24.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Қарағандылық инженерлер жасанды интеллект көмегімен өндіріске қажетті бөлшектерді жедел дайындайтын бағдарламалық көмекші ойлап тапты.
Бұл өндірісті үздіксіз жүргізуге және шетелден тапсырыс беру шығынын жоюға мүмкіндік береді. Облыста түрлі салада осындай заманауи технология жетістіктері қолданысқа енгізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру және жасанды интеллект жылын жариялауына байланысты өңірде биыл да тың жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Кез келген бөлшекті 3D-басып шығару үшін жасанды интеллект көмекшісі бірнеше қызметті бір өзі атқарады. Яғни материалдар мен жабдықтарды таңдайды, дайын өнімді жинауға көмектеседі. Осылайша өнеркәсіптік желілерге, немесе тұрмыстық техникаға қажетті қосалқы бөлшектерді жылдам дайындауға болады. Бұл шешім инженерлердің жұмысын жеңілдетіп, өндірісті үздіксіз жүргізуге, шетелден бөлшектерді әкелу шығынын жоюға мүмкіндік туғызады.
Данил Ращупкин, жоба авторы:
- Біз жобамызды өнеркәсіптік жабдықтарға арналған қосалқы бөлшектер дайындауға бағыттап отырмыз. Себебі Қарағанды индустриалды өңір. Сұраныс көп. Бөлшекті шетелден бірнеше ай күтпей, оны тез арада өзіміз жасап, өндірістік желіні қайта іске қосамыз. Бұл кәсіпорындардың шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Өңірде цифрландыру қарқынды дамып келеді. Мысалы, азық-түлік пен жанармай бағасын ұялы телефоннан көруге болады. Ал жүргізушілер арнайы қосымша арқылы тұрақтағы бос орынды жылдам табады. Мұның барлығы уақытты үнемдеп, қала ішіндегі кептелісті азайтады. Биыл республикалық маңыздағы және туристік аймақтарға апаратын жолдарда байланыс сапасын жақсартуға күш салынады.
Константин Ильницкий, ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы:
- Бұл Қарағанды-Балқаш және Қарағанды-Қарқаралы жолдары. Жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдардың міндеті байланыс нашар жол учаскелеріне мұнаралар орнату, электр желісін тарту. Ал байланыс операторлары сол жерлерге базалық станциялар қойып, интернетпен қамтамасыз етеді.
Тағы бір жоба Jol Scan деп аталады. Бұл жүйе жолдардың сапасы сын көтермейтін учаскелерін анықтайды. Пилоттық кезеңде 200 шақырым жол сканерленіп, 500-ден аса ақау тіркелген. Бұл деректерді жинау үшін 80 жедел жәрдем көлігі бейнекамерамен жабдықталды. Алдағы уақытта қоғамдық маршруттарға да орнатып, тек жолдардың жағдайын ғана емес, жалпы қаланы бақылау жоспарланып отыр.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит