Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Өңір әкімдігінің мәліметінше, бұл санатты жұмысқа орналастыру үшін барлық тетіктер қолданылуда: бос жұмыс орындарына жолдама беру, арнайы жұмыс орындарын құру, сондай-ақ кәсіп бастауға арналған гранттар қарастырылған. Биыл мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орындарының квотасы 291-ге дейін ұлғайтылды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет екенін атап өтті.
– Бұл мәселемен белсенді түрде айналысып, тәсілдерді қайта қарау қажет. Бізде жаңа кәсіпорындар ашылып жатыр, сол жерлерде де мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын құруға болады. Нақты ұсыныстармен жұмыс істеңіздер. Әлеуметтік қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Квотаны ұлғайтып, ақпараттық жұмысты күшейту қажет, – деді өңір басшысы.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегіне сәйкес, облыста 54 690 мүгедектігі бар адам тіркелген, олардың жартысы еңбекке жарамды.
– Жыл басынан бері квота шеңберінде 153 адам жұмысқа орналасты. Бұл үдерісті толық бақылайтын автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді. Электрондық еңбек биржасында квота белгіленген жұмыс берушілердің тізімі жарияланған. Мансаптық орталықтар жұмыс іздеушілерге белсенді түрде қолдау көрсетуде, – деді басқарма басшысы Ғалымжан Спабеков.
Сондай-ақ өңірде JOB COACH жаңа жобасы іске қосылған. Жоба аясында мамандар мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыс орнына толық бейімделгенге дейін сүйемелдейді.
– Қарағанды қаласында мүгедектігі бар азаматтарға кеңес беру және жұмысқа орналастыру орталығын ашу жоспарланып отыр, – деп атап өтілген.