықтағы шетелдік инвесторлардың қатысуы және Ұлттық банктің операциялары сияқты басқа факторлар күштірек әсер етіп отыр.

"Доллар әлемдік басқа валюталарға қатысты нығайды, бірақ теңгеге қатысты, керісінше, әлсіреді. Неге? Себебі біздің экономикамыз биыл әлемдегі басқа ірі экономикаларға қарағанда жақсы нәтижелер көрсетті", - деп есептейді Ұлттық банк басшысы.

Еске сала кетейік, 23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,25-тен 15,75 пайызға дейін төмендетті. Бұл шешім қыркүйекте 9,3 пайызды құраған инфляцияның баяулауымен байланысты қабылданды. Базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешім 2026 жылғы 4 желтоқсанда жарияланады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью