Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Кісі тағдыры толассыз арпалыстан тұрса керек. Жарық күнді жылап қарсы алған сәби де жылдар жылыстағанда, қартайған шақта, анығы сағаты соғатын сәт таяғанда көз жасын сығуға шамасы жетпейді. Әр кісінің өз тағдырына тән драмасы бар. Ал жас күні көз ұшынан жырақтаған қарияның жан ариясы кімді де болса бейжай қалдырмайды. Өйткені фәни жалғанның күресі таусылмақ емес.
Сурет: turkystan.kz
Қазақтың айтулы композиторы Алтынбек Қоразбаевтың «Қара шал» термесін тыңдағанда жан түршігерлік күйге түсесің. Расында қазақ даласының қай қиырында болсын, қарттар үйі аз емес. Осындайда әкесін хан тұтқан ұлттың қазіргі трагедиясы көңіл күйіңнің астаң-кестеңін шығаратыны анық. Безбүйректік үстемдік құрған қоғамның келбетіне қарап, қатты налисың, қаймығасың.
Ақиқатын кім білсін? Музыканттар әйтеуір: «Сөзден бұрын музыка пайда болған», деп долбарлап жатады ғой. Бұдан бөлек әйгілі Чайковскийдің: «Сөз жетпеген жерге саз жетеді», деген пәлсапасы да кейде миға қонымды секілді көрінеді.
Расында да «Қара шалды» тыңдасаң өн бойыңды үсік шалғандай күй кешетінің даусыз. Мәтіннен бұрын қасиетті домбыраның үнінің өзі санаңды сан-саққа жүгіртіп, ойыңды онға бөледі. Терең трагедия құлақтан кіріп, жан әлеміңнің астаң-кестеңін шығарады. Музыкадағы мұңлы бояу мазмұны терең мәтінмен астасқан сәтте жаныңды қоярға жер таппай кететінің сөзсіз.
«Әкең де осы жерде өлер енді,
Тәңірдің жазуына көнер енді.
О, жалған, сағындым ғой тым болмаса,
Алып кеп, бір иіскетші немеремді».
Осы бір шумақ адам санасын сілкіп оятады. Қазақ халқы жиі айтатын «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деген сөздің түп-төркінін қарияның мұңлы монологі арқылы тереңінен түсінгендей боласың. Шынтуайтына келсек, қарттар үйінде қайғыдан қара жамылған қарияға немересін маңдайынан бір иіскегеннен асқан бақыт болар ма дейсің түрлі ойдың жетегінде отырып.
Кез келген адам қартайғанда балаға айналып кетеді. Жүрегіне жүк арқалаған ақсақалдың әжім торлаған жүзінен қайғы мен қасіреттің табы аңғарылады. Әлденеше жыл бұрын қарттар үйіне бас сұққан едік. Сол кезде тағдырдың мехнаты мен тауқыметінен қажыған қарияның бірі: «Ауылыма бір апаршы, балам. Боз даламның саф ауасын бір жұтқан соң осында келіп өлсем арманым жоқ», деп біздің де жүрегімізге ауыр жүк артқандай болып еді...
Алтынбек Қоразбаевтың «Қара шалы» қарттар үйін мекендеген қария біткеннің тұтас қайғысы мен қасіретін, мың батпан ауыр мұңын жеткізіп тұрғанына ешкімнің таласы жоқ. Ұлттық қасіретті қасиетті домбырадан артық жеткізетін аспап та жоқ шығар... Терменің табиғатын ашқан қасиетті қара домбыраның үні – адам жанының емшісі.
«Қаусаған қасіретті қара шалмын,
Бұл күнде қара шалмен санасар кім?
Жанымды жегідей жеп қарттар үйі,
Күн сайын қуат кеміп аласардым.
Онша тар емес еді-ау пәтерің де,
Осында тастап кеттің әкелдің де.
Сынаптай сыртын берсе туған балаң,
Тірідей өлгені ғой әкенің де.
Көп болды-ау дидарыңды көрмегелі,
Көп болды-ау шешеңді де жерлегелі.
Балам деп көз жұмғанша жылап жатты,
Жаныма қатты батты келмегенің», деп түйінделетін шумақтар толғандырмай қоймайды.
Шынында да адам өмірі мәңгілік сағыныштан тұрса керек. Ал кісі жүрегіндегі сол бір сарқылмас сағыныш пен өмірлік өкінішті бұдан артық қалай жеткізуге болады?
«Еліміздің кез келген өңірінде қарттар үйі көп екенін телеарнадан көргенде жүрекке бір мұң артқандай болдым. Ертесіне бұрынғы Жамбыл қаласындағы қарттар үйіне бардым. Қазақтың қаракөз қариялары сол жерде қаптап жүргенін көргенде жағамды ұстадым.
Қариялардың бірімен тілдескенде ол бұрынғы Луговой, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданының шағын ауылында тұрғанын, үш баласы бар екенін айтып қалды. Қыздарының бірі аурушаң болғанын, енді бірі тұрмысқа шыққанын, ұлы жаман жолға түсіп кеткенін қайғырып айтты. Жары бақилық болған соң атқамінерлер Жамбылдағы қарттар үйіне орналастырғанын мұңайып отырып жеткізді.
Қарияның трагедиясы мұнымен таусылмайды. Алатын зейнетақысын ішкілікке салынған баласы қажетіне жұмсайды екен. Баласына жүрегін беруге дейін дайын екенін айтқан қарияның аңырап жылағаны естен шықсын ба?» депті композитор естеліктерінің бірінде.
Алтынбек Қоразбаевтың жүрегін жарып шыққан толғау қай уақытта да өзектілігін жоймайтындай көрінеді. Өйткені қобыз сарынды қазақ трагедиясын жетер жеріне жеткізген шығарманы талғампаз жұрт ешқашан жадынан өшірмейтіні анық.
«Несіне өлемін деп өкінемін,
Қайғыдан қарс айырылған көкірегім.
Көз жұмсам елге апарып қоярсыңдар,
Соңғы рет сенен соны өтінемін.
Өзің деп өтіп еді-ау бар қызығым,
Барады-ау оттай жанып тән қызуым.
Мүмкін бұл менің соңғы демім шығар,
Аман бол, қайда жүрсең, жалғыз ұлым», деп түйінделген толғаудан әке жанының жанайқайы мен бүкіл қасіреті құлаққа жеткендей күй кешетінің даусыз.
Адам баласы тіршілікте өз таңдауымен қадам басып, есті әңгімеге құлақ асуға құлықсыз боп жатады. Алтынбектің «Қара шалында» қазақ трагедиясының бір көрінісі кісі жүрегін елжірететіндей қалыпта жеткізілген. Мәні мен мазмұны терең шығармада түсінгенге терең мораль жатыр. Қара сөзге құлақ аспайтындар толғауды тыңдай түссе дейсің...
Жамбыл облысы
Соңғы жаңалықтар
Руханият • Бүгін, 08:10
Дүкен Мәсімханұлы: Шығыстану ғылымының стратегиялық маңызы зор
Сұхбат • Бүгін, 08:07
Ғылым • Бүгін, 08:05
Ғылым • Бүгін, 08:02
Абай облысының әлеуеті: Олжас Бектенов Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді
Саясат • Бүгін, 08:00
Материалдық емес мәдени мұраны сақтаудың жаңа тәсілдері
Саясат • Бүгін, 07:58
Саясат • Бүгін, 07:55
Күрделі миссия – лайықты марапат
Марапат • Бүгін, 07:53
Жасыл энергетика саласындағы ықпалдастық артады
Сенат • Бүгін, 07:50
Гүлмарал Еркебаева күрестен Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды
Спорт • Кеше
Астанада қоғамдық веложалдау жүйесі жаңғыртылады
Елорда • Кеше
Алматыда материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен ілгерілетудің жаңа тәсілдері талқыланды
Қоғам • Кеше
Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды эвакуациялаған азаматтар марапатталды
Марапат • Кеше
Ертең қай өңірлерде ауа райына байланысты ескерту жасалды?
Ауа райы • Кеше
2026 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау қашан басталады?
Білім • Кеше