Қарағанды маңынан өнеркәсіптік ауқымдағы есірткі зертханасы табылды: video

01.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Қарағанды облысында анықталған есірткі зертханасында екі тоннаға жуық мефедрон өндірілген болуы мүмкін. Полиция мәліметінше, бұл көлем шамамен екі миллион бір реттік дозаны құрайды, ал оның заңсыз нарықтағы алдын ала құны 40 миллиард теңгеге жетеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Зертхананы Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өңірлік ҰҚКД және прокуратурамен бірлесіп анықтады. Жедел өңдеу шаралары трансұлттық қылмыстық топқа қатысты жүргізілді.
Тергеу мәліметтері бойынша, топ мүшелері Қазақстан мен көршілес мемлекеттерде кейіннен өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде есірткі құралдары мен психотроптық заттар өндірісін ұйымдастырған.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

NEWS Karaganda-Ulytau (@newskor.krg) жариялаған материал

Операция барысында 48 және 28 жастағы екі ер адам ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, олардың бірі топ жұмысын ұйымдастыруға жауапты болған, жаңа қатысушыларды іздестірумен және олардың іс-әрекетін үйлестірумен айналысқан. Екіншісі, тергеу болжамынша, зертхана жұмысын тікелей ұйымдастырып, жаңа мүшелерге есірткі жасау технологиясын үйреткен.

Тінту кезінде құқық қорғаушылар көлемі 50 тонналық өнеркәсіптік цистернаны тапты. Оның ішінде 16 тоннаға жуық өңделген өнім мен түрлі сұйықтықтар болған.

Сонымен қатар, өткір химиялық иісі бар заттың қалдықтары бар әрқайсысы бір тонналық екі сыйымдылық, белгісіз сұйықтығы бар 20 литрлік үш канистра және ұнтақ тәрізді заттың қалдықтары бар 10 полимерлік қап тәркіленді. Мамандар зерттеу үшін цистернадан 10 литр сұйықтық алды. Сараптама нәтижесінде мефедрон бары анықталды. Зерттелген үлгідегі есірткі затының салмағы 1 келі 723 грамды құрады.

Мамандар ішіндегі заттың көлемі мен зерттеу нәтижелерін ескере отырып, дайын мефедронның ықтимал шығымы екі тоннаға дейін жетуі мүмкін деген қорытындыға келді. Полиция мәліметінше, бұл көлем шамамен екі миллион бір реттік дозаға тең. Олардың заңсыз нарықтағы алдын ала құны 40 миллиард теңгені құраған.

"Есірткінің ірі партиясы заңсыз айналымға түскенге дейін өндірістің жолы кесілді. Ұсталған екі адамға да күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта тергеу шикізаттың келу көздерін, күдіктілердің ықтимал байланыстарын және трансұлттық топтың басқа да қатысушыларын анықтап жатыр. Ұсталғандардың іс-әрекетіне түпкілікті құқықтық баға сотқа дейінгі тергеу қорытындысы бойынша беріледі", - деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью