Қарағанды Астана тасжолында полицейлер боран кезінде 3,5 мыңнан аса көлікті алып жүрді

12.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Көріну деңгейі мүлдем төмен болғанына қарамастан полицейлер жүргізушілерге тәулік бойы көмектесіп, автокөліктер колоннасын сүйемелдеп, қауіпсіз жерге алып жүрді.

Қарағанды облысында екі тәулік бойы соққан қатты боран республикалық маңызы бар автожолдардағы жағдайды едәуір күрделендірді. Қалың қар, екпінді жел және көріну деңгейі тым төмендеп кетуі салдарынан трассаларда қозғалу аса қауіпті болды.

Осындай жағдайда Қарағанды облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күшейтілген қызмет режиміне көшіп, тәулік бойы жолдарда жұмыс атқарып жатыр. Олар жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсетіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Ең күрделі жағдай Қарағанды — Астана автожолында қалыптасты. Қолайсыз ауа райы кезінде ондаған көлік жолда қалып қойды. Полицейлер жедел түрде оқиға орнына келіп, ақтүтек бораннан жол көрінбей қалғандықтан жүргізушілерге бағыт-бағдар берді, көліктерді қауіпті учаскелерден шығарып, адамдарды қауіпсіз жерлерге жеткізді.

Құтқарушылармен бірлесіп, полиция қызметкерлері көліктерді қар құрсауынан шығарып, техникалық ақауларды жоюға көмектесті және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
11 наурыз күні боран сәл басылып, көріну жақсарғаннан кейін патрульдік полиция батальоны көліктерді колоннамен сүйемелдеуді ұйымдастырды. Бұл ең күрделі жол учаскелерінен көліктерді қауіпсіз өткізуге мүмкіндік берді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Қарағанды полициясы (@policeofkaraganda)

Полиция мәліметінше, Қарағандыдан Астана бағытына қарай шамамен 600 автокөлік, ал Астанадан Қарағандыға қарай 3000-нан астам көлік сүйемелдеп жеткізілді. Операцияны Қарағанды облысы патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов үйлестірді. Қауіпсіздік мақсатында колонналардың қозғалыс жылдамдығы сағатына шамамен 30 шақырым деңгейінде сақталды. Полицейлердің айтуынша, мұндай режим боран мен шектеулі көріну жағдайында жол-көлік оқиғаларының алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі саналады.
Ауа райы біршама жақсарғанына қарамастан, полиция қызметкерлері жолдарда кезекшілік атқаруды жалғастырып, жағдайды бақылауда ұстап, жол қозғалысына қатысушыларға көмек көрсетіп жатыр.

Қазір қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты Қарағанды — Астана автожолы жабық күйінде қалып отыр. Полицейлер жүргізушілерді қауіпсіздік талаптарын сақтауға және ауа райы тұрақталғанға дейін мүмкіндігінше жолға шықпауға шақырады.

Бұған дейін Қазақстанның жеті облысында қолайсыз ауа райына байланысты трассаларда қозғалысқа шектеу енгізілгені хабарланған болатын.

Еске салсақ, «Қазгидромет» РМК 2026 жылғы 12 наурызда Қазақстанның барлық 17 облысында ескерту жариялады.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью